Жарнама
БілімЖаңалықтарСарапTimeФОТОГАЛЕРЕЯ

ОНЛАЙН білім беру: Атырауда ЖАҢА ЖҮЙЕ қалай жүзеге аспақ?

Atr.kz/24 тамыз, 2020 жыл. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайларға байланысты жаңа 2020-2021 оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады. Ата-аналардың қалауы бойынша мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады. Бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды. Ал, жоғары сыныптағылар өткен оқу жылының соңғы тоқсанындағыдай қашықтан оқиды. Осы орайда, атыраулық ұстаздар ұжымы, оқушылар мен олардың ата-аналары дайын ба? Ендеше, зерделеп көрелік…

Педагогикалық кеңес барысында мұғалімдерге оқыту ережелері мен кезекші сыныптарда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Оқушылар мен оқытушылардың температурасы күнде өлшенеді. Егер дене қызуы нормадан жоғары болса және ауру белгілері анықталса, педагогтар жұмысқа кіріспейді. Ал, оқушылар үйлеріне қайтарылады. Сонымен, нақты қандай жағдайда жаңа оқу жылын бастауға рұқсат етіледі?

Бұл сауалды біз еліміздің Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне жолдаған едік. Үш күннен соң келесі жауапты алдық.

  • «Егер ата-аналар немесе балалардың заңды өкілдері ниет білдіріп, өтініш жазса, ал мектеп санитарлық нормаларды қатаң сақтауға дайын болса, бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында оқи алады. Мектептерде жоғары сынып оқушыларының кабинеттері бос болғандықтан, бұл кабинеттерді де бастауыш сыныптарды оқытуды ұйымдастыру үшін пайдалануға болады. Ата-аналардың өтініштерін сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы онлайн-форматта қабылдайды. Мектеп формасына қатысты: жалпы формаға қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ уақытша өзгерістер енгізілді, соған байланысты биыл ата-аналар баланы мектеп формасында немесе басқа да ыңғайлы киіммен жіберу туралы шешімді өзі қабылдайды» делінген ресми хабарламада.
1585737246 onlajn obuchenie

Ал, мектеп компьютерлері балаларға уақытша пайдалануға беріледі екен. Сонымен қатар, білім басқармалары мен бөлімдері қосымша компьютер, ноутбук пен планшеттер сатып алып, қабылдау-тапсыру актілері негізінде оқушыларға тапсырады. Бұл ретте, Атырау облысы мен осындағы әрбір білім беру ұйымы қашықтан оқытуды ұйымдастыратын интернет-платформаны өзі таңдайды. Мұғалімдер мен оқушылар платформа арқылы стриминг жүйесін қолданатын болады.

Айтпақшы, карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 2-11/12 сыныптардағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесіндегі уақытша өзгерістер де әлі талқыланып жатқанын қаперге береміз.

efb100b81eff2776 2

Қашықтан білім беруге дайынбыз ба?

Биыл аймақта 170 мектепте 1 446 кезекші сынып ашылады. Оған 21 мың 637 оқушы барады деп жоспарлануда.  Пандемия жағдайына орай сыныпішілік қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Мектептер залалсыздандыру құралжабдықтарымен толық қамтылмақшы. Бүгінде үнемделген қаражатқа тепловизорлар алынып жатыр. Сондай-ақ, шалғай 17 елді мекеннің бастауыш сынып оқушылары көлік тасымалымен қамтамасыз етіледі.

Аймақтағы тағы бір мәселе, бұл – кадр тапшылығы. Оны шешу үшін жаңа оқу жылында облыстағы білім беру мекемелеріне 101 жас маман келеді деп күтілуде. Оның 20-сы – бастауыш сынып мұғалімі. Сонымен қатар, аудандарда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 20 маман қызметін бастамақ.

Кезекші сыныпқа келетіндер үшін ерекшеліктердің бірі – мектеп формасы міндетті емес. Ең бастысы, киімі таза, классикалық стильде болуы, бетперде тағуы қажет. Ата-ана баланы мектепке əкелгенімен, өздері кірмейді. Ғимараттың кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді. Медициналық қызметкер бала мектепке кірер кезде оны күнделікті таңғы фильтрден өткізеді. Осыдан кейін ғана сыныпқа кіруіне рұқсат беріледі. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында оқушылардың барлығы қашықтан оқыды.

cd44c112 2514 48b2 940c 5763a8a6b7b3 1

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтың айтуынша, кезекші сынып бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде ғана жүзеге асады.

  • – Оқу бірнеше ауысыммен ұйымдастырылады, — дейді ол. – Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс əртүрлі уақытта болады. Кезекші сыныпта негізгі пəндер ғана оқытылады. Сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізіледі.
  • Атырау облысында 170 мектепте ашылатын 1446 кезекші сыныптар оқу жылына дайындалуда. Жаңа оқу жылында мектептермен бірге, колледждерде де сабақ қашықтықтан форматында өтеді. Кезекші сыныптар үшін ата-аналардан ​ 21 мыңның үстінде өтініш түсті. Қазіргі уақытта мектептер дезинфекциялау құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуде. ​ ​ Мектеп ішінде арнайы тәртіп сақталады. Үзіліс әр түрлі уақытта болады. Мектеп асханалары жұмыс істемейді. ​ Қазір облыс көлемінде 14 шағын жинақты мектеп бар. Жаңа оқу жылында осы мектептерде 880 оқушы штаттық режимде яғни, дәстүрлі форматта оқиды.
  • ​Егер ата-аналардың карантин кезінде екеуі де жұмыста болып, баласының мектепке баруын қажет деп санаса, бұл туралы мектеп басшылығына өтініш жазуы керек. Балалардың учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтамасы болған жағдайда ғана білім беру ұйымына қабылданады. Бұл ретте оқушылардың бұдан бұрын COVID-19 дертіне шалдыққандармен байланыста болмауына, тыныс алу ауруларымен сырқаттанбағандығына маңыз беріледі.
whatsapp image 2020 04 06 at 13.00.55 1

Бірінші сынып бүлдіршіндеріне оңай тимейді…

Сондай-ақ, біз Атырау қаласындағы №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаевамен де тілдесіп көргенбіз.

  • «Қашықтан оқыту, əсіресе мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бірінші сыныптың оқушылары үшін оңай болмайды. Олар мектепке барып, алдымен əріп тануы қажет. Осы себептен бірінші сыныптың оқушылары үшін кезекші сыныптарды көбірек ашқалы отырмыз. Кезекші сыныптар бала үшін де, атааналар үшін де тиімді болары сөзсіз. Жұмыс арасында кейбір жағдайда тиімсіз тұстары да кездесіп қалуы мүмкін. Өйткені, кезекші сыныпта сауат ашу, математика, дүниетану, жаратылыстану секілді негізгі пəндер оқытылады. Ал, қалған пəндерді оқушы үйден онлайн түрде пəн мұғалімдерінің жіберген видеосабақтары негізінде оқиды. Сондықтан, бұл ретте əрбір атаананың ұстаздармен барынша бірлесе жұмыс атқаруы да маңызды.
  • Біздің мектепте штаттық режимде бірінші сынып бойынша – алты, екінші, үшінші жəне төртінші сыныптар бойынша тоғыз кезекші сынып жұмыс жасайды деп күтілуде. Əрқайсысында 15 оқушыдан болады. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталып, бекітілген сабақ кестесімен жұмыс жүреді деп жоспарланды. Қазіргі уақытта кезекші сыныптар үшін ата-аналардан жəне ұстаздардан өтініштер қабылдануда. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұл штаттық режимдегі оқу педагогтарға оңай болмасы анық. Алайда, ұстаздар қауымы қашан да жауапкершілікті терең сезінетін, əр нəрсені байыпты қабылдай алатын мамандық иелері. Сондықтан, олардың көмегімен бұл қиындықты да жеңіп шығамыз деп сенемін.
  • Қазір мұғалімдер бұл жұмыстарға үлкен дайындық үстінде. Алдын-ала жасақталған он бес сыныпта 224 оқушы оқиды деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, жаңа оқу жылында 825 шəкірт білім алады. Соның ішінде 190 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады» деді ол бізбен әңгімесінде.

