Қолдау қажет жастарға

363337894 665734395582142 682916795665259916 n Қоғам

Екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген жастарды сатырлаған сандардан, статистикадан іздеудің қажеті жоқ-ау. Айналамызда да дипломы бар, жұмысы жоқ жандарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Немесе жиын-тойға бара қалсаңыз, «таныстарың көп қой, балама жұмыс тауып берші» дейтіндердің қарасы көп. Қайдан білсін, өз үйімізде де бірнеше адамның жұмыссыз отырғанын…
Осы аптада өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып жатқанын айтқан еді. Олай болса, алдағы уақытта жұмыс іздеушілердің айы оңынан туып, жұмыссыздық дертін азайтуға септігін тигізер деген үміт бар.

Жұмыссыз жүрген жас көп
Заманның озығы болар, жастар төрткүл дүниеден хабардар, көргені де, естіп жатқаны да жетерлік. Десе де, жастарға қолдау көрсететін көп бағдарламадан олар бейхабар. Бұл ақпараттың жоқтығы ма сонда?!
Алысқа ұзамай-ақ, «Дина» базарының артқы жағынан сөмке асынып, жұмыс іздеген жандарды күнде көреміз. Тепсе темір үзетін, қазақтың «мен» деген жігіттері жақындасаң қаумалап, қоршай кетеді. Бірінен бірі қызғанып, анталай жүгіргенде тапап кете жаздайды. Ал, топтың қоятын алғашқы сауалы – «жұмыс бар ма?»
Олар жетіскеннен жүрген жоқ, жұмыстың жоқтығынан жоқшылықтың тауқыметін тартқан жандар мұндай бағдарлама барынан бейхабар екен. Тіпті, «таныстарынан ауыспайды ғой» деп, әбден көңілі қалғанын да аңғартты.
Міне, мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бізде жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар тек атшаптырым кабинеттердегі жиындарда айтылып, шет-шегі жоқ ақпар-құжаттарда ғана сықиып тұрған секілді. Аудандар мен ауылдық округтердегі аталған басқармаға қарасты жауапты мамандар тарапынан да айтылып жатпаған сыңайлы.
Иә, жастар мәселесі күллі қоғамға қозғау салатын кең көлемдегі әлеуметтік проблемалардан да ауқымды һәм күрделі. Бар энергиясын төбелес, ұрлық-қарлыққа жұмсап жүрген жастарға жасалатын бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып, жұмыссыздықты жүйелі түрде шешу – бүгінгінің кезек күттірмейтін шаруасы.
Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында Президент қол қойған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» республика Заңының аясында қолданысқа енген оң өзгерістердің бірі – 35 жасқа дейінгі азаматтар ресми түрде жастар санатына кіреді. Ал, Атырау облысында 206410 жас болса, оның 4418-і – жұмыссыз. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,9 пайыз, ал NEET санатындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі – 5,7 пайыз. Жыл басталғалы жұмыспен қамту орталықтарына 10718 жас хабарласқан екен. Оның 3478-і ғана жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтып өтті.
– Мемлекет тарапынан Ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Сонымен қатар, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 271 жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде осы жоба аясында 141 адам жұмыс істейді. Мансап орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына 23 адамды қамту жоспарланып, 3 адам жұмыс істеп жатыр, – дейді ол.
Баяндамашы әрі қарай сандарды санамалап, атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндауға тырысты. Қалай десек те, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі күйіп тұр. Ал, жұмыссыз жүрген жан қоғамға үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Жастар әрқашан «дүниеге кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімділік секілді мәселелер туындайды. Ол ол ма, жұмыссыздық жастардың өмір сүру сапасының нашарлауымен тығыз байланысты, қылмыстың өсуі және жасаруына әкеліп соғатыны тағы бар. Ендеше, мәселені шешудің қандай жолдары бар?
– Бізге қаншама көлік жүргізушісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техник, механик, сантехниктер жетіспейді. Солардың бәріне жоғары білім алмайтын, бос жүрген балаларды тартып, бұл да кәсіп екенін, адал табыс екенін үйретіп, насихаттауымыз керек, – деп, облыс әкімі Серік Шәпкенов жастардың арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру және көтеру, жұмысшы кәсіптерді танымал етуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды кеңінен жүргізу қажеттігін алға тартты.
Расында, жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру-ау.

