Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қолдан жасалған қырғын

Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің құрамында болып, тоталитарлық режимнің зобалаңын көрген қазақ халқының да қасіреті шаш-етектен. Ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, дәулетті адамдардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері қуғындалып жапа шексе, алдындағы малынан айрылған кедей қазақ 1931-32 жылдары ақсирақ аштыққа тап болып қырылды. Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде 1920-1930-жылдарда қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам, 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

Screenshot_1

Тарихшы Талас Омарбековтың айтуынша, тек қана 1930 жылдың маусымынан 1933 жылдың маусымына дейінгі аралықтағы ашаршылық құрбандарының жалпы саны 3 миллион 379 500 адамнан асып жығылады. Мұның 1 миллионнан астамы босқын есебінде көршілес елдерге кеткен. Сонда үш жыл ішіндегі нақты құрбандардың саны 2 миллион 200 мыңды  құрап, халықтың 49 пайыздық өлшемін көрсетеді.

Ашаршылықтың қандай сұмдық зардап әкелгенін білу үшін есепке жүгінелік: 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша, өзбек-тің саны 1 млн. 690 мың, ал, тәжіктер 350 мың болыпты. Ал, сол кезде қазақтың саны 4 млн. 84 мың адам болған. Бұдан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 миллионға жуықтаса, қазақтың саны 9 миллионға әзер жеткен. Аштықтың қазақ үшін қаншалықты нәубет болғанына бұдан артық қандай дәлел-дерек  керек?

Соның салдарынан 1 030 мың адам республикадан тыс аймақтарға босып кетті. Оның 616 мыңы оралмады, ал, 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардың айтуынша, оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге — Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға жол тартты. Соның ішінде Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшіп барғандар санын келтірсек, шамамен алынған соңғы деректер бойынша, қазір Орта Волгада – 40 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қырғызстанда – 10 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар екен.

Screenshot_2

Мұстафа Шоқайдың сөзімен айтқанда, «большевиктердің «аштық» саясаты» («голодная» политика большевиков») ХХ ғасырда миллиондаған адамдарды орны толмас қайғы-қасіретке ұшыратты.  Сол жылдардағы аштан өлудің мынадай үш түрі: 1) үйінен шыға алмай «жүріп кету». Яғни, ыстық мезгіл уақытында бұзылған мәйіттің иісінен сезіп, көму немесе әл-ауқаты бар адамдардың «пәленше көрінбейді» деп үйіне іздеп барып, үстінен түсуі; 2) ауыл ішінде үйлерден қайыр сұрап жүріп, көшеде жығылып қалуы; 3) аштықтан әбден жүдеген, әлі ептеп күш-қуаты бар адамның жандалбасамен «бір жердегі жекжатыма барсам аман қалармын» деген үмітпен үйден шығып, жолда жан тапсыруы» көрсетіледі.

Енді ашаршылықтың адам психологиясы мен санасына қанша әсер еткендігін мына бір ғана мысалмен келтірсек, қазірдің өзінде сонау күндердің әлі көз алдымызда елестейтіні белгілі. «Бесеудің хаты» авторының бірі, ату жазасына ке-сілген Мансур Ғатаулин 1937 жылы «халық жауы» деп қамауға алынып, сотталған. Ол кейін сотта отырғанда өз жол-дастарын көрсетіп былай деді:

«…Мыналар – халық жаулары емес. Жау – менмін. Сондықтан да, мені соттаңдар. Бірақ, мен де – халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал, ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды.  Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ, әне-міне өлетіні көрініп тұр.  Айғай-шуды естіп, сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам – қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді.  Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым…».

Screenshot_3

Ашаршылық құрбандарының аруағына бас иіп, тағзым ету, сондай-ақ, тарихтың осынау қасіретті бетін болашақ ұрпақ білу үшін оны ағартушылық және ғылыми-зерттеушілік бағдарламаларға енгізу мен солар арқылы ашаршылық жа-йындағы ақпаратты кең тарату бүгінгі ұрпақтың  басты парыздарының бірі болуы тиіс. Ендеше, еліміздің тарихында өшпес қара дақ қалдырған осынау қа-сіретті кезең – 30-шы жылдардағы ашаршылыққа душар еткен ұлттық апатты бүкіл халық болып еске алып тұратын арнайы күн белгілеудің маңыздылығы күмән туғызбайды.

Қазіргі таңда ашаршылыққа саяси-құқықтық баға беру мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ашаршылық құрбандарын еске алу күнін белгілеуге қатысты тарихшылар пікірі 1930-1932 жылдардағы ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін зардаптарын сталиндік тоталитаризм деп біріктіргенімізбен, бұл екеуі – сипаты мен мағынасы жағынан, мазмұны мен ауқымы тұрғысынан мүлдем екі бөлек оқиға. Алайда, осы күнге дейін жалпылай «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталып жүр. Ал, әлем елдерінде қайғылы оқиға салдарынан құрбан болғандарға арнал-ған еске алу күндері өтеді. Ресейде 27 қаңтар  – Холокост құрбандарын еске алу күні, 24 сәуір – Армян халықтарының геноцид құрбандарын еске алу күні. Ал, Әзірбайжан мен Түрікменстанда «Ұлттық Аза күні» болып жарияланған.

Рас,  алаш жұртын қырып өткен ашаршылық туралы айтылып та, жазылып та келеді. Әйтсе де, біз енді не істесек те, соншама миллиондаған қазақтың орнын ешқашан толтыра алмаймыз. Өсерміз, өнерміз, бірақ, орны үңірейіп тұра бермек. Алайда, өз Отанында аштықтан көз жұмған Алаш баласын жоқтау  – біз үшін өмірлік парыз. Алдағы уақыттарда, әзірбайжан немесе түрікмендердей, біз де «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» датасынан бөлек «Ұлттық Аза күнін» белгілеуіміз  керек!

P.S. Көптен әртүрлі деңгейде айтылып жүрген бұл ұсы-ныстың мәні мынада: Өткен тарихқа терең баға беріп, оны кейінгі ұрпақ жадына мықтап сіңіру бүгінімізді байыпты па-йымдауға, одан әрі болашағымызды жан-жақты бағдарлауға негіз қалайды. Жас буын қазіргідей өз қолымыз өз аузымыз-ға жеткен мамыражай заман қаншалықты құрбандықтармен келгендігін біліп өспейінше, олардың бойында ұлтжандылық, Отанға, халқына деген оттай ыстық сүйіспеншілік маздап тұрады деп айту да қиын. Сондықтан да, біздің жиі ауызға алып, тынбай қайталайтын «тәуелсіздік тағылымдары» дегеніміздің түп-төркіні осындай шешімді іс-қарекетте!.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button