Оңтүстік Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді
Atr.kz/ 8 сәуір, 2019 жыл. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин Орталық Азияға сапары аясында 21-23 сәуір күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді», — деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, Корея Президенті сапар аясында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізеді. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық, сауда-саттық, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер және корей түбегіндегі ахуал қозғалады.
«Мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр. Оның ішінде Сотталған адамдарды беру туралы шарт пен жаңа технологиялар, инфрақұрылым, логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету бойынша жол картасы «Самал жел» жаңартылған ынтымақтастық бағдарламасы кіреді», — деді ол.
Сонымен қатар, А. Смадияров Корея басшысының сапарына ұштастырылатын екі елдің іскер топтарының 300-ге жуық өкілдерінің қатысуымен Қазақстан — Оңтүстік Корея инвестициялық форумы ұйымдастырылатынын айтты. Оның барысында өнеркәсіп, цифрландыру, инфрақұрылым және медицина салаларындағы Қазақстан — Корея бірлескен инвестициялық жобалар мен бастамалар көрмесін өткізу жоспарланып отыр.
Мұнан бөлек, корей басшысы Алматы қаласына баруды жоспарлап отыр. Онда Оңтүстік Кореяның басшысы Қазақстандағы корей диаспорасының өкілдерімен кездесіп, олардың еліміздегі өмірімен танысады. «Нұр-Сұлтан мен Сеул стратегиялық әріптестер және тығыз экономикалық байланыстарға ие болғандығын атап өткен жөн. Бұл тұрғыда Оңтүстік Корея басшысының Қазақстанға сапары стратегиялық диалогты одан әрі дамытуға тараптардың өзара ниетін растау болып табылады», — деді ресми өкіл.
Дереккөз: «Қаз Ақпарат»