Алыс ауылдар қайтпек?

Осы орайда, «ғаламтор желісі жоқ алыстағы ауыл-аймақтар қайтпек?» деген заңды сауал туындары хақ. Ондағы шағын жинақты мектептерде күндізгі оқыту форматы енгізілуі мүмкін. Мұны уақыт көрсетеді деп сендіреді министрліктегі мамандар. Облыста жаңа оқу жылында барлығы 131 900 оқушы білім алады. Алдын ала жүргізілген есептер бойынша 16 693 оқушыға компьютер керек. Ал, үш мың оқушы интернет желілерімен қамтуды қажет етеді. Бүгінде облыстық əкімдік тарапынан бұл сұраныстың орындалуына баса назар аударылуда. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруда ең алдымен көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға маңыз берілетіні белгілі болып отыр. Сонымен бірге, облыста интернет жылдамдығы төмен 47 мектептің 31-іне жылдамдықты көтеру үшін нақты шаралар қарастырылуда.

Бұл ретте, біз шалғайдағы көпбалалы ата-аналардың да мұң-мұқтажын білдік.

  • «Мен Қызылқоға ауданы Миялы селосының тұрғынымын, – дейді Ақбаян Аденова. – Жеті баланың анасымын. Жұбайым жұмыссыз. Өзім жергілікті əкімшілікте қоғамдық жұмыста қызмет етемін. Үлкен балам студент. Мектепке баратын бес балам бар. Кішісі балабақша жасында. Былтырғы оқу жылында қашықтан оқу процесіне көшкен сəтте көп балалы, аз қамтылған отбасы ретінде балаларыма мектеп əкімшілігі бір ноутбук берді. Үйдегі бес балаға бір құрылғы жеткіліксіз болды. Сондықтан, биылғы оқу жылында осы мəселені мектеп басшылығы ескерсе екен деймін».

Ал, Исатай ауданы Зинеден селосындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің мұғалімі Нұргүл Мұхамбетқалиқызының айтуынша, ауылда интернет желісі мүлдем жүргізілмеген көшелер бар. Бірқатар отбасы жағдайы жетіп тұрса да, «Қазақтелеком» байланыс операторының желі жүйесі жүргізілмегенінің салдарынан бұл қызметті пайдалана алмай отыр. Сондықтан, облыстық əкімдік тарапынан жасалып жатқан жұмыстардан бөлек, Кселл, Beeline секілді ұялы байланыс компаниялары да демеушілік танытуға тиіс-ақ. Олар ғаламторға кіруге арналған арнайы құрылғы – модемдерді шынымен мұқтаж отбасыларға тегін таратса, соның өзі де зор қолдау емес пе? Бұл жағдайда əрбір отбасы ай сайынғы интернет төлемдерін өздері төлеп тұруға да келісер еді. Қалай десек те, ең алдымен интернеттің қызметі барлық үйде қолжетімді болуы қажет.

Сол секілді, Самал-2 мөлтекауданы да əлі күнге интернет желілерімен қамтылмай келеді. «Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау облыстық телеком муникация дирекциясы өкілдерінің айтуынша, бұл мөлтекауданға интернет жұмыстарын жүргізу мəселесі келесі жылға жоспарланған. Олай болса, самалдықтар бұл оқу жылында да ұялы байланыс операторының интернетіне жүгінуіне тура келеді.

