Ойын-сауық орталығындағы өрттің шығуына не себеп?
Atr.kz/17 маусым, 2019 жыл. Нұрлан Ноғаев қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырды.
Бүгін, 17 маусымда, аппарат жиналысы барысында Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін барлық нысандарда өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиналыста 16 маусым күні Райхан қонақ үйінде болған өрт туралы мәселе көтерілді. Өрт кезінде 34 адам эвакуацияланды, оның 32-і жарысқа келген балалар. Барлығына медициналық көмек көрсетілді.
— Біз қайғылы жағдайға жол бермеген төтенше жағдайларға жедел әрекет ету қызметінің үйлесімді жұмысына, сондай-ақ, балаларды көшіруге белсенді қатысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Олар арамызда жүрген батырлар. Дегенмен, басты мәселе — бұл өрттің шығуына не себеп болды, басқа жерде орын алып, қайғылы жағдаймен бітпеуіне кім кепіл?
Осы орайда кәсіпкерлерге мораторий енгізілді. Кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігі туралы заң талаптарын қатаң сақтап, адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнбеуіне толықтай жауапты. Өрт қауіпсіздігіне бей-жай қарауға болмайды . Барлық қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтарын тексеру қажет, — деді облыс әкімі.