Оқу жылына әзірлік: Мұғалімдер қашықтан оқытуға даярлануда
Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Жаңа 2020-2021 оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта оқи ма, әлде қашықтан ба? Осынау сауал ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді, бүкіл қоғамды мазалағаны анық. Оған жақында Білім және ғылым министрлігі тарапынан жауап берілді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен брифингте елдің Бас педагогы Асхат Аймағамбетов айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Осы тапсырмалар аясында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Үкімет отырысында осы мәселе бөлек қаралып, тиісті шешім қабылданды» деді Білім және ғылым министрі. Оның айтуынша, басты мәселе – балалар мен педагогтардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы.
Штаттық режимде кімдер оқиды?
Аталған мәселеге орай Атырау облыстық білім басқармасы ә д і с т е м е л і к о р т а л ы ғ ы директорының уақытша міндетін атқарушы Орынтай Бимановамен хабарласқан болатынбыз. «Биылғы жылы 1-11 сыныптардың барлығы да қашықтан оқытылады. Бір өзгешелігі, шағын жинақты мектептер штаттық режимде оқи алады. Біздің облыста 26 шағын жинақты мектеп бар. Олар – бала саны аз мектептер. Мәселен, Исатай ауданындағы Жасқайратта бес оқушы оқыса, Индер ауданындағы Аққала мектебінде170 оқушы оқиды. Атап айтқанда бес оқушыдан 170 оқушыға дейін бала саны қамтылған мектептер дәстүрлі оқи алады. Одан басқалары қашықтан оқиды. Бастауыш сынып оқушыларына мүмкіндік бар. Жаңа әріп танып, сауатын ашатын бастауыш сынып оқушыларының ата-анасы өзі мектеп директорының атына өтініш беруі керек: «Баламды қашықтан емес, штаттық режимде оқытуды сұраймын» деп. Онда мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Онда да бала саны 10-15-тен артпауы тиіс. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады. Баланың температурасы күнделікті өлшеніп барып, сыныпқа жіберіледі. Бұл туралы Қазақстанның Білім және ғылым министрі айтты» деді Орынтай Молдашқызы «Атырау» газетіне берген сұхбатында.
Кезекші сыныптар хақында
Елдің бас ұстазы жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында дәстүрлі форматта мектепке баратын «кезекші сыныптар» қандай тәртіпте оқитынын түсіндіріп берді. Жаңа оқу жылында оқыту үрдісі қалай жүргізілетіні туралы таяуда ғана шешім қабылдаған министрлік жоғарыда айтып өткендей, қашықтан оқыту форматын таңдады. Алайда, бұл шешімнің кейбір ньюанстары да жоқ емес. Атап айтқанда, алыс ауылдардағы шағын жинақты мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. Алайда, ол ауылдардың өзінде балалар мен педагогтардың өмірі мен денсаулығына мұқият қаралуы тиіс, ешқандай қауіп болмағаны қадағаланып отырады.
Білім және ғылым министрі, екіншіден, бастауыш сыныптар үшін дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі берілетінін жеткізді. «Қашықтан оқыту форматында ерекше қажеттілігі бар, аз қамтылған отбасылардың балаларына оңай тие қоймайтыны анық.
Үшінші мәселе айналып келіп бастауыш сыныптардың оқыту жұмысына тіреледі. Сол себепті «кезекші сыныптар» деген енгізілді. Ол не? Бастауыш сыныпта (1-4 сынып) оқитын баласы бар ата-ана баласын дәстүрлі түрде мектепте оқытуға өтініш бере алады. Онда оқушыларға ондай мүмкіндікті беруге дайынбыз» деді ол. Асхат Аймағамбетов мектепте дәстүрлі оқу барысында нақты шектеу шаралары қандай болатынын да айтып өтті. «Біріншіден, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіпті үлкен қалаларда 40 балаға дейін отырады. Осыған байланысты ата-аналарының өтінішімен І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын сыныптағы кабинетте 10-15 баладан артық отырмауы керек. Яғни, бір сыныптың өзі топтарға бөлінеді. Екіншіден, осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады.