Жағдай жасалған, мүмкіндік мол

Бұл ретте, жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Махамбет аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ардақ Жуасовтың айтуынша, мектептерде 1-4 сыныптар арасында 76 кезекші сынып ашылады. Санитарлық ережелерді сақтау үшін мектептер дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылында Махамбет ауданы бойынша 5 632 оқушы мектепке барады. Аудандағы 433 мұқтаж отбасының балалары интернетпен қамтамасыз етіліп, аз қамтылған 200 отбасыға ноутбук таратылады.

Ал, «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға «Алтел 4G», сондай-ақ, 500-ден астам тұрғыны бар аудандағы 13 елді мекенге «Кселл» операторының қызметін қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептерге оқудың дəстүрлі түріне рұқсат беріледі. Осы орайда Құрманғазы ауданында – 12, Исатайда – бір, Қызылқоғада бір мектепте барлығы 880 оқушыны штаттық режимде оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

ТҮЙІН

Қалай болғанда да, еліміздің әр азаматы сапалы білім алуға құқылы. Ендеше, қоғамға қажет білім беру саласы кемшілікті де, кідірісті де кешірмейді. Демек, коронавирус пандемиясынан кейін де білім беру жүйесі жалғаса береді. Бәлкім, жаңаша форматта болар, бірақ, бір сәтке де тұрып қалмауға тиіс. Ал, бұл үшін Атырауда барлық жағдай жасалған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

*ИНФОГРАФИКА тілімен:

  • Облыста ашылатын кезекші сынып саны – 1 446
  • Ондағы балалар саны – 21 637

Оның ішінде:

  • 1 сынып саны – 445
  • 2 сынып – 386
  • 3 сынып – 380
  • 4 сынып – 235
2008201154342560f 1

*Сіз не дейсіз?

Зоя Меңдіғалиева, Атырау қаласындағы №40 орта мектептің мұғалімі:

  • – Биыл бірінші сыныпты қабылдамақпын. Бүгінде сыныпқа 25 оқушы қабылданып отырған жайы бар. Жалпы, 15 оқушының ата-анасынан кезекші сыныпқа өтінім түсті. Қалған 10 оқушымыз қашықтықтан оқиды. Кезекші сыныпта оқушыларға ​ сауат ашу, математика сынды негізгі пәндер оқытылады. Сабақ уақыты 30 минуттан белгіленіп отыр. Қалған сабақтар қашықтықтан өтетін болады.
143647

Дəмен АЛТАЕВА, ардагер ұстаз, Мақат ауданының Құрметті азаматы:

  • – Дүниежүзін жайлаған пандемия кезінде ең алдымен адамдардың саулығының қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, сақтық шараларын ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тəрбие беру мəселесі де қалыс қалмағаны жөн. Біз қазір індеттің шарықтау шегінен өтсек те, қауіптің беті қайтпағанын есте ұстауымыз қажет. Күзде жағдай қалай боларын ешкім білмейді. Сондықтан, Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойған абзал. Өткен оқу жылында онлайн оқытуға байланысты жұртты əбігерге салған мəселелер жаңа оқу жылына дейін жүйелі түрде шешімін тапса игі. Оқушының үйден болсын, кезекші сыныпта болсын, білім алуына ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын. Еліміздің жарқын болашағы жас ұрпақтың алған білімі мен тəрбиесіне байланысты десек, бұл мəселенің маңызы ерекше.
1590128178 3949 1

Абай АҚМҰРЗИЕВ, облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы:

  • – Атырау облысында бүгіннен бастап 67 балабақша өз жұмысын қайта бастады. Оның 54-і мемлекеттік болса, қалған 13-і жекеменшік балабақшалар. Облыстық білім беру басқармасының жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Ақкенже Исанбергенованың айтуынша, облыста 207 балабақша болса, бүгін 67 балабақша ашылып өз жұмыстарын бастады. Оларда 2 мыңнан астам баланы қамтыған 337 кезекші топтар жұмыс жасауда. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ашқан «InfoKazakhstan» атты арнайы сайтқа балабақшалар тіркеліп, электронды өтінім жолдайды. Қорытындысы бойынша кезекші топтарды ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button