Өз тегіңді өз тіліңде өрнекте!
Антропонимдік жүйенің мәні зор, маңызы үлкен, себебі ол қоғамның деңгей-дәрежесін, өресі мен өрісін білдіреді.
Антропонимика ғылымында фамилиялар мен әке атының (отчество) шығуы, дамып қалыптасуы – өзекті мәселелердің бірі.
Фамилиялардың және әке атының шығу тарихы, олардың дамуы жер жүзі халықтарында бірдей емес. Сонымен қатар олардың қосымша формалары да әр түрлі, яғни әр ұлт өзіндік ерекшелігімен дараланады.
Антропонимдік жүйе де топонимикалық жүйе сияқты белгілі бір ұлттың, халықтың тарихи, әрі әлеуметтік-мәдени, психологиялық және күллі идеологиялық сипаттарына байланысты дамып, қалыптасады.
Қазақта «ТЕК» деген асыл ұғым бар. Қазақ әр нәрсенің «арғы тегін», «шыққан тегін» білуге үлкен мән берген-ді.
Өткенге көз жүгіртсек Патша үкіметі антропонимдік жүйені тұтастай, түгелімен, түбірімен, түп-тамырымен өзгерту үшін де алғышарт жасады. Шоқындыру саясатымен қатар бүтіндей бір ұлттардың атын өзгеше, өзінше атады.
Бұл дегеніңіз тоталитарлық режим саясатының тұтастай бір ұлтты, яғни қазақ ұлтының тамырына балта шауып, санадағы сайрап жатқан ата-баба дәстүрлерін шайып, жадыдағы ұлттық ізгі салттарды жойып жатты.
Міне, сонау аласапыран заманның отаршыл саясатының әсері көптеген ұлты қазақ азаматтарымыздың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес -ев, -ов, — ева, -ова, -ин, -ина, -евна, -овна, -евич, -ович аффикстерін міндеттеп, қосып жазып, ішінара емес, жаппай жаулап алды.
Сол суық ызғардың желі есіп, бүгінгі күні қазақ азаматтары мен азаматшаларының тектері өзгеше күйде болып, жалғанған құйыршық секілді жалғамадан әлі күнге арыла алмай келе жатыр.
Мысалы грузин, армян, түрік, әзірбайжан, корей, қытай және т.б. ұлттардың тектеріне қарап, олардың бірден қай ұлт өкілінен екенін өздерін көрмей ақ, тегіне қарап айыруға болады.
Ал қазақ ұлтын ше?!
Тәуелсіздік алғанымызға бақандай 30 жыл өтті.
Біздің азаматтарымыздың төлқұжаттарында әлі күнге дейін тектеріне қазақ тіліне тән емес аффикстер жалғанып жазылуда. Неге? Ауыстыруға не кедергі?
Одақ құрамында болған Балтық жағалауы елдеріне көз жіберсек, кеңестік тоталитарлық жүйенің зиянды қалдықтарынан, кесапатты кеселдерінен біржола, жылдам арылу үшін «сылып тастау» саясаты жүргізілді. Оның мәнісі неде десек, ештеңеге де қарамай, ешкімнің көңіліне келеді демей, басқаша түсінеді дегенге де мән бермей, ұлттық мүддеге титімдей зияны бар нәрселердің бәрін сылып алып тастайды. Бітті.
Ұлы Мұхтар Әуезов айтпақшы, асықпай аяндауды уақыт көтере бермейді. Сол себепті, салмақты да салиқалы тірлік жасай отырып, тым жайбасарлықтан, әсіре жалпақшешейліктен жылдамырақ айығып, мықтап қолға алмақ керек. Ендеше ұлттық болмысымызды сақтап қалайық, тезірек кірісейік!
Осы аффикстерді алып тастау Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 194 – бабы «Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегі мен әкесінің атын беру тәртібі» арқылы реттеледі.
Яғни, төлқұжатын өзгерткен азамат немесе азаматшаға дипломдарын, мүліктерін, иә болмаса балаларының туу туралы куәліктерін жаңа текпен жазу талап етілмейді. Бар болғаны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Полиция департаментінен 1 (бір) ғана анықтама (тегін) алсаңыз жеткілікті.
Көптің қорқынышы осы еді, яғни «тегімді өзгертсем, бүкіл құжаттарын өзгерту машақаты бар…», деп біледі.
Сайып келгенде, ұлттың тегін жаңғырту 1 (бір) ғана тегін анықтамамен реттеледі екен.
Ұлттық болмыс тек қана қазақтың өзіне керек, ағайын!
Сондықтан ойланайық! Рухани қайта жаңғырайық, тегімізді реттейік!
Өз тегімізді өз тілімізде өрнектеп, тіліміздің тірегі болайық, тектілігімізді жойып алмайық!
Айгүл Қуаныш
Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы