Жарнама
Жаңалықтар

ӨНДІРІСТІ ӨҢІРГЕ – ӨРІСТІ ҚАДАМ

 

Жаңа Қаратонда – «Балдырған» балабақшасы

 Облыс басшысы алғашқы қадамын Жаңа Қаратон кентінде жаңадан салынған балабақшаның салтанатты рәсіміне қатысудан бастады. Осы ретте Елбасының тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы жылдары Жылыой ауданында мектептер, емханалар, мектепке дейінгі мекемелер салып, тапсыру жиілей түскенін игі жақсылыққа, балаған орынды болар еді. Міне, енді өткен сенбіде Жаңа Қаратон кентінде 280 орындық «Балдырған» балабақшасының пайдалануға тапсырылу кезегі келді.

Мұнайшылар ұрпақтарының көңіл қуанышын бөліскен аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы жиында құттықтау сөз сөйледі.

— Айт қабыл болсын, ардақты ағайын! Ұлтымыздың ұлық мейрамына ұласып келген қуаныштарыңыз және құтты болсын! Өңір басшысы Елбасының тапсырмасымен көптен бері салынып, жас ұрпақ игілігіне жарап жатқан мектептер, емханалар, балабақшалар аз емес. Міне, енді өңірде «Балдырған» мектепке дейінгі мекемесі іске қосылып отыр. Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай! — деді.

Ата-аналар атынан Арайлым Мұхтарова да жүрек қуанышы мен жан шаттығын толқып тұрып жеткізді.

Бұдан кейін Бақтықожа Салахатдинұлы балабақша меңгерушісі Гүлсара Саменоваға балалар құтханасының символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды және лента қиып, тұсаукесер рәсімін жасады.

Келген қонақтар балабақшаның жарық та жайлы бөлмелерін аралап көрді, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.

Жаңа мектеп – ақжолтай сый

Бұл 180 орындық білім ордасы 1992 жылы бастауыш сыныптарға арнап ашылып, 2001 жылы бала санының көбеюіне байланысты 11 жылдық мектепке айналды. 2013 жылы мектеп ғимаратының апаттық жағдайы туралы мемлекеттік экспертиза қорытындысы жасалынғаннан кейін, жаңа ғимаратқа көшу оқушылардың, ұстаздар мен ата-аналардың арманына айналды. Демек, бұл мектептің ендігі жерде қаланың «Достық» ықшамауданының балалары үшін сапалы білім мен саналы тәрбие беретін сындарлы білім ордасына айналарына сенім мол.

 Мектептің ашылу қуанышымен барша жиналған жұртшылықты, ұстаздар мен шәкірттерді құттықтаған облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов бүгінгі күні Елбасының басшылығымен көп тиімді жобалар жүзеге асып жат-қанын, әсіресе,оның әлеуметтік саладағы бағдарламаға тән екенін, бұл салада жаңару, жаңғыру сипаты өріс алғанын айтты. Өйткені, көнерген мектептер заман талабына сай келмейді. Енді қайта түлеген №19 мектеп – уақыт үрдісіне сай. Баршаға белгілі, Жылыойдан небір ақындар мен ғалымдар, мемлекет қайраткерлері де шыққанын еске алайық. Облыста Индерде Есбол, Махамбет ауданында Жалғансай елді мекендерінде осы әлеуметтік саланың жаңару сипаты жалғасуда. Маған Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасов келіп, лицей ашылғалы жатқанын айтты. Бұл – елеулі жаңалық! Енді қаржы бөлу жайын ойластыру керек. Бұл – жас ұрпақ үшін игілікті шара. Ұстаздар, тәрбиешілер білім-тәрбие сапасына баса көңіл бөлулері тиіс.

 Бұдан кейін мектеп директоры Салтанат Жұмағалиева облыс басшысының қолынан білім ордасының символикалық кілтін салтанатты жағдайда қабылдап алды.

Құрылыс  баяу, уақыт  таяу

Құлсары қаласындағы үш қабатты 60 пәтерлік №5 тұрғын үй құрылысының «жыры» әлі күнге бітпей келеді. Себеп – ғимараттарды бастап тапсыруға әлденеше рет талпыныс жасалғанмен, ол кейінге қала беріп, нақты нәтиже болмай тұр. Бас мердігер: «АК-Сун Строй-Импекс» ЖШС, ал, Бас жобалаушы: «Адия Строй Проект» ЖШС екенін де айта кетейік. Кезегін күткен көп жұмыс бар. Екі және үш бөлмелі пәтерлер қабырғалары қоңырайып тұр. Жұмысты ұйымдастыру төмен. Жағдайды жете білетін және зерделейтін облыс басшысы бірден құрылыс басында өндірістік кеңес өткізіп, күні бүгін қалыптасқан құрылыстың жай-күйін өткір саралады. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай Ғалымжанов та қатысты. Құрылысқа жауапты жетекші буындардың айтуынша, бүгінде тұрғын үйлердің негізгі қаңқасы бітіп тұр, терезе-есіктерін орнықтыру да бола келді, канализация және жол бар. Алайда, бұл – ғимараттар мерзімі таяуда бітеді дегенді білдірмейді.

Кеңесте қатаң талап қойылды, ол – алдымен тұрғын үйлерді жедел әрі сапалы аяқтау мерзімін айқындап алу.

— Құлсарыда баспаналардың көбінің кенеуі кетіп тұр, жаңа құрылыс ширек ғасырдан бері салынған жоқ. Сондықтан, бұл үйлердің сапасына баса көңіл бөлу керек. Әйтсе де, мына митың тірліктеріңмен алда тендерге түсулерің де мүмкін емес. Айшықтау, әрлеуге де көп нәрсе қатысты. Қазір қарқынды қимылдауға күн жайлы, ауа райы суытқан кезде қандайма бір қиындықтар туып қалуы да мүмкін. Қысқасы, құрылысқа тың серпін керек, — деді аймақ басшысы.

Кеңес барысында, әрине, бұдан да басқа айтылған жайлар аз емес, Шынында, ертеңгі күні кешенді құрылыстарды төрт-бес айда бітіре беретін құрылыс компаниялары Оралдан, Ақтөбеден келіп тендерге түсіп жатса не болар еді. Төл құрылысшыларымыз жұмыссыз қалмай ма?! Одан да өз құрылыс мекемелерімізге жақсы мүмкіндік беріліп отырған жоқ па.

Өндірістік кеңесте құрылыстағы 30 адамның мүлде аздығы айтылып, ірі ғимаратқа кем дегенде жетпіске дейін жұмысшы мамандар керектігі айтылды. Құрылыс учаскесі басшысы Еркін Мәдиевке барлық айтылған сын-ескертпелерді орындап, тұрғын үй ғимараттарын тапсыру мүмкіндігін туғызуға он күн мерзім берілді. 

«Металл продукт»: өндіріс  мәдениеті өгейсіп  тұр

Облыс басшысының 2012 жылдың 4 қыркүйегінде «Металл продукт» кәсіпорнының металл құю цехында болғаны есімізде. Сонда цехта өндіріс мәдениетінің осалдығы айтылған. Басқа да өндірісті жаңғыртуға қатысты бірқатар талаптар қойылды. Электр, газ, судың жайы әңгіме болған. Әкім орталық жылыту қазандығының жай-күйімен де танысып кеткен. Содан бері не өзгерді?

Металл құймасы шыққаннан кейін жазылатын прокат цехында болып облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов іс-жағдаймен танысты. Мекеме басшысы Қ.Құл-текенов дайын өнім түрлерін таныстырды, мұнда 130-дай адам жұмыс жасайды екен. Өнім сапасы жарап тұр. Мамандардың айтуынша, шетелдік пеш-домнасының жылдық қуаты 30 мың тонна. Негізгі өнімдері арматура және швеллер. Бұған дейін 560 тонна металл өңдеп шығару көзделген екен.

Дейтұрғанмен, осы жайларға сабырлы назар аударған аймақ басшысы өзін толғандырған негізгі мәселені төтесінен қойды. Ол – цехта өндіріс мәдениетінің бұрын да, қазір де сын көтермейтіндігі. Айтылған ескертпеден еш қорытынды шықпаған.

Моноқаланың көшелеріне асфальт салу жайына да облыс басшысы тереңірек назар аударды. Әлі ауданда іргелі де, нақты іс жоқ. Белгілі болғандай ауданда әлі де берілген тапсырмаға жүрдім-бардым қарайтын басшылар барлығы байқалды.

Моноқаланы кешенді дамыту – бүгінгі үлкен міндет. Сондықтан да ауданда барлық салада да жұмысты қарқынды да тиімді жүргізу міндеті қойылды. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов өңір активінің алдындағы  елеулі міндеттерді саралап, нақты тапсырмалар берді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button