Өндірісті өңірдің өркендеу кезеңі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданында болды
Өткен сенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндірістік, мәдени-әлеуметтік нысандарды аралады. Жұртшылықпен кездесіп, аудан орталығында ұйымдастырылған актив жиналысына қатынасты. Аймақ басшысы бастаған топтың алдымен тоқтағаны Таскескен, Ескене елді мекендері болды. Жергілікті тұрғындар өздерін көптен мазалаған толғақты мәселелерге осы жолы жауап тапты. Яғни, облыс әкімінің айтуынша, Ескене, Таскескен ауылдары көшірілмейді…
ЕСКЕНЕ, ТАСКЕСКЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІ КӨШІРІЛМЕЙДІ
Мақат – облыстағы байырғы аудандардың бірі. Кезінде мемлекетке тонналап мұнай берген өңірдің бүгінде де тірлігі тынымсыз. Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, жергілікті жерде 30 мыңнан астам халық тұрады. Жұмыс жасындағылардың «қара алтын» өндіруден өзге айналысатын кәсіптері де әртүрлі. Соның негізгісі – теміржолмен байланысты. Атырауға жақындау орналас-қан Ескене ауылының тұрғындары аталған саланың дамуынан үлкен үміт күтеді. Индустриялдық-инновациялық бағытты өрістету мақсатында «Ескене вагондық қызмет көрсету орталығының» құрылысы қолға алынған. Аумағы 22 гектарға тең болашақ өндіріс орны жобасының құны 1 млрд. 794 млн. теңгені құрайды. Алайда, үміт еткен, 422 жұмыс орнына есептелген нысанның пайдалануға берілетін уақыты алыс секілді. Оның себебі Украинадағы ауыр жағдай көрінеді. Байқасақ, қажетті негізгі қондырғылар осы елден алынады деп жоспарланыпты, тіпті келісім де жасақталып қойылған. Әйткенмен, бұрынғы кеңестік республикадағы саяси ахуалдың ушығуы көлденең кедергілерді көбейтіпті. Несие сомасының доллармен алынғаны да қаржылық қиындықтар туғызып отыр. Ескене, Таскескен елді мекендерінің тіршілігінде бұдан өзге де қиындық жетерлік. Оларды ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев асықпай тыңдады. 2013 жылы облыс әкімдігінің қаулысы, облыстық мәслихаттың шешімімен Мақат ауданының Ескене, Байшонас елді мекендері таратылған болатын. Оған қарасты Ескене стансасының тұрғындары көшірілмей, жерінің аумағы Доссор поселкесінің құрамына енгізілді. Аудан өміріндегі осындай құрылымдық өзгерістерді кейбір тұрғындар «тиімді» пайдаланып қалуды ұйғарыпты. Олар өтемақы алу ойымен аталған елді мекеннен самсатып үйлер сала бастаған. – Мен бұл тұрғынжайларды әдейі барып көрдім. Сөйтсем, олары үй деуге келмейтіндей құрылыс, құр қалқа ғана салып қойыпты. Иесіздіктен ішіне мал кіріп, көлеңкелеп жатыр. Біз мұндай келеңсіздіктің, пендешіліктің орын алуына жол бермеуіміз керек, — деді аймақ басшысы. Аталған ауылдың тұрғындары «елді мекен көшіріледі» деген әңгіме шыққалы әрі-сәрі күй кешіп жүр. Болашақтары бұлыңғыр болғаннан соң үйлерін жөндей алмай немесе қайтадан сала алмай дал. Көпшілікті алаңдатқан мәселеге облыс әкімі осы сапарында нүкте қойды. – Ескене, Таскескен елді мекендері көшірілмейді. Оған мүмкіндіктен гөрі, заңдық негіз жоқ. Өйткені, оның аумағы Қарабатанның қорғаныш аймағына 7 шақырым жетпейді. Сондықтан, жұртшылықтың алаңдауына себеп болмайды. Қайта, біз жергілікті жердегі қордаланған мәселелердің шешілуіне күш саламыз, — деді Нұрлан Асқарұлы. Ауыл тұрғындары мектеп құрылысы, жол салу, газ тарту, жер телімін беру, мал жайылымына қатысты сауалдар қойды. Оның бәрі, мүмкіндігіне қарай, ретімен шешілетін болды.
ЕСІКТІҢ ТҰТҚАСЫН КІМ СЫНДЫРДЫ?
Доссор кентіне келген облыс басшылары жергілікті жермен танысуды С.Шәріпов атындағы орта мектеп-интернатынан бастады. Қырық жылдан астам уақыттан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан білім ошағының ескілігі көзге көрініп тұр. Соған қарамастан, мектеп ұжымы жоқтан бар жасап, ғимаратты жамап-жасқап, жөндеп, бала оқытуда. Облыс әкімі бастаған топ әр сынып бөлмесіне бас сұғып, жағдайды көзбен көрді. Осы оқу орнының ауласында орналасқан жатақхана жаңа, 2008 жылы салынған. Оның құрылысына 253 млн. теңге жұмсалыпты. Аумағы 4914 шаршы метрді құрайтын интернаттың сыртқы көрінісі тәуір-ақ. Алайда, ішкі ахуалы мәз болмай шықты. Жаңа ғимараттың қабырғасы кәдімгідей жарылып тұр. Соған байланысты келген сарапшы топ арнайы белгі қой-ған көрінеді. Қазір жардағы сызат тоқтағанымен, болашақта қалай боларын ешкім айта алмайды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев балалар демалатын бөлмелерді аралап көріп, кереуеттерінің жағдайына назар аударды. Есіктердің бұзылған тұтқасына да зер салды. «Осы тұста бала тәрбиесі алға шығады. Олардың санасында мемлекет мүлкіне деген бөтен ой емес, жанашырлық сезім қалыптасуы қажет» деді Нұрлан Асқарұлы. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген О.Сарғұнанов атындағы орта мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір ғимараттың қабырғасы қаланып, төбесі жабылған. Ол биылғы жылдың алдағы айларында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жобаның жүзеге асатындығына сенім мол. Жұмыс барысын таныстырып жүрген «Атакент-Жылыой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғизат Бисеновтің пікірінше, бүгінде барлық күш нысанның уақытында пайдалануға берілуіне жұмылдырылуда. Жалпы ауданы 14260 шаршы метрді алып жатқан нысан құрылысының құны 827 млн. теңгені құрайды. Мұнда болашақта 300 бала оқымақшы. Үш қабатты мектепте 12 пән кабинеті, асхана, кітапхана, 100 орындық акт залы болмақ. Спорт залына қажетті жабдық қазірден алынып қойылыпты.
ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚ
Қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұ-найшылар, мұнай бер!» атты жыры жазылған мекенде мәдениеттің дамуына барынша жағдай жасалуда. Доссор мәдениет үйі ғимаратына келген алқалы топ осы бағытта жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Рухани байлықтың көзі саналатын тарихи орындар туралы да мағлұмат берілді. Дегенмен, облыс әкімінің жол бойында жұртшылық дұға ететін аруақты Аталардың басындағы белгі, ондағы таңбаларға қатысты қойған сауалына жергілікті мәдениет саласының басшылары жауап бере алмай қиналды. — Біз тарихи орындардың мән-маңызын жете білуіміз қажет. Ал, мұндай нысандар жергілікті жерлерде көп. Алыстан келген қонақтар ол туралы білгісі келіп, қызығушылық танытып, сұрап жатса, оған жауап беруге дайын болғанымыз жөн. Мәдениет саласының басшылары осы жағдайды ескерсін, — деді Нұрлан Асқарұлы. Бұдан соң облыс басшысы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына барды. Кәсіпорын – Мақат ауданының іргелі, әрі байырғы құрылымдарының бірі. Мұнда 1100 адам еңбек етеді. Басқарма бастығы Амангелді Сүлейменов аппарат қызметкерлерінен өзгелері вахталық әдіспен жұмыс жасайтындығын айтты. Мамандығы мұнайшы облыс әкімі «қара алтынды» өндіру, дайындаумен айналысатын басқарманың қызметін тереңірек сұрады. Ұжымның әлеуметтік жағынан қамтылуына да маңыз берді.
БӘЙГЕТӨБЕГЕ САПАР
Аймақ басшысының сапары бұдан соң Бәйгетөбе ауылдық округінде жалғасты. Былтыр Каспий теңізінің жағалауында (Маңғыстау облысы) өткен «Орталық – 2015» оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға орын алғандығы белгілі. Сол кезде өрімдей жауынгер жастар қаза тапқан еді. Соның бірі – 3-ші минаатқыш взводының бөлімше командирі Бағытжан Қалыбай болатын. Жергілікті жердің тумасы қаруластарын құтқарамын деп жүріп өзі ер-лікпен көз жұмды. Қаһармандық көрсеткен сарбаздың есімін елдің есінде қалдыру мақсатында Бәйгетөбе орта мектеп-балабақша ұжымы оқушылардың қатысуымен ерекше шара өткізді. Білім ұясында оған арнап мемориалдық тақта ашылды. Жиынға қатынасқан аймақ басшысы жауынгердің ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі, отансүйгіштікке тәрбиелеуде тәлім болатындығын айтып, марқұмның отбасына көңіл білдірді. Жаңа білім ошағында балалардың оқуына барлық жағдай жасалған. Ол 220 оқушыға және балабақшадағы 100 бүлдіршінге лайықтап салынған. Бір ерекшелігі, мұнда шәкірттерді жауынгерлік дайындыққа, мергендікке баулитын ату тирі бар. Облыс орталығындағы оқу орындарында да кездесе бермейтін бұл орын көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бәйгетөбе ауылдық округі жаңадан құрылғандығынан шығар, проблемалары да аз емес. Мәселен, ауылішілік жолдардың салынбауы тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық тудыруда. Ауыл әкімінің отыратын кеңсесі жоқ. Ол тұрғызылса, бірнеше әлеуметтік нысандарды орналастыру мүмкін болар еді. Ауыл ақсақалдары Орынбасар Әлиев, Хозе-Дияс Мәженов осы жағдайларды баяндап, келешекте ескерілуін өтінді. Аудан әкіміне осы бағытта тиісті тапсырма берген облыс басшысы жергілікті фельдшерлік акушерлік бекетке бас тіреді. Ауыл тұрғындарын емдейтін нысанның құрылысын мердігер мекеме «ЗапЭлектроПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ол өткен жылы пайдалануға беріліпті. Алайда, бұл жаңа мекеннің де қабырғасы жарылып тұр. Осы себепті жергілікті басшылар ғимаратқа күрделі жөндеудің қажеттігі туралы сөз қозғай бастаған. Осы тұста Нұрлан Асқарұлы тегеурінді талап қойды. «Нысанды салатын кезде әрбір өңірдің ерекшелігі ескерілуі қажет. Қандай ғимараттың құрылысын жүргізсек те, ең алдымен, оның сапалы салынуына баса маңыз берілсін» деді ол. Көркіне көз тоятын Мақат кентіндегі аудандық мәдениет үйін де осынау проблема алаңдатады. Үш блоктан тұратын екі қабатты ғимараттың бір бөлігі іргетасының отыруы себепті қабырғалары жарылып кетіпті. Ғимараттарында кінәрат болса да аудан өнерпаздары биік белестерден көрініп жүр. Жуырда ғана «Шаттық» би тобы Астанада өткен сайыста топ жарған. Ал, жергілікті халық драма театры 14 кәсіпқой ұжым қатынасқан Ақтөбедегі додадан үшінші орынмен оралыпты. АКТИВ ЖИНАЛЫСЫНДАҒЫ ТҮЙІН Ел-жұрттың рухани жағынан кемелденуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлеріне алғысын айтқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданының әкімдігінде жиналған актив отырысына қатынасты. – Атырауды республикадағы мұнайлы облыс десек, мұнда Мақаттың орны ерекше. Қазыналы өңірде елге белгілі талай тұлғалар туып-өсті. Елдің дамуына жергілікті кәсіпорын-мекемелер де сүбелі үлес қосуда. Мақат ауданының әлеуметтік-экономикалық, өзге де салалары біздің әркез назарымызда тұр. Соның көрінісіндей, соңғы жылдары жаңадан түрлі нысандар бой көтерді. Дегенмен, біз алдағы күндерді де ойлауымыз қажет. Мақат қазіргі сәтте бюджеттен субсидия алып, күн кешуде. Ал, мемлекет өңірлердің дамуы үшін бүгінде барлық жағдайды жасап отыр. Соның бірі – кәсіпкерлік. Бұл жердің табиғаты мал ұстауға қолайсыздау десек те, жылыжайлар салып, елді жеміс-жидекпен қамтуға мүмкіндік мол, — деген аймақ басшысы аудандық экономика, кәсіпкерлік мәселелерімен айналысатын бөлімдердің басшыларын орындарынан тұрғызды. Байқасақ, Мақат кентінен 11 шақырым қашықтықта бетонитті саз карьері бар екен. Қоры 30,7 млн. текше метрді құрайтын шикізатты өңдесе, керамзит шығаруға болады. Осы бағытта «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы «Атырау Иновейшн» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Ал, «Нұр-Жас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бәйгетөбе елді мекенінен 40 гектар жер алып, логистикалық орталық ашуды жоспарлауда. Қазірдің өзінде «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына қарасты мекемелермен келісімге келіп, экономикалық-техникалық негіздемесі жасақталған. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын жоба жүзеге асқан жағдайда жергілікті 30 адам жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі осындай жобаларды қолға алу, жұмыс орындарын кеңейтуді тапсырды. Өйткені, мемлекеттің бүгінгі саясаты да экономиканы әртараптандыру бағыты болып тұр.
КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Актив жиналысында Нұрлан Асқарұлы тұрғындардан түскен сұрақтарға да жауап берді. Соның бастысы, ауылішілік жолдар салуға қатысты. Басшы бұл жағдайда қаражатты тиімді пайдалану, жобаның өзіндік құнын арзандатуға маңыз берілетінін айтты. Өйткені, келесі жылы Ақтөбе – Атырау – Астрахан күре жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмысы басталады. Соның ауқымында жергілікті жерлерде асфальт зауыттары орналастырылады. Бұл халықтың ерекшелеп айтқан тілек-өтініштерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өйткені, облыс орталығынан тасығаннан гөрі, шикізатты сол жерден дайындап, жол салса, ол мемлекетке әлдеқайда арзанға түседі. Жер реформасы, үш тілділік мәселелеріне қатысты сауалдарға да толымды жауап берген облыс әкімі ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аудару, осы бағытқа ауыл ақсақалдарын, имамдарды тарту жайына тоқталды. Мақат вокзалының айналасын абаттандыру жайы туралы да аудан әкіміне тапсырма берді. ТЕМІРЖОЛДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК Бұдан соң облыс басшысы Мақат локомотив пайдалану депосы, №4 құбыркомпрессорлық цехта, сонымен қатар «Болашақ» балабақшасы мен Л.Шахатов атындағы орта мектепте болды. Ал, 250 келушіге арналған аудандық емханада болған кезінде кадр жетіспеушілігіне қатысты мәселеге ерекше маңыз берді. Мәселен, Асылзат Жолдыбаева Қызылорда облысының тумасы екен. Өзі де, ақтөбелік жолдасы да дәрігерлік оқуды оқып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Мақатқа келіпті. Ерлі-зайыпты ақ халаттыларға халықтың ілтипаты да ерекше көрінеді. «Біз осындай білікті мамандарды ауылға көптеп тартуымыз керек» деді осы тұста Нұрлан Асқарұлы. Мақат ауданына сапарын қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берді. – Бүгін Мақат ауданына іссапармен келіп, елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысымен таныстым. Тұрғындармен кездесу барысында инфрақұрылымдарды дамыту, газ желісін тарту, жол салу мәселелері қамтылды. Сонымен қатар, мектептің қажеттілігі немесе бұрыннан бар әлеуметтік ғимараттарды күрделі жөндеу жайы да көтерілді. Бұл мәселелер тиісті басқарма мамандарымен бірлесе отырып, өз шешімін табады. Айтылған проблемалардың қайсысы да өзекті. Сондықтан, олар терең сараланып, өз деңгейінде жүзеге асады. Өйткені, бір мәселені қолға алу үшін оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтап, сараптамадан өткізіп, қаражатын қарастыру керек. Сондықтан, қолданыстағы заңға сәйкес, көтерілген проблемалар зерттеліп, қойылған сұрақтарға жауап беріледі. «Жалпы, Мақат ауданының еңбек ырғағы бірқалыпты. Біздің қойған межеміз де анық. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, экономиканы әртараптандыру, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері негізгі ұстаным саналады. Олай болса, біз көтерілген мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жасақтап, оның орындалуын басты назарда ұстамақпыз» деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.
Азамат БАЗАРБАЕВ.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.