ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР ӨРНЕГІ
Өмірі өнегеге толы Манап Ғалымұлы сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты азамат екені көпке мәлім. Ол тек білікті басшы, білімді педагог қана емес, сонымен қатар, үлкен өнер иесі еді.
1985 жылы Жылой ұлт-аспаптары оркестрі Алматы қаласында республикалық Ұлттық телеарнаға түсіріліп, «Алтын қорға» енгізіліп, бүкіл елге танылған. Сол жылы Манап Ғалымұлының өзі де республикалық ақындар айтысына қатынасып, туған нағашысы Насихат Сүгірұлынан дарыған хас өнерімен көпті мойындатқан болатын.
Мәдениет бөлімнің басшысы ретінде Мәкең ұқыптылықты, жауапкершілікті қатаң талап етіп, ең бастысы, әр адамға қабілетіне қарай тапсырма беріп, тіл табыса білді. Осындай ізденімпаз, тынымсыз еңбегінің арқасында сол жылдардағы мәдениет саласының өркендеуіне мол үлесін қосты. Мәкең басқарған жылдары үлкен мәдениет сарайы іске қосылды.
Манап Ғалымовтың табиғи шешендігі, небір алқалы топта именбей сөз бастайтын батылдығы, не істің де оңынан шешілуіне мұрындық болып жүретін тапқырлығы, үнемі көңілді жүретін, әдемі сыпайы әзілдерімен көпшіліктің көңілін көтеріп кететін ерекше қасиеттері – бәрі көз алдымда. Мәкеңнің тағы бір айтып өтер басты қасиеті – ұлттық өнер, салт-дәстүрді жоғары бағалап, дәріптеп өткендігі. Қолына домбыраны алып, әдемі, ашық қоңыр дауысымен салған халық әндері, жыр термелері, аудан намысын қорғап, айтысқа да қатынасқаны әлі күнге жұрт есінде. Насихат Сүгірұлының терме жырларын зердесіне тоқып, жырлап өткен Манап аға шын тума талант иесі еді.
«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, ұлы Нұрсипат та – жоғары білімді маман, сонымен бірге, ұзақ жылдар спорт саласында күрестен көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлесін қосқан азамат. Бірнеше жыл «Теңізшевройл» ЖШС-нде қызмет атқара жүріп, ұжым мүшелерімен мәдени, спорт шараларын, бәйге, ұлттық ойындарды ұйымдастырып келеді. Аудандық мұражайда «Жылыой ауданының 1970-1980 жылдардағы спорт жұлдыздары» атты экспозициялық көрменің жасақталып ашылуында да осы Нұрсипаттың көмегі зор болды.
Сонымен қатар, жуырда Құлсары қаласында Манап Ғалымұлы атындағы «Құлсары оттары» атты облыстық ән фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне де Нұрсипат белсенділік танытты. Міне, осылай ата-ананы ұлықтаған, құрметтей білген жақсы қасиеттер барлық азаматтарымыздың бойынан табыла берсе екен.
Манап ағамыз да – бар ғұмырын шәкірттеріне саналы тәрбие, сапалы білім берумен қатар, аудан өнерінің шарықтап дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Сапалы білімнің ордасы болған Сарықамыс орта мектебінің ұжымы арасында да өзіннің адамгершілігімен, өзін-өзі ұстаудағы мәдениеттілігімен, ұшқыр ойымен, сөз тапқырлығымен қадірлі болған ұстазымды қалай мақтасам да құрметтеуге тұрарлық жан еді.
Қуантқан ОЗҒАНБАЙҚЫЗЫ, Сарықамыс орта мектебінің 1975 жылғы түлегі.
Жылыой ауданы.