БілімЖаңалықтарСарапTime

Оқу жылына әзірлік: Мұғалімдер қашықтан оқытуға даярлануда

Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Жаңа 2020-2021 оқу жылында оқушылар дәстүрлі формат­та оқи ма, әлде қашықтан ба? Осынау сауал ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді, бүкіл қоғамды мазалағаны анық. Оған жақында Білім және ғылым министрлігі тарапы­нан жауап берілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен брифингте елдің Бас педагогы Асхат Аймағамбетов айтты. «Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Осы тап­сырмалар аясында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Үкімет отырысында осы мәселе бөлек қаралып, тиісті шешім қабылданды» деді Білім және ғылым министрі. Оның айтуын­ша, басты мәселе – балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы.

Штаттық режимде кімдер оқиды?

Аталған мәселеге орай Аты­рау облыстық білім басқармасы ә д і с т е м е л і к о р т а л ы ғ ы директорының уақытша міндетін атқарушы Орынтай Бимановамен хабарласқан болатынбыз. «Биылғы жылы 1-11 сыныптардың барлығы да қашықтан оқытылады. Бір өзгешелігі, шағын жинақты мектептер штаттық режимде оқи алады. Біздің облыста 26 шағын жинақты мектеп бар. Олар – бала саны аз мектептер. Мәселен, Исатай ауданындағы Жасқайратта бес оқушы оқыса, Индер ауданындағы Аққала мектебінде170 оқушы оқиды. Атап айтқанда бес оқушыдан 170 оқушыға дейін бала саны қамтылған мектептер дәстүрлі оқи алады. Одан басқалары қашықтан оқиды. Бастауыш сы­нып оқушыларына мүмкіндік бар. Жаңа әріп танып, сауа­тын ашатын бастауыш сынып оқушыларының ата-анасы өзі мектеп директорының атына өтініш беруі керек: «Баламды қашықтан емес, штаттық ре­жимде оқытуды сұраймын» деп. Онда мектептерде кезекші сы­ныптар ашылады. Онда да бала саны 10-15-тен артпауы тиіс. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады. Баланың тем­пературасы күнделікті өлшеніп барып, сыныпқа жіберіледі. Бұл туралы Қазақстанның Білім және ғылым министрі айтты» деді Орынтай Молдашқызы «Атырау» газетіне берген сұхбатында.

Кезекші сыныптар хақында

Елдің бас ұстазы жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында дәстүрлі форматта мектепке баратын «кезекші сыныптар» қандай тәртіпте оқитынын түсіндіріп берді. Жаңа оқу жылында оқыту үрдісі қалай жүргізілетіні туралы таяу­да ғана шешім қабылдаған министрлік жоғарыда айтып өткендей, қашықтан оқыту фор­матын таңдады. Алайда, бұл шешімнің кейбір ньюанстары да жоқ емес. Атап айтқанда, алыс ауылдардағы шағын жинақты мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. Алайда, ол ауылдардың өзінде балалар мен педагогтардың өмірі мен денсаулығына мұқият қаралуы тиіс, ешқандай қауіп болмағаны қадағаланып отырады.

Білім және ғылым министрі, екіншіден, бастауыш сыныптар үшін дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі берілетінін жеткізді. «Қашықтан оқыту форматын­да ерекше қажеттілігі бар, аз қамтылған отбасылардың бала­ларына оңай тие қоймайтыны анық.

Үшінші мәселе айналып келіп бастауыш сыныптардың оқыту жұмысына тіреледі. Сол себепті «кезекші сынып­тар» деген енгізілді. Ол не? Бастауыш сыныпта (1-4 сынып) оқитын баласы бар ата-ана ба­ласын дәстүрлі түрде мектепте оқытуға өтініш бере алады. Онда оқушыларға ондай мүмкіндікті беруге дайынбыз» деді ол. Асхат Аймағамбетов мектепте дәстүрлі оқу барысында нақты шектеу шаралары қандай болатынын да айтып өтті. «Біріншіден, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіпті үлкен қалаларда 40 балаға дейін отырады. Осыған байланысты ата-аналарының өтінішімен І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын сыныптағы кабинетте 10-15 баладан артық отырмауы керек. Яғни, бір сыныптың өзі топтарға бөлінеді. Екіншіден, осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады.

Үшіншіден, дене қызуы тұрақты түрде өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынады. Ата- аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұғалім – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Әдетте, ағылшын пәнін оқытарда басқа мұғалім келеді. Алайда, бұл жерде ондай болмайды. Баста­уыш сыныптың мұғалімі ғана сабақ өткізеді. Дәстүрлі формат­та оқытуға болады деген күннің өзінде сабақтың жартысын біз қашықтан оқыту форматына ауыстырамыз. Ағылшын тілі мәселен қашықтан оқытылады» деді елдің бас мұғалімі. Білім және ғылым министрі І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын ба­лалар үшін мектептегі асхана жұмыс істемейтінін де жеткізді.

Педагогтарды цифрлық сауаттандыру

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, бүкіл қоғамда жыр болған қашықтан оқыту форматына көшу басталып та кетті. Атырау облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Молдашқызының айтуы бойынша, мұғалімдер алдағы оқу жылына дайын­далу үстінде. «Облыстағы он мыңның үстіндегі мұғалімдер 27 шілде мен 1 тамыз аралығында «Staipek» деп аталатын сайт арқылы өздерінің цифрлық сауаттылықтарын арттыра­тын болады» дейді Орынтай Биманова. Қашықтан оқыту процесі өткен оқу жылының төртінші тоқсанында жүзеге асты. Мұғалімдер ол кезде де түгел дайындықтан өткен болатын.

Жоғарыда аталған сайт арқылы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің педа- гогикалық шеберлік орта- лығының ұйымдастыруымен цифрлық сауаттандыру жөнінде бес модулдан тұратын жоба бойынша біліктілікті арттыру курстары жүзеге асатын болады. Мұғалімдер қашықтан оқыту формаларын меңгере отырып, қандай мүмкіндіктер бар, қалай оқытсақ, жақсы нәтижеге же­туге болады деген сауалдарға жауап іздейді. Осы жерде бүкіл қолда бар ресурстарды пайдала­нып, тәжірибе алмасу арқылы қашықтан білім беру жолда­рын қарастырады. Сайт син­хронды түрде, яғни, мұғалім қай кезде қолы тисе, сол кезде сайтты ашып, білімі мен білігін көтереді екен. Бірақ, облысқа берілген 27 шілде мен 1 тамыз аралығы екенін ұмытпай, тиімді пайдаланған жөн.

«Мұғалімдердің тәжірибесін тарату жөнінде айтатын болсақ, әлеуметтік желіде жариялап оты­рамыз. YouTube каналындағы әдістемелік орталықтың сайтын пайдаланамыз. Осы мәселені шешу үшін мұғалімдер ара­сында қашықтық режимінде конкурстар өткізіп, осы байқау нәтижесінде жоғары баға алған мұғалімдердің тәжірибелерін тұрақты түрде берудеміз» дейді Орынтай Биманова мұғалімдердің білімі мен білігін арттырудың тиімді жолдарын қарастыруда екенін айта оты­рып.

Бар жақсылық – балаларға!

Қазір елдегі ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз ай­ларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да та­ралады. Бүгінгі күнгі елдегі жағдайға қарағанда қарапайым тұмаудың өзі балалардың өсіп келе жатқан ағзасы үшін қауіпті болмақ. Осының бәрі ескеріле отырып, 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мек­тептер қашықтан оқу форма­тына көшетіні жөнінде шешім қабылданды. Әрине, бұл өте күрделі шешім.

Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. «Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшы­лармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі – балалардың, ата- аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осын­дай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сы­нып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жа­сап беруіміз керек» деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда А т ы р а у облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Молдашқызы бойындағы бар білімін шәкірттеріне арнап жүрген бірнеше ұстазды атап өткен болатын. «Қызылқоға ау­даны, Ғабдол Сланов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Төреш Қозыбақов, Атырау қаласындағы №14 мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Гүлнәр Ерғалиева, №34 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаннат Ізтілеуова, Мақат ауданындағы №2 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Руслан Баймұқашев сынды мұғалімдер өздерінің пәнін өте жақсы меңгере отырып, оқушыларға сапалы білім беруде» дейді ол терең толғаныспен.

P.S.

Ешкімді аяуды білмейтін, көзге көрінбейтін тажалмен күреске еліміздегі мұғалімдер армиясы да өз үлестерін қосуда. Тосын жағдайда, тыңнан түрен салып қашықтан оқыту форма­тына көшкен кезде абдырамастан өздерінің қажыр-қайратын, күш-жігерін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Жас өркеннің болашағы үшін алынған шешім мен оның жүзеге асуының нәтижелі болуы тек педагогтарға ғана байланысты емес. Ата-ана, оқушылар және бүкіл қоғам болып жас ұрпақтың білімді де білікті, саналы болып қалыптасуына ықпал етуі керек-ақ.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

https://atr.kz/bez-rubriki/pandemi%d1%8f-zhagdajynda-qus-sharuashylygyn-qalaj-zhurgizuge-bolady/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button