Жарнама
Жаңалықтар

ОЙЫН-КҮЛКІМІЗ ЖАРАСҚАН

 

Мына бір естелік сурет сияқты елестейді де тұрады. Мен Семейден оралған едім. Ертесіне театрға келсем, кең маңдайы жарқырап Рсекең бастаған бір топ өнер адамдары алдымнан шықты. Кең құшағын айқара ашып, көп жылдар көріспеген ыстық құшағымыз ұзақ ажырамай тұрып еді…

 Бірде, демалыс күні ол мені қонаққа шақырды. Кең бөлмедегі үстел басына келгенде дастархан мәзірінің өте бір талғампаздықпен жасалғанына, молдығына таңырқағаныммен, ұнатпай тұрғандай басымды шайқадым.

— Неге басыңды шайқадың? Бірдеме ұнамай тұр ма? — деді Рсекең.

— Әрине! — дедім мен.

— Ол не, айтсаңшы енді, — деді жалынғандай болып.

— Осындай шақыру бола ма? Не тарысы жоқ, не талқаны жоқ…

Рысбай айғайға басты:

— Қыздар, Ақмарал, Айман, қайдасыңдар? Мына нағашыларың маған тиісетін ескі әдетін тағы да бастады. Жүгіріңдер базарға! Тарысын да, талқанын да жеткізіңдер! Талқанға көміп қояйын өзін.

Жігіттер қыран-топан күлкіге батты. Шыдай алмай өзім де күліп жібердім. Сол күні бірге болған Қадим, Темірхан, Әлібай, Мұрат (Радж), Ғарифолла, Бақтыгерейлер еді. Шеттерінен салқамдар. «Бүгінгі басталған достығымыз мәңгі болсын», — деп Рсекең бата беріп еді. Ақ бата қабыл болып әлі күнге жұбымыз жазылмай келеді. Тек абзал достарымыз Әлібай мен Мұрат (Рсекең Радж дейтін) өмірден ертерек кетті.

Қанша рет көздессек те әңгіме үстінде айтылған әзілдердің санына адам жетіп болмас. Мына бір кездесуіміз де ерекше еді. Театр алдында тұрғанмын. Бір жеңіл көлік тоқтады. Ішінен Рсекең мен Нариман шықты. Қол алысып, аман-саулықтан кейін Рсекеңе даярлап келген «сыбағаны» алдына тарта бердім.

— Рсеке, кеше Сіз маған «бізге көп тиісе берме, біз «гимніміз бар халықпыз» дедіңіз. Көңіліңізге келсе де айтайын, ата сақалыңыз аузыңызға шықса да көп жайтты біле бермейді екенсіз. Ендеше, тыңдаңыз!

Құрманғазы бабамыз өзінің бір топ шәкірттерімен қазіргі Қызылқоға өңірін аралап, бүкіл елді ән мен күйге бөлеп, саяхаттап жүрген кезі болса керек. Күн кешкіріп қалған кезде үлкен ауылдың үстінен шығады. Ат басын бұрып, ортада тұрған үлкен киіз үйге келіп тоқтапты. Үйден жүгіре шыққан жігіттер қонақтарды аттан түсіріп жатты. Көрші ауылда болған тойда Құрекеңді көрген жігіттер қуанысып, «қош келдіңіздер» айтып, үйге алып кірген. Оң жақта ақ киімді, ақ сақалы төгілген бір қария отыр. Асыға кірген бір жігіт шалдың құлағына айқайлай бастады:

— Әке, Сізге сәлем берейін деп атақты күйші Құрманғазы келді.

Шал салқындау қабақпен қонақтарға бас изеді. Содан соң әлгі жігітті ертіп тысқа шыққан шал:

— Балам, кешегі қасқыр тартып кеткен қой мал болмас, соны сойыңдар. Өзі тым кәрі еді, бес-алты сағат қайнатыңдар, — деді.

Кешке қонақтардың алдына бір табақ сіңірлер мен шандырлар тартылды. Қонақтар ауыз тиіп, ризашылықпен бата беріпті.

Шал қонақтарға бұрылып:

— Сен атақты Құрманғазы, дауылпаз күйші екеніңді білеміз. Күй тарт. Ауылымыз түгел жиналды, -депті.

Құрекең домбырасының құлақ күйін келтірді.

— Беріштен шыққан «Ағатай» деген батыр бабамыз болған екен. Соған арнаған «Ағатай» деген күйімді орындайын, — деді.

Құрекеңдер таң қылаң бере бастағанда аттарына қонып, аттанып кетіпті. Шал есіктің алдына шығып айғайға басқан:

— Атақты Құрманғазы менің сый-сияпатыма риза болғаны сондай, маған арнап «Адай» деген күй шығарды. Шал осы сөздерін қайта-қайта қайталай берді. Даусы қарлыққанша жар салды. Рсеке, ол күйдің аты «Адай» емес, «Ағатай» екен.

Жарылып кетердей азар шыдап тұрған Нариман:

— Оттапсың!- деп ақырып жіберді. Мен қастарынан тұра қашып, аулағырақ жерге барып, шегім қатып күле бердім.

— Мен талай айттым ғой! Бұл Шапайыңа ем қонбайды, — деген Рсекең де еріксіз күле берді.

Күндер өтіп жатты. Балалары әке басына мәңгілік ескерткіш тақта орнатып, зәулім кесене тұрғызды. Елден келген ағайын-туыстар, Рсекеңнің бір топ достары кесененің құрметіне жиналдық. Құран оқылды, бата берілді. Сол жиналған қауым Рсекеңнің Авангардтағы кең сарайдай үйіне келдік. Келген соң кесене, оған орнатылған мәрмәр тақтаны айтып желпініп қалды жұрт. Әңгіме аяқтала бере мен «тек қана…» деп қалдым. Қасымда Мұқадас отырған.

— Нағашы, бірдеме ұнамай қалды ма? Неге «тек қана…» деп қалдыңыз? — деді.

Мен басымды төмен салбыратып, даусымды дірілдете бастадым:

— Қазіргі жастар ақылдасу дегенді қойған!

— Ойпырмай, айтсаңызшы енді, нағашы!

— Ақыл сұрарлық қарттарымыз бар ғой. Рсекеңнің достары да отыр…

— Не айтпақсың? Айт! — деді Қадим.

— Айтсам, — дедім жылап жіберуге шақ тұрған адамдай,– айтсам, кесененің ұшар басындағы төрт бұрышына қарғаның, крестің, қызтабан мен бобынның белгілері салынбапты.

Отырғандар сәл үнсіз қалды да, артынша ду күлкіге басты.

Күлкіге булыққан Мұқадас:

— Папам ылғи «бұл Шапайға ем қонбайды» дейтін. Рас екен, рас екен! — дей берді.

Дәл осы сәтте келесі бөлмеден күйсандық сайрай жөнелді. «Байжұма» күйі. Рсекең тартқан асқақ үн кең бөлмені кернеді. Күй сазы сияр емес.  Бұлқына шыққан асқақ үн қазақтың кең даласына шалқи жөнелді.

Шапай ЗҰЛҚАШ,

Қазақстан Республикасына

еңбек сіңірген

өнер қайраткері.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button