Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

«Өзің бас-көз бол!»: Елбасымен жұмыс істеген жылдары туралы қоғам қайраткері Сағат Түгелбаев жазды

Қазақстан Республикасының мемлекет ретінде құрылуының алғашқы кезеңіне куә болғандардың бірі едім. Өткен шаққа көз жіберсем, тұңғыш шетелдік қарым-қатынастар, дипломатиялық миссиялар мен шетелдік инвесторлардың келуі, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы Заңдарының жазылуы мен қабылдануы тәрізді күрделі стратегиялық мәселелер біздің араласуымызбен жүзеге асқаны шын.

Яғни елдің тәуелсіздік алуында қалдырған қолтаңбамды бүгінде мақтаныш етемін. Осы жолда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын үнемі қолдап, әркез онымен бірге жұмыс жасап келемін.

1990 жылы «Теңімұнайгаз»  өндірістік  бірлестігі  бас  директорының орынбасары болып жүріп, ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Ембі сайлау округінен сайланғанда қоғамды түбегейлі өзгерту, ол үшін экономикалық-перспективалық даму стратегияларына жаңаша көзқарастың керектігі айқын с е зіліп тұр еді. Жоғарғы Кеңестің экономикалық реформа, бюджет және қаржы комитеті төрағасының хатшысы болып сайланған соң комитет төрағасы, көрнекті мемлекет және өнеркәсіп қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауық Тәкежановтың жетекшілігімен ауқымды жұмыстар басталды.

Жедел әрі нақты жұмыстардың нәтижесінде қоғамның дамуына оңтайлы біраз құжаттар мен көптеген құқықтық-нормативтік актілердің жобасын дайындап, оларды жүзеге асырудың жоспарбағдарламалары әзір болды. Менің Сауық Темірбайұлымен т аныстығым одан бұрын, 1987-1988 жылдары Теңіз кенішінде жұмыста жүргенде басталған еді. Экономика мен өндірістегі ахуалды сараптай келіп, республикадағы жағдайды  сауықтыру  үшін жаңа экономика лық бетбұрыстар жөніндегі алғашқы ұсынысты бірлесіп дайындап, республикалық органдарға жолдағанбыз. Осы тақырыпта екеуміз Алматыдағы орталық телевидение ұйымдастырған телехабарға қатысып, пікірімізді айтып жүрдік.

Сол кезде көзге түссем керек, кандидатурам республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылып, сайлаушылардан толық қолдау тапты. Парламентте біраз уақыттан соң Сауық Тәкежанов мені өзінің орынбасары етіп алды. Елдің экономикасын сауықтыру мақсатында Парламенттің нарық қатынастарына сай заңнамалар дайындауы керек екенін Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдын-ала айтқан еді. Соған байланысты мен «Еркін экономикалық аймақтар жөніндегі» Заңның концепциясын жазып, оны жалпы отырыста қорғап шықтым. 1992 жылғы қаңтардың соңында өткен осы мәжіліске Президент те қатысып, өз пікірін білдірген болатын. Бірнеше күннен соң Заңның авторы әрі Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде осы жобаны жүзеге асыру  үшін Талдықорған облысының Панфилов ауданындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шаруашылық ісінің білгірі, ұлты – неміс Николай Никитич Головацкий басқаратын «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшарға іссапарға кеттім.

 1938 жылдан ұжымшар басқарып, агро  өнеркәсіпке шенінің  ең  озық  даму көрсеткіштерін тәжірибеге енгізген Николай Никитич осы шаруашылықты да 40 жылдан астам басқарып, сол кездегі жаңа технологияның түгелге жуық нұсқаларын енгізген білім-білігіне ақылы сай шебер менеджер екен. Пікіркөзқарасы да нарық талаптарына лайық. Шаруашылық кеңсесінің ғимаратында лифт жұмыс жасайды. Базалары австриялық қондырғылармен механикаландырылған.

Ұжымшармен толық танысып шығып, еркін экономикалық аймақтың құрылымы, басшысы мен басқарудың тетік-тәсілдері жөнінде жан-жақты әрі ұзақ талқылаудан кейін екеуміз келісіп, ол еркін экономикалық аймақтың дирекциясы отыратын ғимарат берді. Шынында, менің бұл жоба жөніндегі түсінігім әлі де жеткіліксіз болатын. Тек еркін аймақтың Қытай, Канада, Барселона, Америка нұсқалары бар екенінен хабардармын. Соның да көп көмегі тиді. Өйткені, Кеңес Одағы кеңістігінен енді ғана бөлініп шыққан бізге шетелдік нарық деген ұғым миымызға кіріп шықпайтын. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, енді ғана демалуға жатқаным сол еді, түнгі сағат 12-нің шамасында Алматыдан телефонға шақырды. Президент және Министрлер Кабинеті аппаратының басшысы Нұртай Әбіқаевпен сөйлесуіміз қатқыл әрі қысқа болды:

– Нұрсұлтан Әбішұлы шақырып жатыр. Таңертең кел!..

 Головацкийдің  үйіне қайта хабарласып, машинамен көмектесуді сұрадым. Таңертең ерте шықсақ та, асуға жақындағанда жер сілкінісінің кесірінен тау опырылып жолды басып қалғанын көрдік. Тау ішіндегі айналма қара жолмен жүріп, түсқайта сағат 3-тің шамасында Алматыға келдім. Үстібасым шаң-шаң күйі кідірместен Әбіқаевқа кірсем, ол түріме қарады да, салқын үнмен:

 – Нұрсұлтан Әбішұлы сені күтті, уақытында келмедің. Сен үшін Жарлыққа қол қоймай қойды. Таңертең ерте кел, кешігуші болма, – деді. Қандай Жарлық екенін түсінбей, Сауық Темірбайұлына хабарласып едім, Президенттің мені неге шақырғанын ол біліп отыр екен, маған сәттілік тіледі. 1992  жылғы 7  ақпан, жұма күні айтылған уақытта Президентке келдім.

 Бірден іске көшкен Нұрсұлтан Әбішұлы:

 – Еркін экономикалық аймақ, инвестициялар, жергілікті өзін өзі басқару туралы Заңдарды қабылдадыңдар. Енді соны іске асыруға өзің бас-көз болуың керек. Жоғарғы Кеңесте қабылданған заңнаманы Атырау облысында жүзеге асыруды өзіңе тапсырамын! – деді салмақты үнмен. Әуелі түрлі сылтау айтып, бұлтарып көріп едім, басшының сөзі қысқа болды. Алдындағы Жарлыққа қол қойып, қолыма ұстатты. Сосын жүзі жайдарыланып, екеуміз бір сағаттай әңгімелестік.

Алдағы  жоспарларды ақылдастық. Өйткені, ол кезде облыс әкімі тікелей Президентке ғана есеп береді, Премьер Министрге  бағынбайды .

 Нұрекеңе өтініш ретінде:

 – Нұрсұлтан Әбішұлы, осы жұмысқа менің барғым келмей тұр. Сіз ұсынған соң келісуге тура келеді. Бірақ менің өтінішім бар. Маған Атырау облысында еркін экономикалық аймақ құруға рұқсат етіңіз, – дедім.

 – Неге?

– Енді қалай болады? Біріншіден , «Еркін экономикалық аймақ туралы» Заң қабылданды. Екіншіден, мен Атырау өңірінің басқаша даму бағытын көріп тұрған жоқпын. Ол жерді көркейтіп, Алматы түгілі, Ақтөбенің деңгейіне жеткізгенше көп уақыт керек. Сондықтан, көмектесуіңізді сұраймын. Халықтың тұрмысы ауыр. Сіз жіберген соң барлық істі басқаша ұйымдастырып, елмен қоян-қолтық жұмыс жасауым керек. Бірақ қаржы болмаса қай істің де мәні жоқ қой. Қол-аяғым байлаулы болады. Қазір экономикада түбегейлі өзгерістер керек… Президент қарсылық білдірмей, Министрлер Кабинетінің төрағасы Сергей Терещенкоға телефон арқылы тапсырма берді. Нұрекең Жарлықты алып, тезірек Атырауға ұшуды пысықт ады. Бірақ орталықтан ешкім бармайтынын ескертті. Қабылдау бөлмесіне шықсам, Атырау облысына жауапты аппараттағы     мемлекеттік  инспектор  ұшақ  билетін қолыма ұстатып, құжатқа қол қойғызып алды.

Аймақ құру туралы ұсыныс бойынша Сергей Александровичке барып, екеуміз Заңның негізінде Ережесін жазып, қаулының жобасын дайындадық. Заң авторы болған соң Терещенко құжатты өзіме жаздырды. Түбінде өзіме қажет болған соң, мемлекеттік табыстан жергілікті бюджетке қалатын квотаны көрсетіп, мұнай, керосин, жүн, балық, басқа да өнімдерден түскен пайданы 30 пайызға дейін облыста қалдыруды енгіздім. Мысалы, Атырау облысында өндірілген 1 миллион тонна мұнайдың 30 пайызы жергілікті бюджетте қалды. Оған Қаржы министрлігі де көз алартпады. Сосын жергілікті жерден инвестиция жөніндегі комитет пен екінші деңгейлі банк құрып, оны «Нұрбанк» деп атауды ұсындым. Оған Ұлттық Банк төрағасы Ғалым Байназаровтың келісімін алу да оңай болған жоқ. Сөйтіп, сенбіде, 8 ақпан күні Атырауға ұшып келгенде тек Равиль Шырдабаев қана күтіп алды. Дүйсенбі күні обкомның (ол кезде солай аталатын) ғимаратына келдім. Бәрі тымтырыс, аң-таң. Себебі, басқару институты құлады. Облыстық Кеңес те, атқару комитеті де жоқ.

– Не істейміз?..

– Қайдан білейін… Жарлық мынау. Атқарушы биліктің ие сі – мен, сондықтан енді барлығын өзіме шешуге тура келеді, – дедім.

Ол кезде әкімді орыс тілінде «глава администрации» деп атайды. Қабылданған «Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заң бар да, содан ту — ындайтын тармақтар бойынша нормативтік актілер әлі шыққан жоқ. Әкім аппараты мен еркін экономикалық аймақтың қызметін үйлестіру жөніндегі Ереже де жоқ. Барлық құжатты ұйымдастыру бөлімі дайындайтын еді. Жұрт менен нақты шешім күтіп отыр. Сол күні барлығының арызын алып, атқарып отырған лауазымдары бойынша уақытша міндетін атқаруға қалдырдым. Лауазымды тұлғаларға уақыт  беріп, өздерінің   жұмыс нәтижелеріне сәйкес тиісті шешімдер қабылданатынын айттым. Нарықтың талабы сол екені түсіндірілді. Бұрынғыша «бюро» деген жоқ. Заңда көрсетілмесе де, кейіннен кеңес беруші орган ретінде әкім жанындағы алқа құрылды. Облыста өндірілген өнімдердің квота негізінде жергілікті меншікке қалған бөлігі Инве стиция жөніндегі комитет арқылы сатылып, ақша «Нұрбанктегі» есепшотқа түсе бастады. Бір жылдан кейін Атырау облысының бюджеті мемлекеттік бюджеттен де көп болып шықты.

Алайда, ол қаржыны жұмсаудың да жолы табылды. 1993 жылғы Қызылқоға, Жылыой аудандарындағы су тасқынынан зардап шеккен Миялы селосы, Құлсары кенті, басқа да ауылдарды түгелдей қалпына келтірдік. Егер бюджеттен тыс қор құрып, мұндай шаралар жасалмағанда, облыстың өз күшімен жұмыс жасау мүмкін емес еді. Оның үстіне су тасу қаупі бар аумақтарда дамбы соғу, әбден тозығы жеткен және су тасқыны апатынан бұзылған көлік жолдарын жөндеу, жаңа үйлер салу, басқа да көптеген жұмыстарға осы қаржы-экономикалық тәсілдер оң септігін тигізді. Өйткені, бұл кезде құнсыз ақшамен ешкім есеп жасағысы келмейді, сол себепті кейбір салалардың қажеттілігі үшін мұнаймен есептесуге тура келді. Сол кезде қалада 30 мың текшеметрлік сумен қамту станциясы ел игілігіне тапсырылды.

 «Ескі әуежай» ауданынан финляндиялық технологиямен салынған жылыту қазандығы әлі күнге дейін жарты қаланы қамтып тұр. Республикадағы тұңғыш сандық жүйемен американдық технология бойынша жұмыс жасайтын телефон станциясы Атырауда пайдалануға берілді. Облыста барлығы 200-ден астам күрделі жобаны жасақтадық, бірақ бәрін жүзеге асыруға үлгермедік. Өйткені, рубль құнсыз, теңге әлі айналымға енбеген қиын кезең еді. Әрине, жұмыс жүрмей жатты. Ал, белгілі бір саланың жұмысын жақсарту үшін ондағы ішкі мүмкіндіктерді түбегейлі шешу керек. Мысалы, «ет комбинаты жұмысын тоқтатуы мүмкін» деген мәлімет беріледі. Ол қалай жасайды, егер шаруашылықтар тарап кетіп, оған тапсыратын жекеменшікте мал болмаса?! Сол кезде Атырау еркін экономикалық аймағының жанынан бюджеттен тыс қор құру арқылы республикалық қазынадан ала алмаған қаржыны таптық. Әбден тығырыққа тірелген елдің жағдайын осы арқылы жақсартуға күш салдық.

Қазір дәл осы қаржыландыру механизмі  Ресейде «федеративтік субъект» ретінде әлі бар. Себебі, бұл өңірлердің еркін дамуына толық мүмкіндік береді. «Экономикалық аймақ» мәртебесі бізде әлі де бар, тек ол «еркін» емес, «арнайы» деп аталады. Сондықтан, оның дербестігі аз. Алғашқы командамда жұмыс жасаған Шәйдолла Кәрімов, Аманқос Шаңқиев, Владимир Постнов, Борис Соколов, басқа да жергілікті азаматтармен түсінісіп, адал жұмыс жасадық. Сол кездегі жағдайды ұғып, сырттан ешкімді әкелген жоқпыз. Негізгі жұмыс бағытын өзім беріп, нәтижесін қадағалап отырдым. Себебі, өзім Жоғарғы Кеңесте заңнамалық актілердің қалай жазылғанын, мақсатын жақсы түсіндім.

Түпкі мақсат – нарықтық қатынастарға көшу, ол белгілі. Біраз жігіттер мұны түсінбегендіктен, жұмысты алып жүре алмады. Кейбіреулер алып жүре алмайтынын білді де, заң тіліне салып «заңда былай» деп тайталасты. Оларға заңда көрсетілгенмен, оның өзіндік ережесі болатынын, қоғамның алға дамуы, бұқараның тұрмысы жақсаруы үшін ережені жазып, жүзеге асу тетіктерін ойластыратын біз, яғни мамандар екенін жіктеп түсіндірдім. Нарық қатынастарына көшудің алғашқы кезеңінде осылай жұмыс жасадық. Аса ауыр зардаптары бар Тайсойған мен Азғыр полигондарын арнайы шешіммен жабуға тура келді. Президент телефон соғып: «Сен ана полигонды жаптың, енді Ресей өз өкілдерін жіберіп отыр. Қалай қарайсың?» деді. «Сіз тікелей нұсқау бермесеңіз, ашпаймын!..» «Жақсы, ашпай-ақ қой…» Бірер күнде ылғи генералдар самолетпен сау ете түсті.

Сұстанған жүздерінен адам қорқады. Алматыдан Президенттің тапсырмасымен арнайы келген Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов олардың түріне қарап, шошып кетті. Менде де «қызметтен босататын шығар» деген қорқыныш болды. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының табанды көзқарасынан сескеніп, олар істің оңынан шешілуіне мүдделілік танытты. Әкім болып тағайындалғанда жасым 44-ке тола қойған жоқ еді. Тың бастамалар, игі жобалар жөнінде жаңаша ұсыныспікірлерді жан-жақты талқылап, тиісті орындарға жолдап та жүрдік. Өйткені, бұл қызметке мен сұранған жоқпын, бастама Президенттің өзінен шықты. Әрине, оның алдында да лауазымды жұмыстарда жасадым. Бірақ үнемі бастама көтеріп, жұмыстың тың идеяларға құрылғаны кейбіреулерге ұнамаса керек, мені аластатып отырды. Сол себепті мұндай «аппараттық ойындардың» әдіс-тәсілдері жақсы таныс болғандықтан, ештеңеден де тайсалған жоқпын. Әйтсе де, ауыр экономикалық даму жағдайында жүзеге асқан сол игілікті жобалардың жемісті нәтижесін Атырау облысының халқы әлі күнге дейін көріп келе жатқанын мақтаныш сезіммен айтуға болады.

Сағат ТҮГЕЛБАЕВ,

Атырау облысының 1992-1994 ж.ж. әкімі,

Корея Республикасының Атыраудағы Құрметті консулы,

Атырау облысының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button