ОҚЫРМАНҒА АРНАУ
Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нұреден Есмағамбетовтен білгеніміздей, өткен жартыжылдыққа аталған компаниялар төрт жүзден астам ардагерді газетке жазыпты. Демеуші мекемелер арқылы 2800-ге жуық оқырманның үйіне газетіміз тұрақты жетіп отырған. Бұл үрдіс осы жолы да жалғасын тауып, оқырмандарымыз әлемде, елімізде және өңірімізде болып жатқан барлық жаңалықтармен газетіміз арқылы танысып отырады деген сенімдеміз.
Редакцияға хабарласып жатқан тұрақты оқырмандарымыздың көп жағдайда пошта қызметіне айтар шағымы көп. «Қаланың қақ ортасында отырсақ та, үйімізге газет айлап келмейді. Сатып алайын деп, дүңгіршектерді араласам, одан да «Атырауды» таба алмай қиналамын. Сатушылар «Атыраудан» бұрын ресейлік газеттердің асыға жететінін айтады. Түсінбейтінім, пошта қайда қарап отыр? Біз неге өзіміз жазылған газетті үйімізден күтпей, оны дүңгіршек аралап іздеп кетуіміз керек?» деп қынжылады өзін Қабес деп таныстырған ақсақал. Сондықтан, ұзақ жылдардан бері тұрақты әріптестік байланыста келе жатқан поштадан газет таратуда сергектік танытуды, жұмыстарын ширата түсуді өтінеміз.
Өз кезегімізде оқырмандарымызға «Атыраудың» алдағы уақытта көптеген жаңа бастамалармен мазмұнын толықтыра түсетінін хабарлаймыз. Көп ұзамай оқырман қауымға отбасы, жанұя тәрбиесі, тіршілік түйткілдеріне арналған «Шаңырақ» және құқықтық мәселелерді қозғайтын «Әділет әлемі», жастардың кекейкесті проблемаларын толғайтын «Атырау түлегі» атты жаңа қосымшалар жол тартпақ. Бұдан басқа түрлі жаңа айдарлар, бастамалар газет мамұнына жаңа леп, өзіндік реңк әкелмек.
Ендеше, жаңалықтар мен тағылымды, тәлімді, пайдалы мәліметтер ордасынан сіз де тыс қалмаңыз, қадірлі оқырман! Ойыңызда жүрген ұсыныс-пікірлеріңізді, жеке басыңызды мазалап жүрген мәселелеріңізді хатқа түсіріп, бізге жолдауға асығыңыз! Есіңізде болсын, «Атырау» міндетті түрде көмекке келеді! Әрдайым да бізбен бірге болыңыз, құрметті оқырман!
Редакция.