Көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

20201230 153553 Жаңалықтар

      Міне, тағы бір жыл тарихқа айналып, жаңа 2021 жыл өмірімізге енуде. Адам баласы өткен жылда қаншама қиындық орын алса да, онымен қимай қоштасып, жаңа жылдан ерекше сый күтеді. Әсіресе, кішкене періштелер өмірлері ертегіге айналса, сиқырлы таяқшамен бәрін басқарып отырсам деп армандайды.

      «Мүгедек әлемі» үкіметтік емес ұйымының басшысы Күлбаршын Нұржігітова жиырма жылға жуық мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасап, олардың мұң-мұқтажын бірге бөлісіп келеді. Осы уақыт аралығында аталған ҮЕҰ-ның ұйымдастыруымен инватакси, арба биі, өнер фестивалі, түрлі байқаулар, семинар-тренингтер, әлеуметтік аукцион, әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі, шығармашылық дамыту жұмыстары, «Қолтаңба» шеберханасының жұмысы қолға алынды. Ал, жаңа 2021 жылды ұйым ерекше қарсылады. Себебі, оларға «Алмагүл» шағын ауданындағы №28-ші тұрғын үйінің астыңғы қабаты сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Соны мейлінше икемдеп, инклюзив балаларға арнап Жасыл шырша мерекесін ұйымдастырды.

     Мерекеде ерекше балаларды жомарт жандармен бірге, Күлбаршын Нұржігітова, ерекше балалардың анасы Ардақ Хасанова, инклюзив оқушыларды бастап келген Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектептің мұғалімі Лунара Абдоловалар құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Осы мектептің 8 сынып оқушысы Михаил Вязников домбырада күй орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленсе, он саусағынан өнер тамған шәкірттер жаңа жылдық Жасыл шыршаға өз қолдарымен жасаған бұйымдарын ілді.

      – Бұл – үлкен-кішінің асыға күтетін мерекесі. Осындай күнге жетіп отырғанымыз жаратқан иеміздің, қамкөңіл жандарға бей-жай қарамайтын азаматтарымыздың, бізге үнемі қолдау білдіріп жүретін бизнес иелері мен «ТШО» кәсіпорны басшылығының арқасы дер едім. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген жақсы сөз бар. Мен қандайма жетістікке жетсем, ол айналамдағы жанашырларымның арқасы. Олар – Береке, Гүлмира, Бекім, Манарбек, Руслан… Біздің ҮЕҰ-ға қолдау білдіріп жүрген баршаңызға алғысым шексіз, – деді Күлбаршын Балхашқызы.           

Лиза СЕЙТІМОВА

Суретті түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз