Орал – Атырау тас жолындағы жол-көлік оқиғасы: зардап шеккендерге қауіп жоқ (+ ВИДЕО)

240 Жаңалықтар

Atr.kz/28-ақпан, 2019 жыл. Орал – Атырау тас жолында болған жол-көлік апатынан зардап шеккендерге айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ.

Дәрігерлердің айтуынша, түрлі жарақат алған 17 адамның барлығы да облыстағы медициналық мекемелерге жеткізіліп, олардың алды ауруханадан шығарыла бастады.

Еске сала кетейік, үш адамның өмірін қиып, бірнеше адамды ауруханаға түсірген жол-көлік оқиғасы кеше түстен кейін орын алған еді. Оралдан Атырауға келе жатқан жолаушылар автобусы Вольво маркалы ауыр жүк көлігімен соқтығысып, қоғамдық көліктегі 2 әйел мен 1 ер адам сол жерде көз жұмған.

Автобуста болған 43 адамның 15-і бала. Олар Атырауға жарысқа келе жатқан болып шықты. Қазіргі таңда жасөспірімдердің ата-аналарымен психолог мамандар жұмыс жасап, олардың Атырауға жетулеріне жағдай жасалуда көрінеді.

Бейресми мәліметке қарағанда, жас спортшылардың жарысқа баратындықтары туралы тиісті орындардың тарапынан арнайы бұйрық болмаған, жаттықтырушы оларды ата-аналардың өтініштері бойынша қатыстырмақшы болыпты. Оқиғаға қай көлік жүргізушісінің кінәлі екендігі әзірге белгісіз. Қазір осы жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып кетті.

Дереккөз: «Caspian News»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз