Қолдан жасалған қымбатшылық
«Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» мынау заманда қай-қайсысымыз да жақсы өмір сүргенді қалаймыз. Қолжетімді баспана, тәтті тағам, жылы киім, арзан дәрі-дәрмек – бүгінгі адамзаттың арманы. Бірақ, «көк қағаз» бағамы көтерілсе, азық-түлік бағасы да аспандап кететіні бар. Тіпті, шикізатты шетелден тасымай-ақ, өнімді өзімізде өндіріп жатсақ та, қымбатшылықты құрықтай алмай келеміз. Оның себебі неде, салдары қандай?
Өз өнімімізді өгейсітпейік!
Бүгінде экономист мамандар қымбатшылықтың қолдан жасалып отырғанын алға тартады. Қарапайым мысал келтірер болсақ, биыл ғана зейнетақы төлемі сәл өсе салысымен, дүкен сөрелеріндегі тамақ пен басқа да әлеуметтік маңызды қажеттіліктер – пойыз билеті, төлқұжат, коммуналдық төлемдер құны шарықтай бастады (Арнайы кестеде көрсетілген. Автор). Тіпті, айлық есептік көрсеткіш көлемі де артты. Ендеше, осынау қымбатшылықтан құтылудың жолы қандай? Біз бұл сауалды Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Бақытгүл Жұмалиеваға қойған едік.
– Рас, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қабылданғаннан бері отандық өнім көлемі еселеп артты. Олар өзімізде өндірілгенімен, құны шетелдік тауардан да қымбат. Сәйкесінше, оны ешкім сатып алмаған соң, тұтыну көлемі аз болады. Себебі, тұтынушылар алдымен бағаға қарап, сапасына бас ауырта бермейді. Ақыры, сырттан келген арзан өнімді алады. Міне, осыдан келіп, тауар айналымы төмендейді. Сөйтіп, отандық өнімнің тынысы тарылады, — дейді метролог маман.
Жасыратыны жоқ, бүгінде сатылымдағы тауардың басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Бұған тұрғындардың да бойы әбден үйреніп кеткен. Осы орайда, жас ұрпақ бойындағы ұлтжандылық қасиет ересектерге жетпей жатқан секілді. Әйтпесе, «еліме еңбек етейінші» деп күні-түні тырпаңдап жүрген жергілікті кәсіпкерлерге қолдау білдіру үшін бір рет отандық өнімді сатып алсақ, неміз кетеді?
Ал, Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Ғалия Дүйсенованың айтуынша, отандық өнімнің өтпеуінің тағы бір себебі – бәсекеге қабілетсіздігі.
– Атырау облысында азық-түлікті шетелден сатып алу үшін 8 айда шамамен 120 мың АҚШ доллары жұмсалған екен. Яғни, осынша қаражат Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан елдерінің қалтасына құйылған деген сөз. Бұл тек азық-түлікке қатысты әңгіме, басқасын өзіңіз шамалай беріңіз. Енді бір мәселе, жергілікті тұрғындардың тікелей психологиясына келіп тіреледі. «Отандық өнім» десе, көпшіліктің көкейінде бір сенімсіздік пайда болады. Қолда бардың қадірін білмейміз де, шетелдің жылтырағына қызыға қараймыз. Жыл сайын әлеуметтік маңызды деген 20 шақты өнімнің бағасын тұрақтандыру мақсатында нарықтағыдан 15 пайызға төмендету жөнінде жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасақталып отырады. Атап айтар болсақ, олар – бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық, күріш, картоп, майлылығы 2 пайыз сүт, сиыр еті және тағы басқа. Ал, бұдан басқасын кәсіпкер қалай саудаласа да өз еркі, — дейді қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің өкілі.
Мүмкіндік мол. Сұраныс жоқ
Жалпы, сауда нарығында қалыптасып қалған бір ереже бар, ол – сұраныс артқан сайын табыстың молаюы. Ал, кіріс көбейсе, өнімнің бағасы да мейлінше тұрақтанады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы ашылған өндіріс ошақтарының мүмкіндігі мол болғанымен, сұранысқа зәру. Солардың бірі – турбина жабдықтарын жөндейтін «Қазтурборемонт» қызметтік орталығы. Қазір қарқыны баяулап, жұмысы тұралады. Өйткені, газ құбырларын тұтынатын компаниядан сұраныс жоқ.
Сондай-ақ, жылына 250 млн. дана бір реттік медициналық ине мен құйылмалы құралдар шығармақшы болған «Брандо» зауыты да осындай күй кешіп отыр. «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-нің кабель зауыты тек 30 пайызға ғана жұмыс жасап тұр. Сол секілді, Индер ауданындағы құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыттың да берешегі 4 млрд. теңгеден асып, жұмысы тоқтаған. Тек осындағы натрий гипохлоридін өндіру зауытын қолға алған «Тұз» серіктестігі үшін ғана жаңа инвестор табылып, жұмысты жандандыруға уәде беріпті. Міне, жергілікті өндірушілердің жайы осындай.
Осы ретте, кейбір мамандар сырттан келетін өнім көлемін азайтып, жергілікті қамтуға маңыз беру қажеттігін алға тартады. Алайда, бұл отандық нарықты түгел қамти алмайтыны анық. Сонда қайтпек керек? Бұл орайда, кәсіпкер Әсет Тұяқбаев тек сауда-саттықпен ғана шектеліп қалмай, бизнестің аясын кеңейтуді ұсынады. Айталық, сұранысқа ғана сүйеніп қоймай, қосымша табыс көздерін қарастырған жөн.
– Импорт тауарларына шектеу қою дұрыс емес. Яғни, «бәсекеге қабілеттілік» пен «тұтынушы таңдауы» деген ұғымдар бар. Мәселен, өзім құмшекерді қолжетімді бағамен сатумен ұсынып келемін. Ол Алматыда, одан қалды Ресейде өндіріледі. Ол жақтағы баға көтерілсе, амал жоқ, бізге де соны қайталауға тура келеді. Ал, кей өнімдер өзімізде өндірілгенімен, шикізат сырттан алынады. Олардың бағасы тұрақты болуы керек. Себебі, шикізаттан бөлек коммуналдық төлемдер мен басқа да шығындар біздің елден есептеледі, демек, арзан. Қаржылық дағдарыс кезінде өндірушілер бағаны күрт өсіріп жібереді. Ондайда, жергілікті халықтың жағдайын алдыңғы орынға қойып, бағаны барынша өзгертпеуге ұмтыламын. Өзім шығынға батсам да, бір ай әліптің артын бағамын, — дейді бизнесмен.
Сапасына қарай саудасы
Қалтасы қалыңдар киім-кешекті Ресей, Түркия, Германия, ал, шамасы келмейтіндер Қырғызстан мен Қытайдан сатып алады. Сатылымдағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 75 пайызы сырттан келеді. Еліне жаны ашыған кей кәсіпкерлер тот баспас өнердің бірі – тоқымашылықты кәсіп етіп, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киімдер топтамасын шығарып жатыр. Олар Атырауда да көп. Демек, жасаймын деген жанға жұмыс бар, тек бастама керек. Қазір сахна киімдерін тіктіретін өнер ұжымдарынан басқа жеке адамдар ательеге тапсырыс бермейді. Атырауда бұл көл-көсір табыс көзі емес. Әйтсе де, қарапайым шұлықты Қытайдан алдырғанша, неге өзімізге дайындамасқа? Осыны бір адам қолға алса, басқасына үлгі болмас па еді?
Атыраулықтарға жақсы таныс бизнес-тренер Әнуар Жұмабайдың айтуынша, жергілікті тауардың бағасы мен сапасын шетелдегімен салыстыруға келмейді. Себебі, ол жақтың зауыт-фабрикаларында өнім кең көлемде дайындалады. Бағасы арзан болатыны да сондықтан. «Біздің елімізде малдан шығатын ет пен сүт өнімдері ғана бәсекеге түсе алады. Бірақ бұл «шетелдікі болған соң ғана сапалы» деген сөз емес. Біз олардан кем түспейтін тауар өндіруге қауқарымыз жетеді. Сондықтан қазірден акциялар мен жеңілдіктер ұсынып, өз өнімімізді өзгелерге жарнамалай беруіміз қажет. Сонымен бірге, бағаны бақылауда ұстаумен айналысатын арнайы мекеме керек» дейді жас кәсіпкер.
Ойып беруге:
Біле жүріңіз!
Жеңілдікпен сатылып жатқан тауарды алуға асықпаңыз. Алдымен, бұрынғы бағасын анықтап алыңыз. Сондай-ақ, сапасына назар аударыңыз. Сөйтіп, жеңілдіктің қандай жолмен және не үшін жасалып жатқанына көз жеткізіңіз. Міне, содан кейін ғана сатып алыңыз.
Инфографика:
Бағасы өскен өнімдер:
Тауықтың сан еті – «Марко» супермаркеті – 671 теңге (+85 теңге)
«Айналайын» сүті (майлылығы 3,2 пайыз) – «Идеал» супермаркеті –360 теңге (+35)
10 дана жұмыртқа – «Анвар» супермаркеті – 235 теңге (+10)
«Prezident» қаймағы (400 грам, майлылығы 15 пайыз) – «Марко» – 410 теңге (+10)
Күріш (1 кг) – «Анвар» – 249 теңге (+57)
Картоп – «Марко» – 113 теңге (+64)
«Ariel» кір жуғыш ұнтағы (3 кг) – «Анвар» –2410 теңге (+579)
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