Үшіншіден, дене қызуы тұрақты түрде өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынады. Ата- аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұғалім – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Әдетте, ағылшын пәнін оқытарда басқа мұғалім келеді. Алайда, бұл жерде ондай болмайды. Бастауыш сыныптың мұғалімі ғана сабақ өткізеді. Дәстүрлі форматта оқытуға болады деген күннің өзінде сабақтың жартысын біз қашықтан оқыту форматына ауыстырамыз. Ағылшын тілі мәселен қашықтан оқытылады» деді елдің бас мұғалімі. Білім және ғылым министрі І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын балалар үшін мектептегі асхана жұмыс істемейтінін де жеткізді.
Педагогтарды цифрлық сауаттандыру
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, бүкіл қоғамда жыр болған қашықтан оқыту форматына көшу басталып та кетті. Атырау облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Молдашқызының айтуы бойынша, мұғалімдер алдағы оқу жылына дайындалу үстінде. «Облыстағы он мыңның үстіндегі мұғалімдер 27 шілде мен 1 тамыз аралығында «Staipek» деп аталатын сайт арқылы өздерінің цифрлық сауаттылықтарын арттыратын болады» дейді Орынтай Биманова. Қашықтан оқыту процесі өткен оқу жылының төртінші тоқсанында жүзеге асты. Мұғалімдер ол кезде де түгел дайындықтан өткен болатын.
Жоғарыда аталған сайт арқылы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің педа- гогикалық шеберлік орта- лығының ұйымдастыруымен цифрлық сауаттандыру жөнінде бес модулдан тұратын жоба бойынша біліктілікті арттыру курстары жүзеге асатын болады. Мұғалімдер қашықтан оқыту формаларын меңгере отырып, қандай мүмкіндіктер бар, қалай оқытсақ, жақсы нәтижеге жетуге болады деген сауалдарға жауап іздейді. Осы жерде бүкіл қолда бар ресурстарды пайдаланып, тәжірибе алмасу арқылы қашықтан білім беру жолдарын қарастырады. Сайт синхронды түрде, яғни, мұғалім қай кезде қолы тисе, сол кезде сайтты ашып, білімі мен білігін көтереді екен. Бірақ, облысқа берілген 27 шілде мен 1 тамыз аралығы екенін ұмытпай, тиімді пайдаланған жөн.
«Мұғалімдердің тәжірибесін тарату жөнінде айтатын болсақ, әлеуметтік желіде жариялап отырамыз. YouTube каналындағы әдістемелік орталықтың сайтын пайдаланамыз. Осы мәселені шешу үшін мұғалімдер арасында қашықтық режимінде конкурстар өткізіп, осы байқау нәтижесінде жоғары баға алған мұғалімдердің тәжірибелерін тұрақты түрде берудеміз» дейді Орынтай Биманова мұғалімдердің білімі мен білігін арттырудың тиімді жолдарын қарастыруда екенін айта отырып.
Бар жақсылық – балаларға!
Қазір елдегі ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Бүгінгі күнгі елдегі жағдайға қарағанда қарапайым тұмаудың өзі балалардың өсіп келе жатқан ағзасы үшін қауіпті болмақ. Осының бәрі ескеріле отырып, 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшетіні жөнінде шешім қабылданды. Әрине, бұл өте күрделі шешім.
Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. «Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы – бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі – балалардың, ата- аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек» деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Осы орайда А т ы р а у облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының директорының міндетін уақытша атқарушы Орынтай Молдашқызы бойындағы бар білімін шәкірттеріне арнап жүрген бірнеше ұстазды атап өткен болатын. «Қызылқоға ауданы, Ғабдол Сланов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Төреш Қозыбақов, Атырау қаласындағы №14 мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Гүлнәр Ерғалиева, №34 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жаннат Ізтілеуова, Мақат ауданындағы №2 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Руслан Баймұқашев сынды мұғалімдер өздерінің пәнін өте жақсы меңгере отырып, оқушыларға сапалы білім беруде» дейді ол терең толғаныспен.
P.S.
Ешкімді аяуды білмейтін, көзге көрінбейтін тажалмен күреске еліміздегі мұғалімдер армиясы да өз үлестерін қосуда. Тосын жағдайда, тыңнан түрен салып қашықтан оқыту форматына көшкен кезде абдырамастан өздерінің қажыр-қайратын, күш-жігерін бала тәрбиесіне арнаған ұстаздар жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Жас өркеннің болашағы үшін алынған шешім мен оның жүзеге асуының нәтижелі болуы тек педагогтарға ғана байланысты емес. Ата-ана, оқушылар және бүкіл қоғам болып жас ұрпақтың білімді де білікті, саналы болып қалыптасуына ықпал етуі керек-ақ.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА