Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

*ОЙ-САРАП: Сын сағаттағы серпін отандық өнімге өріс аша ма?

Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Әлем жұртын үрейлендірген қатерлі дерт елімізге де жетті. Мұхиттың арғы жағына асып, Азия мен Еуропаны ендеген кесел ертелі-кеш біздің де табалдырықтан аттайтыны ақиқат еді. Ендігі мәселе – тосын тажалға тосылуда емес, содан аманесен өтуде. Тіпті, сын сағатында да серпін танытып, әлеуметтікэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Қалайша?

Кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік

Ж а с ы р а т ы н ы ж о қ , қазақстандық, соның ішінде атыраулықтар да бар, кәсіп иелері өнімдерінің өтпей жатқанына жиі шағымданады. Үкіметке алақан жайып, содан шеккен шығындарының орнын жабуды өтінеді. Енді соларға мүмкіндік туып отыр. Дүние жүзіндегі дүрбелеңге байланысты сыртпен қарымқатынас шектелді. Күнделікті тұтынатын тауарлар да, азықтүлік те алыстан келмеуі ықтимал. Ендеше, ішкі нарықтағы босаған орынды өзіміздің өнімдермен толтыруға қолайлы сәт туған жоқ па? Соны неге тиімді пайдаланбасқа?

Рас, тығырыққа тіреліп жатқанымыз жоқ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, республикада түрлі тағамның бес-алты айлық қоры бар. Әрине, содан соң да тарығып қала қоймаспыз. Өйткені, қазір жұмыс жасап жатқан өнім өндірушілер қызметін жалғастырады. Тіпті еселеп арттыруға жағдай бар. Себебі, жай тұтынушылар ғана емес, әсіресе, мұнайгаз саласындағы шетелдік кәсіпорындар енді қажетін тыстан тасымай, іштен іздеуге кіріседі. Міне, соларға да сапалы өнім ұсынып, толымды табыс табуға мүмкіндік туған жоқ па?

Оның үстіне, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қосымша қолдау көрсетілмекші. Үш жүз миллиард теңге шамасында қаржы бөлінгелі тұр. Сын сағатта жұмыс орындары қысқарып қалмауы үшін жасалып жатқан шара. Тіпті тағы да жұмыс орнын ашып, өндіріс қуатын еселеп арттыруға болады. Тек бөлінген қаражат ұстағанның
қолында, тістегеннің аузында кетпесін. Кейін сұрауы болары даусыз.

Негізінен өнеркәсіпті өңір делінгенімен, Атырауда да ауыл шаруашылығын өрістетуге жағдай бар. Сонау кеңестік кезде де қос сала қатар дамыған. Жайқалтып егін еккен диқандар да, төрт түлікті түгел өргізген малшылар да болған. Республикалық фермерлер одағы Атырау филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың айтқанындай, еңсе көтеріп, елге қызмет көрсететін кез әлдеқашан келді. Облыс көлемінде өткен жылы ауыл шаруашылығы бойынша 80 млрд. теңгеден аса өнім өндіріліпті.

Әрине, шарықтаған баға бағамында атыраулықтардың қаншалықты қамтылғанын дәл анықтау қиын да шығар. Бірақ, ілгерілеу бар екені кәміл. Оның үстіне, 567,2 мың қой-ешкі, 173,4 мың сиыр, 83,8 мың жылқы мен 32,4 мың түйе тақиямызға тар келмес. Шетінен пышаққа іліктірмегенмен, етпен едәуір қамтуға болады. Әрі жарты миллионға жуық құсымыз бар. Шұжық пен шұбат, сүт пен жұмыртқа шығарылады. Жылыжай иелерінен де нәтиже сұрайтын уақыт жетті.

Кезінде қолдауға ие болды, қажетті телімдерін алды, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Қазір облыста осындай 61 нысан бар екен. Олар 16 гектар алқапқа ие. Ал, қайтарым қайда? Сын сағатта жерлестерін жерге қаратпай ма? Дастарханның шетіне жаңа піскен қияр мен қызанақты қоя алмасақ, расында да, ұят емес пе? Алыстан ат арытып алдырған ешкілер мен сиырлар қайда? Солардың сүтінің молдығын, сапасының артықтығын айттық та, жаздық та. Бірақ, бүйіріміз тоя іштік пе? Неге сауда сөрелерінде толып тұрмайды?

Бұлардан бөлек, салтанатты жағдайда тұсаукесері жасалып, жұртшылыққа таныстырылған жобалар жетерлік. Кезінде солардың бәрі қаржылай қолдауға ие болды. Ендігі күйі қандай? Өнім өндіріп жатыр ма? Егер солай десек, қайда сатылуда? Ара-тұра ұйымдастырылатын жәрмеңкеге шығу – толық қайтарым емес. Бүгінде солардың еңсе тіктеп, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосар кезі келді.

Баға өсімі бұғауланса…

Қазақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дейді. Иттің иттігін сөз еткені шығар. Сын сағатында қосымша қиындық тудыратын кейбіреулердің қылығы да соған саяды. Мұны азықтүлік бағасына қатысты айтып отырмыз. Соңғы уақытта түрлі объективті де, субъективті де себептермен оның құны көтеріліп кеткені бар. Енді қазіргі ахуалға байланысты соған тағы жол берушілерге тосқауыл қою қажет.

Республикада төтенше жағдай жариялануы жергілікті атқарушы билікке шұғыл шешім алуға мүмкіндік береді. Мұндай кезде барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдардың міндеті – халыққа қорған болу. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарды демеу. Әрине, мемлекет оларды назардан тыс қалдырмас. Оған жағдайымыз да жетеді. Халықаралық қордағы 90 млрд. доллар талайға талшық болады. Зейнетақы мен жәрдемақыға өсім жасалар. Әйтсе де, соны бұғауланбай бара жатқан баға жұтып қойса, нендей нәтиже болмақ?

Әсіресе, базардағы сатушылар осындай сәтті аңдып отырғандай көрінеді. Тауар құнын көтере қояды. Қанша айтқанмен, тосқауыл қойылмай келе жатыр. Енді шідерлеуге көне ме? Қазіргі төтенше жағдайды пайдаланып, соларды тұсауласа қайтеді? Ауылдан жететін өнім неге сөрелерге тура тасылмайды? Тіпті төрт аяғымен келетін малды да көлденең кісілер көтеріп алып, солар соятын көрінеді. Сосын сату орындарына қымбатқа өткізеді. Мұндағылар өз қосымшасын қосады. Содан арзан баға қалай орнығады?

Қателеспесек, аймақта бірен-саран мал бордақылау орны бар тәрізді. Ендеше, соның өнімдері қайда? Ат арытып тыстан тасып жатқан жоқ, мүмкін, арзандау болар дейміз ғой. Әлде осындай кезде әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға азық-түлікті бағасын түсіріп сататын сауда орындарын ашқан абзал ма? Сонда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар азын-аулақ ақшасын үнемдер еді ғой.

Кешегі кеңестік кезде жұмыс істеген ардагерлер дүкені бүгін де сұранып тұрған жоқ па? Аймақта осындай қамқорлық шарасын жүзеге асырса, тізгін ұстағандар алғыс арқаламас па? Әйтпесе, бірқатар сауда орындарының әртүрлі мереке қарсаңында бірер бөлке нанды тегін таратуы өзін жарнамалаудан аса алмайды. Науқандық іс ретінде келесі күні-ақ ұмытылады. Қысқасы, кәсіпкерлердің халықты қымбатшылықпен құрсаулауы қате тірлік. Ертеңін ойлаған жан бұлай істемес еді. Ал, соны түсінбей, орынсыз қымбатшылыққа жол бергендерге қолданыстағы заң аясында жаза қолданған жөн. Атқарушы билікте әсер етер тетік табылады. Соны іске қосатын кез келді.

Қорыта айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басына түскен қиындық бұл ғана емес. Тәуелсіздік табалдырығынан аттаған сәтте-ақ қаншама сыннан өттік. Жеңілген жоқпыз, жеңіп шықтық. Әлемдік нарықта «қара алтын» құны құлдырап, теңге бағамы түсіп кеткені – өз алдына бөлек мәселе. Бірақ, қазіргі айтып келмеген індетке қарсы тұрар қауқарымыз бар. Тек кәсіпкерлік саласы өздеріне көрсетіліп жатқан кезекті қолдауды дұрыс түсініп, отандық өнімді молайтуы тиіс. Сапалы да арзан жергілікті ет пен сүт – барлық дертке дауа.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/el-arna-men-balapan-telearnalarynda-o%d2%9bushylar-%d2%afshin-saba%d2%9b-%d3%a9tedi/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button