ӨНЕРЛІ ӨЛКЕНІҢ ӨШПЕС МҰРАСЫ БАР
Өткен жылы мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығайтылып, шығармашылық ұжымдардың сахналық киімдері мен аспаптары жаңаланғаны – қуанышты жайт. «История и культура Атырау в русских источниках (ХVІІ – ХХ в.в.)» атты көп томдық жинақтың І томы шығарылды. Енді 2-3 томдары жарық көрмек.
Облысымыздағы талантты өнер иелерін республикалық, халықаралық байқауларға қатыстыруға жағдай жасалуы – осы саладағы шешімін тапқан игі істердің бірі. Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің «Еуро-туры» ұйымдастырылып, Түркия елінің Маниса, Ыстамбұл, Германия мемлекетінің Берлин, Мюнхен, Австрияның Вена, Францияның Фонтебло қалаларында концерттерін қойғанының өзі ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген өнер ұжымы еңбегінің айтарлықтай еленуі деуге болады.
Н.Жантөрин атындағы филармонияның шығармашылық ұжымы да Катар, Үнді және Ресей мемлекеттерінде гастрольдік сапарда болып, көп тәжірибе жинақтады, қазақ өнерінің өрісін ашты.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық Форумы аясында 2014 жылғы 29-30 қыркүйек аралығында «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылды. Бұл ауқымды шара жұртшылық көңілінен шыққаны тағы бар.
Өткен жылғы игі шаралардың бірі – Қызылқоға ауданында «Әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының» ашылуы.
Басқарма басшысының айтуынша, 2015 жыл да айтулы шараларға толы болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойлары аясында көптеген шаралар өткізілмекші.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық мұрағат мекемесі тарихи мұрағаттық деректер негізінде «Гурьев (Атырау) облысының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі» атты кітап дайындау үстінде.
Басқармада өзінің шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес екен. Мәдениет саласындағы қызметтерге арнайы шығарылған нормативтік құжаттардың жоқтығы да сезіліп отыр. Биыл облыс орталығында Атырау қаласы мен аудандардың мәдениеті күндері өтеді, оған тиянақты дайындық керек. Алғаш бұл шараны 20 ақпанда Жылыой ауданы бастамақ.
Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алқа мәжілісін-де ұжым алдындағы түйінді мәселелерді атап көрсетті. «Биыл Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі аясында үлкен шаралар өтпек. Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрі өткен жылы шетелдерге шықты. Биыл да сол үрдісті жалғастырған артық емес. Облыс әкімі облыстағы өнер ұжымдарына үлкен көңіл бөліп отыр. Олар қаражатпен қамтылды, киімдері жаңартылды. Сондай-ақ, әр ұжым өзі қаражат табуы тиіс. Нарық талабы – осы. Нарық тетігін тапқан ұжымдар ғана өміршең. Өнер ұжымдары өз репертуарлары, кәсіби біліктілігі арқылы халық қызығушылығын арттыруы керек. Музейлердің жұмыс бағытын да тиімді ұйымдастыру керек. Ш.Сариев атындағы өнер музейін қолөнер шеберлерінің орталығына айналдырған дұрыс деген шешімге келдік.
Алыс шетелдерден Атырауда қазір 10 мыңдай адам тұрады. Соларға қазақтың дәстүрі мен салтын таныстыру мақсатында жақсы жерден киіз үй тігіп, шұбат пен қымыз ішетін орындарды ұйымдастыруда «Этноауыл» соларға қызмет етсе, өз жемісін көрсетер еді. Кітапханаға жастарды тарту мәселесін де ойластыру керек» деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан басқарма ұжымының алдына басқа да нақты міндеттер қойды.
Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Алма Андарбаева өткен жылдың қорытындылары туралы хабарлама жасады.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.