Атырау футболы:ІЗБАСАРЛАР ДАЙЫНДАУ – АЙРЫҚША МІНДЕТ

Қазақстан футболының жүз жылдығына орай «Атырау» футбол клубы Исатай ауданында болды. Бір ғасырлық тарихы бар Қазақстан футболының дамуында ерекше орыны бар, облыс намысын қорғап жүрген, 2009 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанған «Атырау» футбол клубының құрамы құрметпен сахна төріне шақырылды. Атырау футбол академиясында тәрбиеленуші 20-дан астам жас футболшыларға гүл шоқтары ұсынылды.

 Әлемде спорттың ең кең таралған түрі футболдың облысымызда даму деңгейі жөнінде әңгімелеген «Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаев осындай кездесуге ауданға шақырып, футболды дамытуға көңіл бөліп отырған Исатай аудан әкіміне ризашылық білдіріп, бір топ жас футболшыларға спорттық киімдер мен футбол доптарын сыйға тартты.

Аудан әкімі Н.Ожаев өз сөзінде ауданда 60-қа жуық спорт нысаны бар. Әсіресе, соңғы 5 жыл ішінде аудан орталығынан спорт кешені, әр селолық округтерде, мектептер жанынан жасанды жасыл жабынды спорт алаңдары, енді міне, орталық стадион іске қосылып, жастарымыздың спортпен шұғылдануына жағдайлар жасалып жатқанын айтты.
Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жақсы нәтижелерге жетіп келеді. Әсіресе, ауданымызда жақсы дамыған дзюдо, самбо күресінен Мұхаммедрахим Оралбеков бастаған, бірнеше әлем чемпиондары шыққанын бәріңізге аян. Осы мектеп қабырғасында жүзден астам жасөспірімдер футбол бөлімінде жаттығуда. Жастардың спортпен айналысуына жағдай жасасақ, онда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайып, түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік туады» – дей келіп, аудан әкімі бүгінгі Атырау футболшыларының ойын үлгілерін, шеберлік сыныптарын тамашалаған біздің ауданның жасөспірімдері де футбол әлеміне қызығушылығы оянып, спортшылар қатары көбейіп, жақсы жетістіктерге жететіндіге сенетіндігін жеткізді.
Ауданның ардагер спортшыларының атынан Бұрхан Оралбеков, аудан жастары атынан А.Сағынғалиева құттықтау сөз айтты. Бұдан кейін сұрақ-жауап кешіне ұласқан кездесуде жанкүйерлердің түрлі сұрақтарына Атырау футболының ардагері М.Мұңбаев, Атырау футбол клубының директоры А.Жүнтербаев, техникалық директоры В.Григорьев, аға тренер М.Радулович, команда ойыншылары В.Чуреев, Г.Пейкришвили,Д.Радионов, А.Нұрыбеков, А.Щеткиндер жан-жақты жауаптар берді.
«Атырау» футбол клубының әйгілі спортшылары ауданның спортшы жастарымен шеберлік сыныптарын өткізді. Соңында аудан жастарының құрама командасы «Атырау» футбол клубымен жолдастық кездесуі өткізілді. Бұл ойын аудан жастарын бір сертпілткен, атақты футболшыларды көзімен көріп, алаңда бірге доп теуіп ойнау мүмкіндігіне ие болған ұмытылмастай, аса әсерлі күн болды.

Т.НЫҒМЕТУЛЛИНА,
Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз