ӨКПЕ ДЕРТІ ӨРШІМЕСІН!..

Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында облыстағы туберкулезбен күрес жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалуы тыңдалды.

 

Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин баяндағандай, қазіргі таңда туберкулез аурушаңдығы денсаулық сақтау саласындағы жете назар аударуды қажет ететін мәселенің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары жекелеген көрсеткіштер бойынша төмендеушіліктер байқалғанмен, проблема түпкілікті шешілген жоқ. Биыл жыл басынан бері – 329, оның ішінде, балалар арасында  14  науқас жаңадан анықталған. Жасөспірімдер арасынан анықталған 38 науқастың 14-і студент екендігі алаңдатып отыр. Демек, «әрбір оқу орында жағдайы төмен студенттердің тізімін шығарып, оқу төлем- ақысына жеңілдік жасау, жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру үшін арнайы әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасын ұйымдастыру қажет» деген ұсынысын жеткізді Өмірзақ Зинуллаұлы.

Сондай-ақ, дәріге төзімді науқастар санының өсуі, емделушілер жолақысының кейде төленбей қалатыны, еңбекке қабілетті науқастардың жұмыспен қамтылмайтыны сияқты көтерілген тақырыпқа қатысты жайлар талқыға түсті. Қазіргі дерекке сәйкес, облыс бойынша 76 науқас тұрғын үймен қамтуды қажет етуде. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы 240 орындық санаторлы мектеп-интернаттың жұқпалы дерт ошақтарында, яғни, дімкәс әке-шешелерінің жанында өсіп жатқан балаларды толықтай қамтуға тарлық ететіні байқалады. Осы орайда, облыстық тубсанаторлы №4 мектеп-интернаттың да күрделі жөндеуді қажет етіп отырғанын айта кетелік.

Жұмыспен қамтуды қажет ететін құрт ауруымен ауыратын адамдарды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналастыру жөнінде сөз қозғаған облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының бастығы аталған топтың уақытылы емделген жағдайда қоршаған орта үшін қаупі жоқ екендігін атап өтті. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров мәселеге байланысты мынадай оң жаңалықпен бөлісе кетті. Атырау облысында еліміз бойынша алғашқылардың қатарында бес адамнан мониторинг тобы құрылып, көлікпен, жұмыс орнымен және интернетпен қамтамасыз етілген. Дегенмен, құрт ауруымен ауыратындарға амбулаториялық кезеңде әлеуметтік қолдау көрсету жайы жетілдіре түсуді қажет етіп отыр.

Отырыс соңында ортаға түскен мәселелерді ескере отырып, кешенді жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсыну жөнінде шешім қабылдады. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, әлеуметтің  денсаулығына қатысты тақырыпқа ашықтық ауадай керек. Осыны ескере отырып, әрбір науқастың үй жағдайы, жұмысы, отбасы мүшелері, тағы да басқа деректері жинақталған төлқұжат жасақтау жөнінде де ұсыныс айтылды.

                Құралай ҚУАТОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз