Олигархтардың заманы өтті

d169jnp8vtwtwpqbssszufkecrnlrajxm1qm8ekz.jpg width1200xheightautoxtype1 Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы – Қазақстан Республикасының легитимді заңды президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы болған мемлекеттік төңкеріс əрекеті.

Қасіретті қаңтардың себептері өте тереңде жатыр. Ол – 30 жыл ішінде елдегі əділеттілік, бірлік құндылықтарының бұғанасының бекімей, бірікпеуі, ұлт байлығының басым көпшілігінің ат төбеліндей адамдардың қолында кетуі, халықтың саясатқа араласуына шек қою мəселелері. Осының барлығы мемлекет пен халық арасындағы байланысқа балта шапты десе де болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін елімізде демократия мен плюрализм болмай, экономикалық даму мүмкін еместігін айтқан еді. Яғни, олигархтардың, протекциямен билік басына келген азаматтардың шексіз билігіне шектеу қойылатын болды. Осы кезде реакционерлер, реваншистер мемлекеттік төңкеріс жасауды ойға алды. Бірақ, ол жүзеге аспады. Президенттің батылдығының арқасында елімізде конституциялық жүйе қайтадан қалпына келді.

Халықтың басым көпшілігі сол кезде əділеттілік үшін, экономикалық саясаттың ел мүддесі жолына жұмсалуы үшін алаңға шықты. Алайда, олардың əділеттілікке деген ұмтылысын реваншистер пайдаланып кетті. Қаңтардың негізгі себебі осында. Біздің қоғам өзгерістерге зəру жəне оның тез жүзеге асқанын қалайды. Қазір елдегі өзгерістер өте қатты қарқынды жүріп жатыр. Конституциямыз «жеке адамға табынушылық» синдромынан аластатылды. Еліміздің саяси ландшафты түбегейлі өзгеруде. Олигархтар мен заңсыз байығандардың да заманы тұйыққа тірелді. Жаңа Парламент, жаңа мəслихаттарға жаңа тұлғалар келуі керек. Өзгеріс дегеніміз осы! Саясаткерлердің бет-əлпеті өзгеріп тұруы тиіс, саяси сахнаға үнемі жаңа адамдар шығып тұруы қажет. Саяси дамудың логикасы осында. Бүгінгі күннің басты мəселесі – демократия мен плюрализмді охлакратия мен анархияға айналдырып жіберуге жол бермеу. Ал, демократия дегеніміз – заң мен тəртіп. Оның басты аспектісі норма мен процедура екендігін анықтап алу қажет. Максимализм, экстремизм, төзбеушілік тəрізді қоғамдық дерттерден сақтану тетіктерін қалыптастыру өте маңызды.

Қазақстанның географиялық жағдайы өте күрделі. «География – это приговор» деген ұғым бар. Біз географиялық тұрғыда Еуропада немесе Солтүстік Америкада қоныстансақ, басқаша əңгіме айтуға болатын еді. Ал, біз айдаһар мен аюдың ортасында отырмыз. Екеуінің де азуы алты қарыс, батыс күштеріне бой берейін деп тұрған жоқ. Бізге əрқашан осы факторларды есте сақтап отыру қажет. Бірақ, «қайнаған отқа» жеткізбей, көршілермен қарымқатынасты, өзіміздің арамыздағы араласқұраластықты салмақты, салиқалы түрде дамыту өте маңызды. Жаңа саяси мəдениет дегеніміз – өзара төзімділік. Мемлекетті сыйлау, демократияға процедура арқылы жету. Бүгінгі аумалы – төкпелі заманда біздің халқымыздың ең басты құндылығы – тəуелсіз, мығым Қазақстан мемлекеті! Бізге демократия мен плюрализм қажет, дегенмен демократия мен плюрализм Тəуелсіз Қазақстанның мызғымастығын арттырып, территориялық тұтастығын қамтамасыз етудің құралы болуы қажет. Айналамызда қаншама мемлекеттер шалыс басып, мемлекеттілік бірлігінен айрылып, территориясының бір пұшпағынан ада болып отыр. Мемлекеттің қабырғасын сөгудің бірінші қадамы ел тұрғындары арасында араздық туғызып, қоғамдық дезинтеграция жасау. Бүгінде əлемде жалпы тұрақсыздық пен араздықтың индексі сағат сайын өсіп келеді. Дəл осындай қиынқыстау кезеңде бізге бірлік, ынтымақ, ықпалдастық, өзара сыйластықтың амалдарын жасау өте маңызды. Əрқайсымыз артымызда жанұя мен туыстарымыздың мұң-мүддесімен қатар мемлекеттің де мүдделері тұрғанын, мемлекет деген əрқайсымыз екендігін, сол мемлекет үшін болашақ ұрпақ алдында бəріміз бірдей жауап беретінімізді есте сақтайық.

Қаңтар қайталанбауы үшін елімізде саяси реформа болуы керек. Халық саясатқа араласуына толық құқылы болуы қажет. Сондайақ, олигархтардың бүгінгі саясат пен экономикадағы орнына балта шабылуы, «олигарх» деген ұғымның өзі белгілі бір құбылыс ретінде жойылуы тиіс. Бұған қоса, елдегі кедейлік мəселесі түбегейлі шешімін тапқаны жөн. Халықтың 15 пайызы – кедей. Мемлекеттің ең негізгі функциясы да осы бағытта болғаны дұрыс.

Ерлан САИРОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз