Олимпиадада Қытайдағы 9 қандасымыздың екеуі жүлде алған
Соңғы жылдары Қытайдағы ат төбеліндей аз ғана қандастарымыз арасынан Олимпиада ойындарына 9 қандасымыз қатысқан. Оның ішінде бесеуі Жазғы Олимпиада ойындарында, төртеуі Қысқы Олимпиадада сынға түсті.
Атап айтсақ, Жазғы Олимпиада ойындарында Қытайдағы қандастарымыздан тұңғыш Олимпиадаға қатысқан Әлнұр Төргеұлы. Ол 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен сынға түсті. Бұл Олимпиадада боксшы Қанат Ислам да шаршы алаңға шыққан болатын. Алайда, ол Олимпиада жарыстарына Төргеұлынан кейін шыққандықтан екінші қандас ретінде есте қалды. 2008 жылы Бейжің қаласында өткен Жазғы Олимпиадада Қанат Ислам Қытайдағы қандастар арасында тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанғанын жақсы білеміз.
2018 жылғы Ақ Олимпиада ойындарында қандасымыз Аршынғазы Шәкенұлы коньки спортынан алғаш рет сынға түсті. Ал өткен жылы Токио Олимпиадасында Қытайдан шыққан екінші қандасымыз жүлдеге ілінді. Міне, биыл Бейжіңде өтіп жатқан Ақ Олимпиада ойындарында үш қандасымызға жанкүйер болдық. Қарап отырсақ, Қытайдағы ат төбеліндей аз ғана қандасымыздан осы күнге Жазғы және Қысқы ойындарға жалпы саны 9 спортшы қатысып үлгерген. Болашақта бұл сан тағы да ұлғая түседі деген сенміздеміз. Енді әр Олимпиада мен әр спортшы туралы жеке-жеке тоқталып өтсек. Жазғы Олимпиада ойындары: Афины Олимпиадасы (Грекия) —
2004 жылы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиада ойындарына Қытайдағы қандастарымыздан екі спортшы барды. Оның бірі грек-рим күресінің шебері Әлнұр Төргеұлы болса, екіншісі боксшы Қанат Ислам болатын. Алайда, Грек төрінде екеуі де жүлдеге іліге алмады. Әлнұр Олимпиада ойындарын 13-ші орынмен аяқтаса, Қанат іріктеу сындарынан өте алмаған болатын. Осы Олимпиададан кейін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері бапкерлікке бет бұрды. Қанат болса ары қарай карерасын жалғастырды.
Бейжің Олимпиадасы (Қытай) — 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы шетел қазақтары арасынан Қанат Исламның қола жүлдегер атануымен есте қалды. Осылайша, Қанат Қытайдағы Олимпиада ойындарынан жүлде алған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Кейін Қанат Ислам атажұртына біржола қоныс аударды. Қазір кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасы (Бразилия)- 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Ерланбек Кәтейұлы есімді тағы бір қазақ Қытай атынан өнер көрсетті. Ол 1990 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Ол — Қытайдағы қазақтар арасынан Олимпиадаға жолдама алған үшінші қазақ. Алайда Риода қандасымыз Олимпиада тұғырынан көріне алған жоқ.
Токио Олимпиадасы – 2021 жыл Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарына Қытайдағы қандастарымыздан екі спортшы қатысты: бірі боксшы болса, екіншісі — грек-рим күресінің шебері. Бокстан 75 келі салмақта сынға түскен Тоқтарбек Таңатқанұлының Токиода жолы бола қоймады. Алайда, екінші қандасымыз грек-рим күресінен 60 келі салмақта белдескен Уәлихан Серікұлы Бейжің Олимпиадасындағы Қанат Исламның жетістігін қайталап, Қытай қоржынына қола медаль сыйлады. Осылайша, екі қандасымыз — Қанат Ислам мен Уәлихан Серікұлы Олимпиада ойындарында Қытай құрамасына екі медаль сыйлады.
Қысқы Олимпиада ойындары: Пхенчхан Олимпиадасы (Оңтүстік Корея) — Қысқы Олимпиада ойындарына Қытайдағы қандастарымыз алғаш рет 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиадаға қатысты. Атап айтсақ, Пхенчханда шыңжаңдық қандасымыз Аршынғазы Шәкенұлы конькимен жүгіруден сынға түсті. Алайда ол жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ. Аршынғазы Үрімжі қаласында дүниеге келген. 2010 жылы конькимен жүгіруден Қытайдың ұлттық құрамасының мүшесі атанып, бірінші рет Олимпиадаға қатысты.
Бейжің Олимпиадасы (Қытай) — Бұл күндері Бейжіңде XXIV Қысқы Олимпиада өтіп жатыр. Осыған дейін хабарлағанымыздай аталған додада үш бірдей қандасымыз бақ сынады. Олар: коньки спортынан — Ақнар Адақ, шаңғы спортынан — Баян Жалын және Қадыс Беделханұлы. Өкінішке қарай, үшеуі де жүлдеге іліне алған жоқ. Конькиші Ақнар Адақ — Шынжаң өлкесі, Құтыби ауданында дүниеге келген. Бұған дейін 2019 жылғы Қытай біріншілігінде 5000 метрлік жарыста — «алтын», 3000 метрде — күміс медаль алған. Халықаралық жарыстарға да қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.
2016 жылы Қытай ұлттық құрамасына қабылданған. Шаңғышы Баян Жалынқызы Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Жеменей ауданында дүниеге келген. Қытай біріншіліктерінің жарыстарына қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.
2020 жылы Дрезденде (Германия) өткен Әлем кубогында 9-орын алған. Тағы бір шаңғышы қандасымыз Қадыс Беделхан Шыңжаң өлкесі, Санжы облысында дүниеге келген. Қытай біріншілігінің жеңімпазы. 2017 жылдан бері Қытай ұлттық құрамасының үздік спортшыларының бірі саналады.