Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қарттарды қамқорлап жүрміз бе?

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Қариясын құрметтеп өскен қазақ халқы ата-анасын еш уақытта қамқорлықсыз қалдырмаған. Себебі, халқымызда «үлкенді сыйлау» деген дәстүр, қағидат мықтап орныққан. Десек те, адамдардың бәрі бірдей емес. Әсіресе, кейде қоғамдағы келеңсіз көріністерге куә болып, қарттар үйіндегі қарияларды көргенде «осы біз үлкендерімізді құрметтеп жүрміз бе?» деген ойға қаласың. Шынымен, қарттарға қаншалықты қамқор болып жүрміз? Қым-қуыт тірлікте үлкенді сыйлауды ұмыт қалдырған жоқпыз ба?

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді»

…Күз басталып кетсе де күннің шуағы әлі де кете қоймаған сәулелі сенбінің бірі еді. Біраз серуендеп қайтуға Жайықтың жағалауына келдім. Жұртшылықтың дені осы маңда дерсің. Қол ұстасқан ғашықтар, сәбиін көтерген аналар, асыр салған балалар, бәрі осы жерде тынығып жүр. Жағалаумен жүріп бара жатып, қолындағы ағаш балдағына сүйеніп тұрған қарияны көзім шалды. Әбден шаршаған, тіпті жүруге де шамасы жоқтай көрінеді.

Сырқаттанып тұрған жоқ па деген оймен жанына барып, «Ата, орындыққа отырасыз ба?» дедім. Жәймен ғана басын изегендей болды. Қолындағы балдағын түзедім де, бір жағынан демеп келе жатып, «Ауырып тұрған жоқсыз ба, сізге не болды, дәрігер шақырайын ба?» деп тағы сұрадым. Бірақ, қария біразға дейін үн қатпады. Тек орындыққа жақындаған сәтте ғана, «Қарағым, мені қайтесің, жолыңнан қалма. Көп жаса! Қартайғандық па, кез келген нәрсені көңілге алатын болыппын. Қайғым өз перзентім болды.

Бала-келіннің көңіліне қараудан әбден шаршадым, салымның суға кеткені содан. Тыныштық іздеп, тынығып, ойланып кеткен сәтім ғой» деді ол. Ақсақалдың дауысындағы дірілді сезіп, жанарындағы мұңды көрсем де, өзі айтқасын өз жолыммен кете бардым. Алайда, көп уақытқа дейін оның сөздері ойымнан кетпеді. Иә, өмір әр адамның дегеніндей бола бермейді.

Дегенмен, бейнетінің зейнетін көретін, немере-шөберенің ортасында отбасының жылылығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешетін шағында қарияның көңіліне кірбің келтірген кім? Отбасының берекесін қашырып, әкесін өмірден түңілткен қандай бала? Қазақ қоғамында аға буынның сөзін бөлу, алдын кесу, жолын бөгеу, жаға жыртысу деген секілді жат қылықтар болмаған.

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп ақсақалын құрметтеуге тырысқан. Себебі, өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелі, білімді етіп өсірген қарттың өзін де, сөзін де асыл санаған. Бірақ, мен жағалауда жолыққан қартқа қарап, бұл үрдістердің барлығы бүгінде біртіндеп өзгеріске ұшырап бара жатқанын көргендей болдым.

Ардагерлер – әркез назарда

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетовтың айтуынша, аймақта 59 мыңға жуық зейнеткер бар. Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары да сиреп, бүгінде он екі-ақ соғыс ардагері қалған. Ауыр жағдайда еңбек етіп, тер төккен тыл ардагерлерінің қазіргі саны да екі мыңнан аспайды. Ал, осы саусақпен санарлықтай қалған қарттарымызға қандай көмек көрсетіп, қаншалықты қамқорлыққа алып жүрміз? Бұл орайда ардагерлер кеңесі не дейді?

«Мемлекетіміз ардагерлер мәселесін назарынан тыс қалдырған емес. Ардагерлерге зейнетке шыққан мекемелері қолдау көрсетіп, атаулы мерекелер мен қамқорлық айы аясында, көңіл бөлуді дәстүрге айналдырған. Біздің жұмысымыздың негізгі міндеті де осы аға ұрпақтың мүддесін қорғау, мүмкіндігі шектеулі ардагерлерге қамқорлық жасау. Аймақтағы ардагерлер кеңестері жастарға отансүйгіштік, адамгершілік, ізгілік бағытындағы тәрбие беру мақсатындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып келеді» деді ол.

Ол сондай-ақ, облыста жыл сайын ардагерлерді тұрақты баспасөзге жаздыру мәселесі ұйымдастырылып жүргенін айтты. Қарттарды қолдау айлығында оларға материалдық көмек көрсету де жұмыс тәжірибесіне енген. Сондай-ақ, шипажайларда тынығып, Елордаға саяхатқа жіберетін жомарт жандар мен демеуші компаниялар жетерлік.

«Неменеге жетістің бала батыр?..»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аллаhтың разылығы – ата-ананың разылығында, Аллаhтың ашуы ата-ананың ашуында жатыр» деген. Бұл сөз жиі айтылғанмен, оның мағынасына терең мән беріп жататындар аз. Өйткені, ата-анасын бағып-қағудың орнына, басы артық заттай қарттар үйіне апарып тастауды дұрыс санайтындар бар.

Жалпы, қарттар үйі қазақ жерінде кеңес үкіметі тұсында пайда болған. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарында құрылып, әлеуметтік жағдайы төмен, еңбекке жарамсыз азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен жұмыс істей бастаған. Ал, бүгінде қарттар үйі балалары бас тартқан қариялардың да баспанасына айналып отыр.

Осыны ескерсек, ата-ананы сыйлау, құрметтеу, адамгершілік секілді қазақ қоғамына тән асыл қасиеттер құлдырап бара жатқандай көрінеді. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов «Адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі – өзгеге жасаған жақсылығың» деген екен. Ендеше, жақсылық жасаудан жарысайық.

P.S.

Қазан – қамқорлық айы. Бірақ, бұл адами адамгершілік қасиетіңді бір ғана айда ғана таныт дегенді білдірмейді. Жақсы мен жаман қатар жүрген қоғамда, қартын құрметтеп, сыйламайтын да ұрпақтың бары рас. Алайда, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, салт-дәстүрдің сақталуына жас ұрпаққа дұрыс бағыт пен тәрбие беруде көнекөз қариялардың орны бөлек. Сондықтан, қарттарға қарайлау – ұрпақ парызы. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Ұлы Отан соғысы ардагерлері – 12
Тыл еңбеккерлерінің саны – 2 000
Зейнеткерлер саны – 59 000

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button