«Өңірлік университет – инновациялық дамудың драйвері» — Гүлзада Шакуликова
Білім беру парадигмасы өзгерген қазіргі уақытта жоғары мектептің трансформациясы – өзекті мәселенің бірі. Елімізде технологиялық даму концепциясын табысты іске асыру үшін, адами капиталды жетілдіру арқылы бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін де университеттердің қызметі маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Индустрия 4.0 қалыптастыруда инженерлік-техникалық кадрлардың сапасы жоғары болуы тиіс. Мұнайлы аймақтағы техникалық бейіндегі жоғары оқу орны С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде қолға алынып жатқан жаңа жобалар мен бастамалар туралы ректор Гүлзада Тәңірбергенқызы Шакуликова айтып берді.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында: «Қай заманда да дамудың басты кілті – ғылым. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын», — деп, еліміздің ғылыми-техникалық саясатының басымдықтарын атап өткен еді. Гүлзада Тәңірбергенқызы, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған университеттегі ғылымның дамуынан бастасақ.
— Қай мемлекеттің болмасын инновациялық даму жолында жетістікке жетуі озық ғылыми-техникалық инфрақұрылымға, бәсекеге қабілетті білікті кадрларға байланысты. Жаһандану талабына сай дамуымыз үшін біз отандық ғылым мен білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Осы бағытта университеттердің «білім-ғылым-индустрия-бизнес» интеграциясын табысты іске асыруы еліміздің инновациялық дамуына тың серпін беретінін сеніммен айта аламыз. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті еліміздің энергетика кешенін кәсіби құзыретті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында индустриалды университет моделіне ауысуда. Әрине, бұл жолда ең алдымен ғылыми әлеуетті көтеруге көп көңіл бөлінеді. АтМГУ ғылыми қызметі мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы саласындағы компаниялардың техникалық және технологиялық мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
-Ол қандай жұмыстар екенін нақты атап өтсеңіз?
— 2022 жылы мұнай-газ саласының техникалық және технологиялық проблемаларын талқылап, анықтау үшін арнайы зерттеу институты құрылды. Мұнай-газ саласының проблемаларын зерттеу институты ғылыми-техникалық шешімді талап ететін негізгі мәселелер бойынша ақпараттар жинайды. Сонымен қатар, «Салалық технологиялық құзыреттер орталығы» мұнай-газ саласында нормативтік-құқықтық актілерді дайындау кезінде ғылыми-техникалық және әдіснамалық кеңес береді. Орталық «Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын цифрландырудың 2023-2030 жылдарға арналған стратегиясын», мұнай-газ саласы проблемаларын технологиялық шешудің интерактивті картасын әзірледі. «Мұнай-газ инженериясы» және «Органикалық заттардың химиялық технологиясы, машиналар, аппараттар мен жабдықтар» бағытында докторантура ашылды. Шетелдік ғылыми журналдарда ғалымдарымыздың ғылыми жарияланымдарының саны артып келеді.
Сапалы білімді ғылыммен, индустриямен ұштастыру арқылы озық тәжірибелерді алмаса отырып, ғылымға негізделген инвестицияларға көңіл бөлінуде. Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан да осы бағыттағы жұмыстарымызға көп қолдау барын атап өтуге тиіспіз. Ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалады. Ғылымды қаржыландыру көлемі артып келеді. Перспективалық идеяларға мемлекеттік қолдау көрсету, ғылым саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту бойынша да жақсы көрсеткіштер бар
—Жергілікті атқарушы органдармен және индустриямен бірлесе отырып жүзеге асыратын қандай жобаларыңыз бар?
-Әлемдік тәжірибе ғылым ең алдымен университеттік ортада дамитынын көрсетіп отыр. Өңірлік университет пен облыс әкімдігі арасында ғылым саласындағы кооперацияны дамыту өте маңызды. Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов университетімізге келіп, ұжыммен, ғалымдарымызбен кездескен болатын. Мұнай-газ саласының қазіргі және келешектегі мәселелерін шешу үшін білім беру, ғылыми және өндірістік қауымдастықтарды біріктіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Университет ғалымдарының «Атырау облысы аумағының цифрлық экологиялық төлқұжаты», «Көктайғаққа қарсы препарат» өндірісінің тәжірибелік технологиясын енгізу», «Маленькая страна» әлеуметтік экокампусы аумағында сулы қабаттардың пайда болу тереңдігін анықтау мақсатында зерттеу жүргізу, Қазақстан тарихын білудің тәсілі ретінде ежелгі Сарайшықты компьютерлік модельдеу, Атырау қаласы бойынша алты тілде жол көрсеткіш әзірлеу үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу секілді жобалары бар.
—Технологиялық ынтымақтастықтың экожүйесін құруға мүмкіндік беретін өңірлік ғылыми-зерттеу орталығы болу – университеттің стратегиялық мақсаты екенін айттыңыз. Осы бағыттағы жоспарларыңыз қандай?
—Еліміздегі алғашқы Коррозия орталығы Атырауда, С.Өтебаев университетінде ашылды. Норвегиядағы кәсіби кеңеспен бірлесе отырып, FROSIO инспекторларын оқыту мен сертификаттау бойынша аккредиттелген оқу органын құрдық. Бұл мәселе Атырау өңірі үшін өте өзекті, сондықтан да бұл орталық өнеркәсіпте сұранысқа ие өңірлік мамандарды даярлау орнына айналады.
Университет елімізде алғашқылардың бірі болып жергілікті атқарушы органмен бірлесіп Атырау өңірінің проблемаларын шешу үшін өңірлік ғылымды тартуға бастамашы болды. Университет базасында Атырау облысы әкімінің жанындағы ғылыми-техникалық кеңес құрылып жатыр. Ол кеңес Атырау облысының техникалық, инженерлік, техногендік, экологиялық және басқа да проблемаларын ұзақ мерзімді, жүйелі, ғылыми негізде шешу мақсатында және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында нақты жұмыстарды қолға алатын болады.
Жаңа технологияларды, инновацияларды енгізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту – ортақ міндетіміз. Өңірлік жоғары оқу орны ретінде мұнайлы аймақтың климаттық болашағы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, ойлау, оқыту, зерттеу үлгісін жасауда трансформация драйвері болуға ұмтыламыз.
-Әңгімеңізге рақмет. Барлық бастамаңыз табысты болсын!
Сұхбаттасқан: Нұргүл Насыр