Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Өзгерісті әркім өзінен бастауы керек!

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Қаңтар оқиғасынан бастап, нақты деректерді ашық айтқан Президенттің бүгінгі Жолдауы көптеген маңызды өзгерістерді жария етуімен ерекшеленді. Саяси реформалар, түбегейлі өзгерістер күтіп отырған халықтың үміті ақталды.

Бұқара мен билік арасын мейлінше жақындата түсудің тетіктері, халық сенімін күшейтуге бастайтын өзгерістер аталды. Биліктің қаңтар оқиғасына әділ баға беруге мүдделі екенін айтқан алғашқы сөзінен-ақ бүгінгі бағдарламалық баянның маңызы зор екені айқын көрінді. Президенттің өзі де бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша екенін айтып, оның арқалайтын жүгі 1 жылмен шектелмейтінін жеткізді. Өміршең бастамалар көп-ақ. Заңға өзгерістер енгізу, ашықтықты қалыптастыру қажеттігін айқындап, жалаң есеп пен құр уәденің заманы кеткенін айтуы құптарлық.

Елімізге түбегейлі реформалар керек екенін айтқан мемлекет басшысы саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын таныстырды. Қоғам қажеттілігі мен сұранысына негізделген құжатты әзірлеу кезінде барлық ұсыныстар зерделенген.Ең маңыздысы, «реформа жасап жатырмыз» деген сөз үшін ғана әрекет етпей, қағаз бетінде жасалатын көпірме сөз, бос уәде емес, халыққа керегі көзбен көріп, қолмен ұстайтын оң өзгерістер» деп айрықша атады.

Мықты Парламенті бар республика болуы керектігін айтып, алдымызда Парламент ролін күшейту міндеті тұрғанын жеткізді. Жаңа Қазақстан азаматтық қоғамды қалыптастырып, мықты парламент, есеп беретін үкімет қағидатын жүзеге асыруы тиістігін жеткізіп, межеге жету жолында  бірқатар бастамаларды атады.

Президентке қатысты өзгерістердің де қажет екендігі айтылып, нақты міндеттер қойылды. Мәселен, қоғам жаңаруда, сондықтан саяси жүйе де жаңаша бағыт алуы керегін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент өзі билік еткен тұста партия мүшелігінен шығуы тиіс деді. Бұл норма саяси бәскелестікті арттырып, партиялардың тең дамуына мүмкіндік береді. Осыған сай, бірнеше жоғары лауазым иелері, облыс әкімі мен орынбасарлары да партиядан шығуы керектігі жария етілді.

Президент өкілеттілігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламент ықпалын күшейту туралы мәселе қозғалды. Бұл депутаттарға көп жауапкершілік жүктелетінін айқындайды. Сенат функцияларын қайта қарау, сенаттағы президенттік квотаны азайту, төменгі палатаның құзыретін көбейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Сайлау науқанына қатысты халықтың көзқарасы қандай екенін ашық айтқан мемлекет басшысы депутаттарды жұрттың дұрыс танымайтынын да жеткізді. Ендігі міндет – жұмысымызды жандандыру. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Сонда ғана нәтижелі жұмыс болмақ.

Амангелді АБДОЛОВ,

облыстық мәслихат депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button