Жарнама
Қоғам

«Ойсыл қараның» өлімі неден болды?

Соңғы күндері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Құрманғазы ауданында тұрғындардың жеке қожалығындағы түйе малдарының белгісіз індеттен қырылып жатқаны жайлы хабар тарады.

Бұл өңірде «Ойсыл қараның» өлімі өткен жылы да тіркелген. Мәселен, былтырғы маусым-шілде айларында әрбір үйден 6-7 бас түйе мен ботаның өлімі есепке алынған. Биыл да осындай жағдай қайталанып отыр.  Соған байланысты малдан алынған сынамалар зерттеу орталығына жіберілгенімен, бүгінге дейін нақты ауру белгісі (диагнозы) анықталмаған. Белгісіз аурудың салдарынан мал шығыны біртіндеп  артып келеді. Бұл жағдай тұрғындардың күдігін күшейтіп, алаңдаушылық тудыруда.

Оқиға орындарында болған ветеринария мамандары өздерінше ем-дом жасағанымен, диагнозы дәл қойылмағандықтан, олардың бұл қарекеттері дертке дауа болмай тұрғанға ұқсайды. Жергілікті  әкімдік пен ветеринариялық қызмет өкілдері өлген малдарды залалсыздандырып көмуге көмектесуде. Алайда тұрғындар нақты диагноз бен індетке қарсы тиімді шаралар қолға алынбаса жағдай ушығуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.

whatsapp image 2025 07 24 at 13.33.55 1

Сонымен белгісіз індетке байланысты мал шығыны өсіп келеді. Мамандар нақты себеп анықталған соң ғана шешім қабылданатынын мәлімдеуде. Ал әзірге халық тек үмітпен күтіп отыр.

PS: Бет қатталып жатқанда мүдделі құрылымдар өкілдері тиісті мамандардың тағы бір мәрте сынама алғанын, енді соның қорытындысы бойынша ауру белгісіне қатысты нақты мәлімет беруге болатынын хабарлады.

Сіз не дейсіз?

Фазила ҚАБДОЛОВА,

Дыңғызыл ауылының тұрғыны:

Тұрғындарды толғандырған түйткіл

Түйе малының ауруынан қатты қиындық көріп отырмыз. Өзімізден бес аналық түйе мен екі бота шығын болды. Ал жалпы ауыл бойынша қанша тұяқ сетінегенін білмеймін, әйтеуір аз емес екені анық. Әрине, жергілікті мал дәрігерлері мен ветеринар мамандар қол қусырып қарап отыр деуден аулақпыз, қолдарынан келгенін жасауда. Өкінішке қарай, одан келер пайда шамалы болып тұр. Өйткені төрт түліктің төресі саналатын түйенің бұлайынша шығынға ұшырауына себеп болған ауру белгісі анықталмағандықтан жасалған емдік шаралар оны тоқтатуға дәрменсіз болып, бар еңбек зая кетуде. Осыған облыс, республика деңгейіндегі жауапты құрылымдар, әкімдер мен салалық ведомоство басшылары көңіл бөліп, мәселенің оң шешімін табуына  мүдделілік танытуы тиіс.

Нұрболат ҚҰБАШЕВ,

Еңбекші ауылының тұрғыны:

Емдеу тәсілдері түрліше

Түйелердің ауырғаннан кейінгі жағдайы ветеринар мамандарға айтылып, ескертілді. Бір байқағаным, төтенше жағдай орын алған ауылдардың әрқайсысында  малдың ауруға шалдығу және одан емделу деңгейі мен тәсілі түрліше екен. Осылайша, Мақаш пен Еңбекші ауылдық округтерінде 40-тың үстінде түйе өлген. Басқа ауылдарда да малдан шығын болғанын естіп, біліп жатырмыз. Бәрінен бұрын әлі күнге түліктің өліміне себепші ауру белгісінің анықталмауы ауылдағы ағайынды  қатты алаңдатып отырғаны ақиқат. Ал диагнозы қойылмаған дертті негізсіз емдеудің нәтижесі де дұрыс болмайтыны белгілі. 

Маусым айында  ауруға шалдыққан малдың қанына талдама жасау үшін Астанадағы ұлттық референттік орталыққа сынама жіберілгені мәлімделді. Әйтсе де одан да күткендегідей жауап келмегені күдігімізді күшейте түсті. Сонда қалай, бұған жауапты мал дәрігерлері ветеринар мамандардың, қалаберді осы саладағы мемлекеттік қызмет құрылымдарының дәрменсіздігінен ақ адал малымыздан айырылып отыра береміз бе сауалымыз жауапсыз қалуда.

Ықылас АЗАМАТОВ,

Атырау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы 

Тиісті шаралар алынуда

2025 жылы Құрманғазы ауданындағы  Мақаш, Дыңғызыл, Еңбекші, Нұржау ауылдық округтерінде жұқпалы емес ішкі аурулардан 204 бас түйе малы ауырып, симптоматикалық  ем көрсетілді. Соның нәтижесінде оның 84-і шығын болып, 47-іне қатысты емдеу шаралары жүргізілуде, 73-і толықтай  сауықты.

 Мал дәрігерлері келіп түскен шақыртуларға уақытылы барып, тиісті деңгейде ветеринариялық көмек көрсетті. Аталған мәселе бойынша түйе малынан республикалық референттік орталыққа сынама жіберіліп, аса қауіпті жұқпалы аурулар қоздырғыштарына теріс нәтиже алынды. Соған қарамастан түйе малының өлімі тоқтамай тұр. Орын алған жағдайға орай, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің  Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне хат жолданып, «Ветеринария бойынша референттік орталық» РМК-нан және Жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК-нан арнайы мамандар жібертуге ұсыныс берілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button