Оқушылар да бөгет соғып жүр
1575 тұрғыны бар Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану ауылына біз түске таман келгенде тасқын судан қорғау үшін соғылған екі бөгетті қатты ағыс бұзып кетіп, ауыл тұрғындары тайлы-таяғы қалмастан үшінші бөгетті биіктетіп жатыр екен. Ауылдың халқы, тіпті әйелдер мен мектептің жоғары сынып оқушылары да бірі қалмастан үш тәуліктен бері еш демалыссыз, бел жазбастан тасқыннан қорғануға үлес қосуда.
Өкініштісі, ауыл іргесінде жаңадан салынған мешіт, салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, тұрғындарға үй салу үшін инженерлік желі тартылып, арнайы дайындалған үлкен учаске мен ауылды табиғи газбен қамтамасыз ететін арнайы торапты толықтай су алып кетіпті. Ауылдың шетіндегі төрт үйді де су басқан. Қазір ауылда «көгілдір отын» мен электр жарығы жоқ. Соңғы үш күнде Қоныстану ауылынан 275 адам қауіпсіз аймаққа көшірілгенін білдік.
Ауылға тасқын су 2 сәуір күні 01.00 сағат шамасында келген. Содан бері Ойыл өзенінің негізгі арнасындағы судың деңгейі 80 сантиметрге көтерілген. Сол себепті жаңадан салынған бөгеттерді қайта көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Оған 1 трактор, 1 жүк тиегіш және 1 бульдозер, оған қоса жергілікті шаруа қожалықтарынан 10 трактор жұмылдырылған.
Ауылды тасқын суынан қорғап қалу үшін Индер ауданы мен көршілес Тасшағыл ауылынан келген техника мен қосымша күш көп көмегін жасапты. Ауылдық округ әкімі Ернар Ізімовтің айтуынша, Миялы-Қарабау жолын тесіп, тасқын суды Бүйрек құмына қарай өткізіп жіберуге тура келген.
Облыстық тасқыннан қорғану жөніндегі штабтың көмегімен 50-ге жуық адам, 3 арнаулы техника күні-түні тасқыннан қорғану жұмыстарын мігірсіз атқаруда. Бөгет салу үшін қажетті қапшық, күрек, басқа да құралдар жеткілікті. Қазір ауылды айналдыра соғылған үшінші бөгет аман сақтап тұр.
Ал, осы округке қарасты жиырма шақты үй тұратын Қосқұлақ ауылының маңындағы қыстақтарды тасқын су басып кеткен. Абырой болғанда, қыстақтардағы 200 бастай қой-ешкі мен сиыр малын көмекке келген Индер аудандық балық инспекциясының мамандары қауіпсіз аумаққа алып шықты.
Округ аумағында қауіпті учаскелерді бекіту жұмыстары күшейтіліп, тәулік бойы ауылдың 400-ге жуық тұрғынан кезекшіліктер ұйымдастырылған.
Кешке таман ауылға қосымша ауыр техника мен қол күші көмекке жетті.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
Қоныстану ауылы
Қызылқоға ауданы