Өр суы сай-саланы толтырды
Биылғы көктем көп өңірге сынағымен келді. Жеріміздің біраз бөлігін су басып, ел әбігерге түскен болатын. Осынау сындарлы шақта «апаттың айтып келмейтініне» тағы бір мәрте көзіміз жетті. Елдегі жағдайды ақпарат көздері мен әлеуметтік желіден жіті бақылап отырған жұрт бастапқыда алаңдап, дүрлігіп қалғаны да жасырын емес. Бүгінде өңірде жергілікті атқарушы билік қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды.
Елмен тікелей байланыс
Айталық, Жайық бойын жағалаған, жері пайдалы қазбаға бай Индер ауданында ахуалды ұдайы қадағалап, дер кезінде қорғаныс шараларын тиімді ұйымдастырудың арқасында ауыл халқы өр суынан аман қалды. Аудан әкімі Дарын Шамұратов жағдайды әлеуметтік желі арқылы үнемі баяндап отырды, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп берді. Осылайша, алыпқашпа әңгімелердің нүктесі қойылып, жұрттың дер кезінде шынайы ақпарат алуына мүмкіндік жасалды. Мәселен, республикалық Атырау–Орал тас жолының Индербор кентіне кірме 7 км жолдың 100 метрге жуық бөлігін су басып кеткен еді. Тәулік бойы су басқан аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары тез арада қолға алынды. Топырақ толтырылған тонналық қаптар арқылы судың жолын бөгеп, үстіне Камаздармен тау тастары төгілді. Жол жөндеу жұмыстарына 7 Камаз, 4 тиегіш, 1 дөңгелекті экскаватор арнайы техникалары мен сарбаздар және Төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды.
Ал, аудан шаруагерлері биылғы өр суының сай-саланы толтырып, жайылмаға шыққаны көңілдерін қуантқанын жасырмады. Айталық, «Тоқбай» шаруа қожалығының басшысы Сағат Садықов 1993 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. 30 жылдан кейін келіп тұрған суды «табиғаттың бізге берген сыйы» дейді ол. «Осы күнге дейін каналдан су алып, егін ектік. Тасымалға кететін шығыны бар, қолайсыздау болды. Биылғы судың бізге көмегі көп болмақ. Енді оны малға да, егінге де пайдаланамыз» дейді Сағат Садықов.
– Жалпы, аудан тұрғындарынан жолға қатысты сұрақ көп. Биыл Шығыс шағынауданын толықтай асфальттау, Болашақ шағынауданындағы 12 км, Индербор кентінде ұзындығы 10,4 шақырым болатын қалып қойған шағын көшелерге жол төсеу жұмыстары басталады. Әрине, тасқын суға байланысты кедергілер бар. Қазір барлық шағынауданға жол төсейтін мердігер мекемелер анықталды. Алайда, ауылға арнайы техникалар әкелудің қиындығы туындап отыр. Тараз қаласынан келетін техникалар алдымен Атырау қаласына теміржол арқылы, кейін облыс орталығынан бізге жүк көліктерімен жетуі тиіс еді. Әзірге қаламен автокөлік байланысы қиындау болып тұр. Десек те, басталған іс аяқсыз қалмайды, — дейді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.
Көлемді өтемақы төленеді
Қорасы төлге толы Қызылқоға ауданында су тасқыны салдарынан мал шығыны бойынша зардап шеккендерге келтірілген зиянды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияға 70 өтініш түскен. Комиссия қорытындысында 58 шаруа қожалығы мен жеке тұлғаларға бюджеттен және барлығы 61 млн. теңгеден астам өтемақы төленбек. Мал саны 191 басты құрайды. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оның 105-і – мүйізді ірі қара, 45-3 жылқы және 40 қой-ешкі, бір түйе болып отыр.
Жалпы, ауданда су тасқынынан зардап шеккен 31 тұрғын үй иесінен өтініш келіп түскен. Оның ішінде 7 тұрғын үй құжаттарының жоқ болуына байланысты кері қайтарылып, 24 өтініш қанағаттандырылды. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың тікелей бақылауымен тасқын зардабын қалпына келтіру бойынша нақты жұмыстар жүргізілген.
Тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалап, тұрғындардың шығындарын анықтау мақсатында арнайы жұмысшы тобының қорытындысына сәйкес 6 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу және 18 тұрғын үй апаттық деп танылып отыр. Тұрғындар өтінішіне сәйкес, 4 тұрғынға үй салып беріледі. Қазір жер телімін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Оның ішінде Қоныстану ауылынан – 3, Миялы ауылынан – 1 үй. Өзге тұрғындарға бағалау нәтижесіне сай қаржы ұсынылмақ.
Ал, Қызылқоға ауданы бойынша «Индер–Қарабау–Сағыз–Миялы» облыстық маңызы бар тасжолдарға қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтуде. Әрбір 11 учаскеге мал өтетін өткелдер мен метр жарымдық суөткізгіш құбырлар салу қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізеді.
Дәулетқали АРУЕВ