Түсіндіру төмен, ол неге?
Жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтқан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Жұмасейітовтен білгеніміздей, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 11,4 миллиард теңге бөлініпті. Оған қоса, бүгінде несие сомасы 27,4 миллиард теңге болатын 584 кәсіпкердің жобасы қолдау тапқан. Осының негізінде жаңадан 536 жұмыс орны ашылады деген болжам бар көрінеді. Оның ішінде жастардың үлесі – 46%. Яғни 268 жас кәсіпкер қолдау алады деген сөз.
Сонымен қатар, Ұлттық жоба шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеттілерге мемлекеттік грант беру конкурсына бюджеттен 106 миллион теңге бөлінген. Оны осы жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарланып отырғанын білдік.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көпшілік көруі үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Өз кәсібін ашамын деушілерге ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізіп, қолдау беру керек. Оларды құжатын тапсырып немесе ақпарат алуы үшін әр бөлімге сандалтпай, жастар ресурстық орталығының ғимаратына тиісті мамандарды шақырып, «бір терезе» қағидатын ұйымдастыру жолдарын қарастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, қабылдауыма келген жастардың арасында ойын ашық білдіре алмайтын, тіпті, мәдениетті сөйлей алмайтындар жетерлік. Осы орайда, жұмысқа орналасар алдындағы әңгімелесуге де үйрету қажет, – деп Серік Жамбылұлы бизнес бастаушы не әлеуметтік жобамен айналысушы жастарға қойылатын шартты тағы бір қарап шығуды ұсынды.
Жиын барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев Атырау қаласында орналасқан жастардың денсаулық сақтау орталықтарындағы қызмет туралы айтты. Бұл орталық туралы білмегенімізге қысылып, өзімізді іштей айыптап отырсақ, бұл күйде отырған тек біз емес екен. Залға жиналғандардың дені бұл орталықтың барынан хабарсыз болып шықты.
Басқарма басшысының айтуынша, жастарға медициналық-әлеуметтік көмекті 4 аудан орталығының жастар денсаулық кабинеттері және қала бойынша №1, 2, 3, 4, 5, 7, Геолог емханалары және Дамбы дәрігерлік амбулаториясы жанындағы бастапқы жастар денсаулық орталықтары көрсетеді. Биыл жыл басынан бері облыста мамандардың көмегін алған пациенттер саны – 15606. Оның ішінде гинекологқа 2731, урологқа 1160, дерматовенерологқа 862, психологқа 2525, психиатрға 7713 адам жүгінген. Олардың 1398-і емделіп, 1509 адам сауықтырылса, 816-ның жағдайы бірқалыпты екен.
Соған қарағанда, бұл мекеменің қызметіне де біршама насихат керек екенін байқадық.

Тосқауыл керек
Нашақорлық, маскүнемдік, әлімжеттік, қылмыс, зорлық-зомбылық, балалар өлімі, суицид. Қоғамда болып жатқан оқиғалар…
Жиналған жастар осы олқылықтың орнын толтыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныс айтты. Расында, зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою жолындағы айтарлықтай кедергі – «зорлық-зомбылық» ұғымының түсіну аясының тарлығы. Оның себебін бірі «жыныстық сауаттылықтың жоқтығы» дегенмен байланыстырса, енді бірі «Ұят емес» сынды қор құру қажеттігін алға артты.
«Ауырғанын жасырған өледі» емес пе, шындығы сол. Жасөспірімдер мен жастар арасында өктемдік, әлімжеттік, зорлық-зомбылыққа ұшырау бар екенін білсек те, нақты қанша бала оның құрбаны болып жатқанынан бейхабармыз. Көбі зорлық-зомбылықтан зардап шеккенін жасырып қалуға тырысады. Айтуға қорқады. «Қоғам қалай қабылдайды?» деген жалтақтықтың құрбанына айналған. Бұл өзі басын шапсаң, құйрығы тірілетін айдаһар секілді, бітпейтін, шешілмейтін мәселе. Қор ашып, тренинг, кездесулер өткізумен шешілмесі анық. Денеңе жара шықса, теріні емес, ішкі құрылысты тексеретіні секілді, аталған мәселенің де негізгі өзегін анықтау қажет болар сірә!..
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың артқанын жасырған жоқ.
– Бұрын білім беру басқармасы жанында жұмыс жасаған орталықты «тәрбие жұмыстары және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі орталық» етіп қайта жасақтауды ұсынамын. Өйткені бала тәрбиесімен тікелей айналысатын орталықтар білім беру басқармасының құзырына жатпайды, – деді Жасұлан Орақұлы.
Бұл ұсынысты облыс әкімі Серік Шәпкенов қолдайтынын айтып, балалар арасындағы қоқан-лоқы, жәбір көрсету бағытындағы жұмыстарды жіті назарда ұстауды тапсырды. Ал денсаулық сақтау басқармасының жанындағы орталықты жастарға кеңінен насихаттау, мамандардың ем алушыларға ашықтығын қамтамасыз етуді жүктеді.
– Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы орталықты жастар біле бермейді. Сондықтан мұндай сауықтыру орталықтарының бар екенін жастарға жеткізу керек. Балалар арасындағы буллинг, оларды жәбірлеу мәселелері басқа орталықта қаралу маңызды. Ең үлкен мәселе – жасынан зорлық-зомбылық көрген баланың ешкімге ашыла алмауы. Олар іштен тынып, булығып жүреді. Үйіндегі адамдарға айта алмайды, ортада ешкім қорғамайды. Соңы өкінішті жағдайға әкеліп соғады. Сондықтан мамандар балалар мен жастардың психологиясымен, тәрбиесімен айналысу қажет. Орталықта ашықтық қамтамасыз етіліп, пациент мамандарға сенуі керек, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында аудандардағы Жастар ресурстық орталығының жұмысы, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және адами құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы да сөз болды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз