ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Облыс басшысы өз сөзін жалпы өңірлік өнім көлемінің артқанынан бастады.
— Жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы екі жылда 3 292,5 млрд. теңгеден 3 635,1 млрд. теңгеге өсіп, жалпы көлем индексі 106,6 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткіш 4 021 млрд. теңгеге жетеді деп болжап отырмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлеміндегі облыстың үлесі 10,8 пайыздан 13,2 пайызға жетті. Аталған көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасында тұрақты алдыңғы қатарда келеді. Орташа айлық еңбекақы 180,4 мың теңгеден, ағымдағы жылдың алты айында 214,4 мың теңгені құрады, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.
Естеріңізге сала кетсек, Бақтықожа Салахатдинұлы аймаққа әкім болып тағайындалғанда, ең алдымен, жұмысқа қолбайлау болған мәселе – қаражаты артық төленуіне байланысты және басқа да себептермен құрылысы тұрып қалған 38 проблемалық нысан болатын. Облыс басшысының айтуынша, қазір соның тоғызының мәселесі жергілікті жерде түбегейлі шешілді. Бұған қоса, биыл тағы 17 нысан аяқталады. Оның 14-і – «Ақбұлақ» бағдарламасының жобалары. Осы мақсатқа Үкіметтің резервінен 1,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Ал, қалған 12 нысанның сегізі тиісті органдармен бірлесе зерттелуде, төртеуінің құрылысын жалғастыру тиімсіз деп табылды. Проблемалық нысандардың басым бөлігін осы жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр.
— Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар 22 жобаға артып, 44-ке жетті, екі жылда екі есеге өсіп отыр. Осы уақыт ішінде Индустрияландыру бағдарламасына тартылған инвестиция 24 есеге өсті. Бағдарлама аясында ашылатын жұмыс орындары 1900-ден 5 мыңға жуық жұмыс орнына көбейді. Жаңа аталған 44 жобаның 28-і іске қосылды. Жыл аяғына дейін жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын тағы жеті жоба іске қосылып, 446 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал, келер жылы жалпы құны 12,9 млрд.теңгеге бес инвестициялық жоба іске қосылады. Одан кейінгі жылдарға белгіленген төрт жоба бар, — деген облыс әкімі әр жобаға жеке-жеке тоқталды.
Біріншісі – жылына 150 мың текше метр темір бетон бұйымдарын, 50 мың шаршы метр тұрғын үй шығаратын үй құрылысы комбинатының жобасы жеке кәсіпкердің қаржысымен жүзеге асуда. Айта кетсек, комбинат «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, күзде жоспарланған Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының Пленарлық мәжілісі өтетін Салтанат сарайы құрылысына аталған комбинат бұйымдары пайдаланылды.
Жеке индустриялық аймақта қатарынан үш жоба жасалып жатыр. Жылына 12 мың тонна ірі габаритті және аса ауыр металл құрылымдарын жинақтайтын өндіріс биыл ІІ жартыжылдықта іске қосылып, 250 жұмыс орны ашылады. Бұл жоба мұнай-химия және мұнай өңдеу үшін бөлетін колонналар мен реакторлар, технологиялық модульдер, жылу алмастырғыш қондырғылар және басқа да ірі габаритті аса ауыр бұйымдарды жинақтап, мұнай-газ және мұнай-химия саласындағы кәсіпорындарды өз өнімдерімен қамтамасыз ете алады.
Сондай-ақ, әрқайсысының құны 2,1 млрд. теңге және 743 млн. теңге тұратын электр қуаты станциясының құрылысы мен модульдік үй тұрғызу фабрикасы бар. Бұл жобалар да жеке кәсіпкерлердің қаражатымен жүзеге асуда.
АУЫЛ ҚАЙТА ТҮЛЕЙ БАСТАДЫ
Ауыл шаруашылығы саласына да тоқталған аймақ басшысы жалпы құны 4 380 млн. теңге болатын төрт құс фабрикасының жобасы жүзеге асып жатқандығын айтты.
— Құс фабрикалары жылына 2 800 тонна құс етін беретін болады, оның 200 тоннасы қаз еті, биыл күзде 10 мың қаз еті дүкен сөрелеріне түседі. Сондай-ақ, бұл өндіріс орындары жылына 50 млн. дананың үстінде жұмыртқа бермекші. Осы жылдың соңы және келер жылы жобалар толық аяқталып, жоспарлы қуатына шыққан соң, Атырау облысы жергілікті құс өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Сондай-ақ, сүт өнімдерін шығаратын «Первомайский» сүт фермасы, «Алға» ауылшаруашылық кешені жұмыстары жөнінде де кеңінен баяндалды. Бұл жобалар еліміздің біраз жерінде шығарылып жатқан аса керекті тауарлар болса, сонымен қатар, өзге өңірлерде жоқ ешкі сүті, түйе және қой жүндерін өңдеу, тауар-бекіре фермаларының жобасы таныстырылды.
Облыста егін шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда картоп алқабы 22 есеге, көкөніс алқабы сегіз есеге жуық артты. Бұған, ең алдымен, жоғары технологияны қолданып, тамшылатып суару әдісімен пайдалану нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Айта кетсек, соңғы екі жылда тамшылатып суару арқылы егін салу үш есеге жуық өсті, келер жылы 1 500 гектарға жетеді. Мәселен, дәстүрлі тәсілмен бір гектардан 10-12 тонна картоп алынса, тамшылатып суарумен – 40-50 тоннаға, пияз 25 тоннадан 80-100 тоннаға артып отыр.
Облыс әкімі көкөністерді өндіріп, өңдеп және консервілеу жобасы қолға алынып жатқандығын айтып, биыл құрылысы аяқталып, келер жылы 25 мың құты өнім шығарылатынын хабарлады.
— Елбасының ұйымдастырылмаған базарларды жабу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, коммуналдық базар салғалы жатырмыз. Мұнда өзімізде өндірілген сиыр сүті және сиыр сүті өнімдері, ешкі сүті және ешкі сүті өнімдері, тауық пен қаз еті, жұмыртқа, балық және балық өнімдері, пакеттелген айран, шұбат, қымыз, мезгілінде және Тұрақтандыру қорынан сатылатын картоп, пияз, көкөніс, жеміс-жидек және тағы басқа өнімдер өндірушілер бағасымен сатылатын болады, — деді Б.Ізмұхамбетов.
ҚОНЫС ТОЙ КӨБЕЙГЕН ШАҚ
Тұрғын үймен қамту – халықтың әл-ауқатын жақсартудың басты бөлігі. Ал, бұл міндет облыста тиісті деңгейде атқарылуда. Облыс әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 632 пәтерлік елу тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 318 пәтерлік бес үйі биыл І жартыжылдықта табыс етілді. Ал, жыл аяғына дейін 1 830 пәтерлік тағы 32 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бағдарлама аясында тұрғын үй салу соңғы екі жылда 2,6 есеге артады.
Айта кетсек, тұрғын үй құрылысы облыста тек аталған мемлекеттік бағдарламасымен шектеліп қалған жоқ. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1538 пәтерлік 92 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағдарламасы» аясында биыл алғашқы жартыжылдықта қаладағы көпқабатты 20 үйге жөндеу жұмыстары басталды. Ал, келесі жылы 617,6 млн.теңгеге 17 үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында облыста барлығы 98 сумен қамту нысанының құрылысы іске асырылуда. Оның 18-і пайдалануға берілді (жалпы құны – 12,3 млрд. теңге). 67 нысан жыл аяғына дейін тапсырылып, қалған 13 нысан 2015 жылы пайдалануға беріледі.
— Соңғы екі жылда көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында North Caspian Operating Company (NCOC) көмектерін аямай келеді. Нәтижесінде, 579,7 шақырым жол жөнделіп және төселгелі отыр. Атап айтсақ, оның 175 шақырымы – республикалық («Атырау-Орал», «Атырау-Доссор» автомобиль жолдары), 220,3 шақырымы – облыстық («Атырау-Индер», «Қарабау-Миялы», «Ганюшкин-Приморье-Утера-Котяев-Шортанбай»), 99,4 шақырымы – аудандық, 85 шақырымы – қалалық маңызы бар жолдар.
— Облыста, оның ішінде ерекше атап өтетін жобалар – бұл Жайық өзенінің сол жағалауындағы 170 шақырымдық «Атырау-Индер» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Біздің агроөнеркәсіп саласындағы жобаларымыз негізінен осы жолдың бойында орналасқан аудандарда жүзеге асуда. Бұл жұмыс республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттен және демеушілер есебінен жүруде. Жыл соңына дейін 170 шақырым жолды толықтай бітіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, биыл облыстық бюджеттен қаржы қарастырып, Махамбет селосындағы Жайық өзені арқылы өтетін ұзындығы 700 метрлік көпір құрылысы басталып кетті, — деді облыс әкімі.
Соңғы екі жылда «Балапан» бағдарламасы аясында жалпы қуаты 5 115 орындық 67 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. Биылғы жылдың І жартыжылдығында жалпы қуаты 755 орындық алты балабақша іске қосылды. Жыл соңына дейін әрқайсысы 280 орындық (жалпы 1 960 орын) 12 балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Екі жылда 1-6 жасар балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші 42,5 пайыздан 52,9 пайызға, 3-6 жасар балаларды қамту 77 пайыздан 78,9 пайызға жетті.
— Биыл облыста үш ауысымдық мектептер мәселесі толықтай шешілді, — деді облыс басшысы. – Апатты жағдайдағы 11 мектептің орнына жаңа мектептер салынуда. Былтыр 1 мектеп іске қосылды, тағы 4 мектептің құрылысы аяқтала келді, қалғаны келер жылы бітеді. 2015 жылы облыстағы апатты мектептер мәселесі де толығымен шешілетін болады. Бастауыш сынып және аз қамтылған отбасы оқушылары, барлығы 42 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
МӘДЕНИЕТКЕ ДЕ – ОҢ КӨЗҚАРАС
Мәдениет саласын қаржыландыру екі жылда 18 пайызға өсіп, 23 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Әсіресе, ауылдық мәдениет үйлеріне көп көңіл бөлінуде. Осы айда ауылдық жаңадан салынған бір мәдениет үйі іске қосылды. Ішінде кітапханасы, оқу залы, жастар бас қосатын орындар мен сахнасы бар. Ауласы абаттандырылып, тал егіліп, адамдар демалу үшін орындықтар қойылған. Төрт мәдениет үйінің құрылысы басталып жатыр, тоғызының құжаттары жасақталуда, құрылысы келер жылы басталады.
— Мәдениет саласындағы ең үлкен жетістігіміз – Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің бастамасымен былтыр 1000 музыканттан құралған ұлт аспаптар оркестрінің стадиондағы концерті. Осы оркестр былтыр желтоқсанда Тәуелсіздік күні мерекесінде Астанада өткен концертті ашып беріп, бірнеше шығарма орындаған болатын. Биыл көктемде Қазақстанның жобалары мен әлемдік бастамаларын насихаттау үшін Түркия, Германия мен Австрия елдерінің бірнеше қаласында концерт беріп қайтты, — деп аймақ басшысы ұжымның өнеріне ризашылығын білдірді.
Биыл Атырау облысы үшін маңызды кезең болғалы тұр. Қыркүйек айының 28-30 күндері Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Форумға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы ауқымды шара аясында қандай жұмыстар ұйымдастырылатыны жөнінде облыс басшысы актив алдында айтып өтті.
Форумның пленарлық отырысын және қонақасы ұйымдастырылатын Салтанат сарайы және Көрме залының құрылысы аяқталып қалды. Салтанат сарайы форумнан кейін Неке сарайы ретінде халық игілігіне жарайтын болады. Ал, ірі габаритті және көп тонналы көрме экспонаттарын қабылдауға толық мүмкіндігі бар Көрме залы аймақтың кәсіпкерлігіне жаңаша даму серпінін береді деп ойлаймын. Алдағы уақытта ол батыс аймағындағы Көрме орталығына айналуы тиіс.
АЛДЫМЫЗДА ҮЛКЕН МІНДЕТ ТҰР
Халықаралық әуежай бағытындағы (ұзындығы 4,2 шақырым) автокөлік жолы мен әуежай ғимараты алдындағы алаңды (жалпы аумағы 15 682 шаршы метр) қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда автокөлік жолының ені 9 метрден 16 метрге кеңейтілді. Енді жол бойы абаттандырылатын болады.
Сондай-ақ, жалпы аумағы 237 959 шаршы метрді құрайтын 11 көшені (қала көшелері) орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда.
Қонақтарға Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін таныстыру мақсатында 24 нысан дайындалуда.
— Өздеріңіз көріп отырғандай, — деді облыс басшысы баяндамасын қорытындылай келе, — атқарылған жұмыстар көп. Алайда, шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Апатты жағдайдағы үйлерді толық жаңартып болған жоқпыз, халықаралық маңызы бар Атырау-Астрахан тас жолының жағдайы нашар, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жобалар іске асып жатқанымен, өзіміздің қажеттілігімізді толық өтейтіндей дәрежеге әлі қол жеткізе алмай келеміз. Сондықтан, облыс тұрғындарын бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.
ҰСЫНЫС. ПІКІР. ТІЛЕКТЕР
Жиын барысында активке қатысушылар облыс әкімінің екі жылда атқарған жұмысына оң бағаларын беріп, ұсыныс, пікір, тілектерін ортаға салды, сұрақтарын қойды.
Өзін толғантқан мәселені қозғап, айтып, сауалына жауап іздегендер қатарында «Кеніш» шаруа қожалығын ұйымдастырушы Сахибеден Бекенов те болды.
— Атырау қаласында, тіпті жалпы облыс бойынша бірде-бір жерде бір келі жүн немесе тері сататын орын жоқ. Сол себепті, мал өнімінің тек етін ғана пайдаланып отырмыз. Шаруа қожалығымда мың жарым қой бар. Жылына екі рет жүнін қырқып, өртеуге тура келеді. Сондай-ақ, жергілікті ет өнімдеріне сұраныс аз. Ал, базарлар Қалмақ, Татарстан, Ресей және т.б. елдерден келген еттерге лық толы да, біздің өнімдерге орын жоқ, — деп ол өзін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.
— Тек Атырау облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда тері мен жүнді өңдеу саласы мүлдем қалыс қалған. Биыл жүнді иіріп, өңдеп және тоқитын өндірісті қолға алғалы тұрмыз. Облыста жылына 700 тоннадай қой жүні шығады екен. Әзірге соның 300 тоннасын ғана пайдаланбақпыз. Келесі жылы өндіріс іске қосылады деп жоспарлануда. Тері өңдеу әдісін қолға алуға әзірге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ, болашақта бұл мәселені де қарайтын боламыз. Біз Германия, Италия елдеріндегідей тері өнімдерін шығара алмайтынымыз анық, дегенмен, қолымыздан келгенше өңдеп, әзірлеп, сатуды жүзеге асыруға болады, — деп облыс басшысы сұраққа нақты жауап берді.
Сондай-ақ, кәсіпкер Бағыт Айдашев та сөз алып, облыс басшысының атқарып жатқан жұмысына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, коммуналдық базар және қазіргі заманға сай ет комбинатын салу – уақыт талабы екенін айтып, олар іске қосылғанда ғана жоғарыда айтылған мәселелердің бәрі түбегейлі шешілетінін жеткізді. Бұған қоса, кадр мәселесіне де көңіл аудару қажеттігіне тоқталды.
— Бақтықожа Салахатдинұлы облыс басшысы болып тағайындалған кезде өңір мен оның халқы үшін қиындау кезең болатын, — деді сөз алған ардагер-журналист Любовь Монастырская. – Басталған бірнеше құрылыстар жұмыстары тоқтап, жұмыссыздық мәселесі көтеріліп, тұрғындардың ертеңге деген сенімдері азайып, көңіл-күйлері жоқ болған кез еді. Ал, қазір ше? Базарларда жергілікті өнімдер көбейгенін байқаймыз. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың халықтың әр әлеуметтік топ өкілдеріне деген оң көзқарасы қуантады. Ассамблея жұмысы жандана бастады, халық арасындағы бірлік нығайып келеді. Жуырда Атырауда Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен өтетін өңіраралық ХІ форум да бірлігімізді одан әрі бекіте түсіретініне күмән жоқ. Осы алқалы жиын барысында Атырау мен Астрахан тас жолы бойының мәселесін екі ел бірігіп шешуге атсалысуы керек.
Ал, ардагер-ұстаз, қоғам қайраткері Рашила Мұрсалиева облыс басшысының мәдениет саласына деген қамқорлығына шексіз алғысын айтып, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың биыл 75 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында комиссия құрылып, республикалық деңгейде үлкен шаралар өткізілсе деген тілегін білдірді. Бір кездері болған Бейбарыс және Махамбет атындағы сыйлықтарды да қайтадан жаңғырту қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов, Мұфтах Диаров сияқты біртуар тұлғаларымыздың атындағы сыйлықтарды тағайындау, олардың еңбектерін насихаттау – ұрпақ парызы екенін жеткізіп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстармен айналысу жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Ағымдағы жылдың 3 қазанында Мәслихаттардың 20 жылдығы аталып өтпекші. Осыған орай облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов сол күні Мәслихат депутаттары алдында тағы да жасалған және кезегін күтіп тұрған шаралар жөнінде толық есеп беретінін атап айтты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.