ӨНІМ САПАСЫ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Жиынның басты мақсаты 2020 жылға дейінгі техникалық реттеу және метрология жүйесінде іске асырылатын жұмыстардың кешенді жоспарының жобасын талқылау болды. Сондай-ақ, Кеден Одағы жүйесін әрі қарай дамыту мақсатында әңгіме өрбіді.
Баяндамашылардың айтуынша, бүгінгі күні Кедендік одақтың 21 техникалық регламенті қалыптасты. Бұған сәйкесінше аймақта төрт сертификаттау органы мен онға жуық арнайы зертханалар баға береді. Десек те, өңірде өнімдердің кей түрлері бойынша сынақ базалары мүлдем жоқ. Соның салдарынан бизнес Қазақстанның өзге аймақтарындағы, ал, кей кездері Ресейдің сертификаттау органдарына жүгінуге мәжбүр.
Технологиялық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғаловтың айтуынша, сынақ базаларының мәселелерін шешу Кешенді жоспар жобасының басты бағыты болып табылады. Тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей байланысты кей тауар түрлері бойынша мемлекеттік зертханалар жасақтау және жаңғырту жоспарлануда.
Сондай-ақ, негізінен, мемлекетке едәуір қажетті тауар түрлері бойынша жаңа зертханалар ашу немесе кеңейту жұмыстары жүргізілетіні сөз болды. Осыған орай, Технологиялық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов өңірдегі өндіріс мекемелері басшыларына аймақты қажетті сынақ базаларымен қамту мәселесіне орай белсенділік танытуға шақырды.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылған ҚР Президентінің «Алтын cапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурстарына қатысқан бірқатар кәсіпорындарды Алғыс хаттармен марапаттады.
А.ЕРТІЛЕУ,
Сурет Е.АЛТЫБАЕВТІКІ.