Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда 38 көлік отқа оранды

Atr.kz/13 тамыз, 2020 жыл. Жыл басынан бері Атырау қаласында 38 автокөлік өрті тіркелген. Осы көрсеткіш былтырғы мұндай кезеңмен салыстырғанда 12 жағдайға артып отыр. Бұл туралы Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған рейд барысында белгілі болды.

Автокөліктердегі өрттің алдын алу және қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталған рейд барысында жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт сөндіргіш құралдың қолдану тәртібі көрсетілді. Сондай-ақ, автокөлікте өрт болған жағдайдағы іс-әрекеттердің реті түсіндіріліп, «тілсіз жаудың» орын алуының негізгі себептері туралы айтылды. Рейд кезінде барлығы 15-ке жуық жүргізуші нұсқамадан өтті.

Полиция басқармасының қызметкерлері темір тұлпарлардың өрт сөндіргіш құралдармен жабдықталуын тексерді. Тоқтатылған 15 көліктің тең жартысында мұндай құрылғылар болмай шықты.

  • Өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауда әрбір автокөлік иесінің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Бұл ретте жөндеу және техникалық қызмет жұмыстары көліктің қозғалтқыш бөлігі ажыратылғаннан кейін ғана жүргізілуі қажеттігін ұмытпаған жөн. Алғашқы өрт сөндіру құралы – автокөлік жиынтығының ажырамас бөлігі. Ол сенімді, әрі жарамды болуы керек, — деді аталған басқарманың инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ақұлдан Маратова.

Сала қызметкерлерінің айтуынша, адамдар көлік капотының ішіндегі жануды өз күшімен сөндіру кезінде аса сақ болуы маңызды. Өйткені, жалын адамды шарпып кетуі әбден мүмкін. Өртті ауыздықтау мүмкін болмаған жағдайда техниканы айналадағы нысандардан кемінде 10 метрге алыстату қажет. Себебі, мұндай жағдайда жанармай багының жарылу қаупі бар.

Өрт сөндірушілер рейд кезінде жүргізушілерге көліктерді кірмежолдарға, аула ішімен өтетін жолдарға қоймау қажеттігін де қаперледі. Себебі, жалын шарпи қалса, арнайы өрт сөндіру техникаларының кіріп-шығуына еш кедергі болмауы тиіс. Сондай-ақ, көліктерді белгіленбеген орындарда қою өрт кезінде адамдардың қазасына себепші болуы ықтимал екендігі баса айтылды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button