ӨНЕРДЕ ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ
Күй анасының атын еншілеген оркестрдің өнерін Германияның Берлин қаласындағы өнер университетінің үлкен концерттік залына жиналған талғампаз көрермен тапжылмай тамашалады. Мерекелік концертке мыңнан астам қонақтар қатысты, оның ішінде Федералдық Үкімет және германиялық Бундестаг өкілдері, Берлиннің муниципалдық билік басшылығы, Германияның қоғамдық-саяси және іскерлік орта өкілдері, осында аккредиттелген дипломатиялық корпус пен зиялы қауым болды.
Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген бұл өнер мейрамында Германиядағы Қазақстан Республикасының елшісі Нұрлан Онжанов пен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан кіріспе сөз айтып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті жөнінде әңгіме өрбітті.
Неміс еліне арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп барған оркестр Түркештің «Көңілашарымен» думанды кешті бастап, көрерменнің оң ықыласына ие болды. И.Штраустың «Аңшылар полькасын» қазақтың ұлттық аспаптарына қосып орындағанда қол соқпаған адам жоқ. Отандық және шетелдік композиторлардың отыздан астам шығармаларын асқан шеберлікпен көрермен назарына ұсынған оркестрдің өнері осылайша шетелдіктерді де тәнті етті. Шара барысында, сондай-ақ, жиналған жұртқа қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Мәдени қарым-қатынасты нығайтуға үлкен серпін берген бұл сапар шетелдік көрерменнің де, оркестр ұжымының да жадында ұзақ уақытқа сақталары хақ.
Бақытгүл БАБАШ.