ӨМІРШЕҢ ЖОБАЛАР ӨРІСІ
Алдымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде берілген несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды сұраған «Кеңесов А.А.» жеке кәсіпкерлігінің өтінімі қаралды. Жеке кәсіпкердің көліктерге техникалық қызмет көрсету стансасының құрылысын жалғастыруы және оған қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуы үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен, «АТФ банкі» АҚ Атырау филиалы арқылы 10,0 млн. теңге көлемінде несие беруге ұйғарым шығарылған. Сұралып отырған кепілдендіру сомасы 4,9 млн. теңгені немесе несие сомасының 49,8 пайызын, жылдық сыйақы мөлшері 14 пайызды құрайды. Сақталған жұмыс орны жоқ, жаңадан 12 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Келесі кезекте бұған дейін мақұлданған «Құрманғазиев Р.К.» жеке кәсіпкерлігінің бизнес жобасын қайта қарау және оны субсидиялау мерзімін ұзарту мәселесіне назар аударылды. Жеке кәсіпкер 2013 жылдың 31 мамырында «Пенополистирол (пенопласт) материалдарын шығаратын цех ашуға керекті жабдықтарды сатып алу және айналым қаражатын толықтыру» жобасын ұсынған. Осы жобаны субсидиялау үшін 12 ай мерзімге 18.0 млн. теңге несиеге өтінім берген. Осыған орай «Қазақстан халық Банкі» АҚ Атырау облыстық филиалынан сұранысты қанағаттандыруға ұсыныс түскен. Несие қалдығының сомасы 10,5 млн. теңгені құраса, келісім-шарт мерзімі 2014 жылдың 1 тамызына дейін деп көрсетілген.
Бұдан кейінгі «Ханшатыр» жеке кәсіпкерлігінің өткен жылдың 24 сәуірінде ұсынылған бизнес жобасында «Балабақшаға қажетті жылжымайтын мүлік пен жабдық, оған қоса автокөлік сатып алу» мақсаты көзделгендігі белгілі болды. Мұнда да 21,2 млн. теңге сомасындағы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға (12 ай мерзімге) сұраныс түскен. Соған сай «Қазақстан халық Банкі» АҚ Атырау облыстық филиалынан субсидиялау уақытын ұзарту туралы ұсыныс жолданған.
Сол сияқты, 2012 жылдың 28 маусымында қабылданған үйлестіру кеңе-сінің шешімімен «Жылыжай кешенінің құрылысын» қолға алған «Жұмағалиев Ө.К.» жеке кәсіпкерлігі тарапынан жолданған жобаны қаржыландыруға берілген несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі өтінім де мақұлданып, қанағаттандырылған. Дегенмен, дәл осы жобаның кейіннен қабылданған «Даму-өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасына да қатысу мүмкіндігі барлығы және барлық талаптарға сай келетіндігі ескерілген. Сол себепті де, жеке кәсіпкер «Қазақстан халық Банкі» АҚ Атырау облыстық филиалы басшылығымен келісе отырып, осыған дейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында берілген субсидияны тоқтатып, қазіргі жағдайда өзіне тиімдірек саналатын жаңа бағдарламамен жұмыс жасауға көшуді ұйғарып, соған байланысты рұқсат берілуін өтінген.
2011 жылдың 24 маусымында «Еуразиялық Банк» АҚ облыстық филиалынан 8,8 млн.теңге көлемінде несие алып, «Терезе перделерін тігуге арналған салон құрылысын» бастаған атыраулық жеке кәсіпкер Айсұлу Оразбаева да қарызға берілген қаржының сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау үшін өтінім түсірген. Ал, «Інжу-Маржан» ЖШС болса, 2013 жылдың 1 тамызында «Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу» жобасын қаржыландыруға 12 айға субсидиялау мерзімімен 3,2 млн. теңге сомасында несие берілуін сұраған. Енді сол субсидиялау мерзімін ұзартқысы келеді. Қазірде несие қалдығы 2,3 млн. теңге болса, келісім-шарттың мерзімі биылғы шілде айының 11-інде бітіп кеткен.
Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралған жобалардың қатарында, сондай-ақ, «Open Clinic» ЖШС-нің Атырау қаласындағы ғимаратын жаңғырту», «Kuan Trans Logistics» ЖШС-не арнаулы техника сатып алу» жобаларына қатысты біраз деректер келтірілді. Бұлардың алдыңғысы «Банк Центр Кредит» АҚ Атырау облыстық филиалынан 36 айға есептелген субсидиялау мерзімімен 70,0 млн. теңге несие алса, соңғысы да сондай мерзіммен және дәл сол банктен 150 млн.теңгеге қаржыландырылған. Және бір мәлімделгені, бірінің келісім-шарты ағымдағы жылдың 7 желтоқсанына дейін күшінде тұрса, екіншісінің уақыты 2015 жылдың 30 тамызында аяқталады. Екеуі де еншісіндегі несиелерінің субсидиялау мерзімін ұзартып, кейбір өзгерістерге орай пайыздық мөлшерлемелерін қайта қарап, бекітіп беруді сұраған екен.
Бұлардан басқа, үйлестіру кеңесінің мүшелерін құлағдар қылу мақсатында «Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің» BAS бағдарламасы операторынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік өкілдігіне «Алмас Семсер» ЖШС-нен және «Қоңыр Мандоки атындағы «Қазақ тілі қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінен екі жобаның келіп түскендігі хабарланды.
Қорыта айтқанда, Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, талқыланған жобаларға қатысты ортаға салынған ұсыныс-пікірлер олардың болашағының барлығына, елдің мүддесіне қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Сондықтан да, өміршең жобаларды толығымен қуаттап, қолдады.
Дәулетқали АРУЕВ