Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ол сала саңлағы еді…

Еліміздің көрнекті инженер-гидротехнигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Отан алдындағы ерен еңбегі үшін көптеген орден-медальдармен марапатталған Риздуан Мұғайыпұлы – бар ғұмырын жерасты суын зерттеуге арнаған белгілі азамат.

anu_0897

Өзінің білімділігі, жоғары ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігінің арқасында қатардағы инженерліктен мол тәжірибе жинақтап, он алты жыл бойына облыстың су шаруашылығы басқармасын, кейін он жылдай Жайық-Каспий бассейндік инспекциясын басқарған  Рекең біз үшін сыйлы да құрметті жан еді.

Риздуан Мұғайыпұлы қызмет атқарған 1960-2000 жылдар аралығында осы өңірде су шаруашылығы жұмыстары тиісті дәрежеге көтеріліп, жаңадан су құрылысы мекемелері, өндірістік материалдар шығаратын зауыт, полигондар, жобалау және зерттеу ұйымдары құрылып, су нысандары тұрақты жұмыс жасайтын аудандарда мекемелер ашылып, су ресурстарын тиімді пайдалануда, тасымалдау мен оны реттеуде тым-тәуір нәтижелерге қол жеткізілді. Су ресурстарын дұрыс жолға қою және суды үнемді пайдалану, суармалы жердің берекесін арттырып, шығымдылығын көтеруге, сумен жабдықталатын жайылымдықтар көлемінің өсуіне мүмкіндік жасалды. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бағытында да атқарылған шаруалар аз болған жоқ.

Республикада су шаруашылығы министрлігін басқарған кезімде Атырау өңіріндегі су проблемаларын шешуде Рекеңмен қоян-қолтық бірге араласып, қызметтес болдым. Оны ертеректен білетіндіктен, менің бір аңғарғаным, оның өз мамандығын терең меңгергендігі, білімділігі. Рекең қазақша, орысша таза сөйлейтін, ойын жинақты, толық жеткізетін. Қай маманмен сөйлесіп, пікірлеспесін, олармен түсіністікпен тіл табысушы еді. Жұмысты ұйымдастыру қабілеті де ерекше-тұғын. Ол дауыс көтеріп, ашу шақырмайтын, ешкімді кемсітіп сөйлемейтін, әрі көп сөйлеп істің берекесін алмайтын.

Су шаруашылығы саласын дамытуға айрықша үлес қосқан Рекең тірі болса, бүгінде ортамызда отырып, 80 жасқа толу қуанышын тойлар едік. Бірақ, Алла тағала оған ондай ғұмыр кешуді жазбады. Риздуан Мұғайыпұлының туғанына 80 жыл толуына орай су шаруашылығы саласының бастауыш ардагерлер ұйымы, онымен қызметтес болған шәкірттері еске алу шараларын өткізуде. Бұған өз ризашылығымды білдіремін.

Менің Рекең сияқты абзал азаматпен бірге қызметтес болуым, мемлекеттік мәселелерді бірге шешуге, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуіміз, өмірімдегі қызықты да мағыналы кезең болды деп есептеймін.

Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ,

1981-1990 жылдардағы Қазақ ССР

Мелиорация және су

шаруашылығы министрі.

 

Манаштан шыққан мелиоратор

Шөл далаға су жеткізіп, сайын даланы жасыл-желекке көмкеру, сол арқылы ел ырысын молайтуға үлес қосу. Бұл – Манаш ауылында кіндік қаны тамып, орта білім алған, бүкіл өмірін су шаруашылығына арнаған Риздуан Мұғайыпұлының арманы еді.

Бала күннен арманы оны Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының мелиорация факультетіне жетеледі. Институт қабырғасындағы ғалымдардың, оқытушы-профессорлардың берген дәрісін зердесіне тоқыған ол оқуда да, қоғамдық өмірде де белсенді студенттердің қатарынан көрінді.

«Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша қолына дипломын алып, туған жерін түлетуге келген жас жігіт 1960 жылы Гурьев облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасына инженер болып жұмысқа қабылданады.

Қызметте өзін іскерлігімен, біліктілігімен көрсеткен Риздуан Мұғайыповқа басқарма басшылығы сенім артып, жобалау тобының аға инженері дәрежесіне көтереді. Сөйтіп, өзі армандаған жерасты табиғи тұщы суларының жоқтығын көріп, мал-жан үшін оның қиыншылығын сезініп өскен Рекең аймақты суландыру, су арналарын қазу,  жайылымдық, егістік алқаптарды кеңейту, қысқасы, өңірде су шаруашылығы саласын өркендетудің өрісті де өрелі істеріне білек сыбана кіріседі. Оның қатысымен талай тың жобалар дайындалып, құнды ұсыныс-пікірлер облыс басшылығы деңгейінде талқыланатын тақырып дәрежесіне жетті.

Араға үш жыл салып, жобалаушы аға инженерге су шаруашылығы нысандары құрылысына басшылық жасау сеніп тапсырылады. Ал, 1965 жылы облыстық басқарманың бас инженері лауазымына таңдалған Рекең өзін белсенді ұйымдастырушы, тапсырылған істі жауапкершілікпен сезінгіш, облыстық су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға беруде ұтқыр да батыл шешім қабылдай алатын кадр ретінде таныта білді.

Сонау алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында облыстың мелиорация шаруашылығында үлкен бетбұрысты кезең басталды. Республикалық министрліктің келісімімен облыстың бас мелиораторлығына тағайындалған отыз бес жасар басшы тың ойлары мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға кірісті.

Риздуан Мұғайыпұлы он алты жыл облыстық басқарманы, кейін су ресурстары облыстық комитетінің төрағасы лауазымында жүріп, өңірдің су шаруашылығын  дамыту, жерді мелиорациялау, баптау, қорғау, су қорларын тиімді пайдалану ісіне ерекше назар аударды. Осы жылдар ішінде әрқайсысы 130-150 шақырым болатын Нарын, Бақсай, Бағырлай суландыру жүйелері салынып, пайдалануға берілді.

Облыстағы тұрақты суландырылатын алқаптың көлемі 1975-1990 жылдар аралығында бес есеге өсіп, оның жалпы көлемі 8 мың гектардан 43 мың гектарға жетті. Ал, жерді мелиорациялау нәтижесінде мал азығын дайындау 3 пайыздан 60 пайызға, көкөніс, бақша өнімділігінің көлемі 4,3 пайыздан 80 пайызға жетті.

Рекең басқарған облыстың су шаруашылығы құрылымы жайылымдық жерлерді кеңейту, елді  мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде сүбелі үлестерін қосты.

Рекең Жайық пен Еділ өзендері бассейнінің шекаралық суын пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы өзара келісімге сәйкес мемлекетаралық комиссияның мүшесі болды.

Аймақта су шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Рекең 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Айбынды еңбегі үшін» медалімен, ал, 1982 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Тәуелсіздік жылдарында оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Риздуан Мұғайыпұлы он алты жыл бойына облыстық кеңестің депутаты болып, сайлаушылардың талап-тілектерін орындауға біраз күш жұмсады.

Нұғыман ҚАРАБАЛИН, су шаруашылығы саласының ардагері:

— Ұзақ жылдар Рекеңмен қанаттас бірге қызмет атқардым. Ол барлық су шаруашылығы нысандары құрылыстарын жобалау мен пайдалануға тапсыру мәселелерін шешуге белсене атсалысты. Оларды қабылдауға мемлекеттік комиссияның төрағасы, әрі саланың білгір маманы ретінде мердігер мекеме құрылысшыларына кемшіліктерін айтып, түзеттіруге күш салатын. Рекең үлкен жүректі адам болатын. Өзі таңдаған тура жолдан тайған емес. Оның ұстамдылығы, сабырлылығы, терең ойлау қабілеті, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті әңгімелескен адамын таң қалдырмай қоймайтын.

 

Асылбек СҮЛЕЙМЕНОВ, сала ардагері:             

— Риздуан Мұғайыпұлы Одақ уақытында Ленинградтың, Астраханның, Алматының ірі құрылыс нысандарын жобалайтын ғылыми-зерттеу институттары жасаған техникалық-экономикалық есептерін талқылауға қатысып, ашық пікірін білдіреді, бұлтартпас дәлелдерін айтып, көптің көзін жеткізіп отырады. Ол бұл нысандардың облыстың халық шаруашылығы үшін аса қажет екендігін  айтып, Мәскеу арқылы тиісті қаражат мәселесін шешуге мұрындық болған азамат еді. Соның нәтижесінде Приморье, Миялы суландыру жүйелері сияқты ірі мелиорациялық құрылыстар тұрғызылғандығын айтпай кетуге болмас.

Бақытжан ЖҰМАТ

 

Есімі – ескерткіш тақтада

«Бұл үйде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері МҰҒАЙЫПОВ Риздуан тұрған». Міне, облыс орталығындағы Шамин көшесінде орналасқан №3 үйдің маңдайшасына осындай жазумен ескерткіш тақта орнатылды.

Тұсаукесер салтанатында сөз алған байырғы гидротехник Асылбек Сүлейменов және басқа ардагерлер мен жақын-жуықтары естелік айтты.

— Сонау 1979-2005 жылдар аралығында осы үйдің екінші қабатында тұрған Риздуан Мұғайыпов туғанына, 12 қыркүйекте 80 жыл толып отыр, — деді Нұғман Қарабалин. – Осы кезеңде оның ұлы ер жетті, қызы бой жетті. Есімі елге танылды. Небір атақтар алса да, қайталанбас қарапайымдылығымен ерекшеленген оның аты енді ұрпақтар жадында жатталмақ.

anu_0919

Бұдан  кейін  Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш сөз алды:

— Ауылшаруашылық саласы, соның ішінде су шаруашылығының белді майталманымен әр салада қызметтес болған едім. Ұлы Отан соғысы кезінде кем дегенде алты ай тылда еңбек еткендер қазір тыл ардагерлері қатарына жатқызылады. Бұл тізімге оның да есімін енгізуге толық негіз бар, — деді ол.

Тағы бір әріптесі Бисен Қуанов оның «Халықтар достығы» орденінің иегері екенін, халық депутаттары кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болғанын атап өтті.

— 1969-1990 жылдар аралығында тікелей қарамағында еңбек еттім. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға зор үлес қосты. Атап айтқанда, 1,5 мың шақырымдық суару жүйесін құрып, жарты мың шақырым топтық су құбырын жүргізді. Сол суды әлі күнге дейін халық тұтынып, егістік пен жайылым жерлерін суарып отыр емес пе? Ендеше, елі үшін еткен еңбегін қалай елемессің? Мұны кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сонымен бірге, ол он жыл бойы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау су ресурстарын басқарды. Білікті басшы ешуақытта да су тапшылығының орын алуына жол бермеді, — деді ол.

Соңында игі шараға мұрындық болған облыс басшылығына ардагердің ұлы Ғалымжан Мұғайыпов шексіз алғысын білдіріп, көзкөргендер естеліктерімен бөлісті.

Амандық Сағынтайұлы

Суретті түсірген:

Әнуар Әбілғазиев.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button