Өңірдегі өрнегі бөлек мереке
Ұлыстың ұлы күні Атыраудың өңірлерінде де өзіндік өрнегімен өрілген көріністермен шырайлана түсті.
Мәселен, Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылындағы мерекелік шараның шымылдығы халқымыздың өткені мен бүгінін бейнелейтін «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты театрландырылған әдеби-сазды бағдарламамен ашылды. Әуелеген ән, күмбірлеген, мың бұралған биге еіткен көңілі көтеріңкі көпшіліктің назарына бір сәт тыңдаушының делебесін қоздырар дәстүрлі өнер додасы – қыз бен жігіт айтысы тарту етілді. Сонымен бірге халқымыздың «құда түсу» салты тамашаланды.
***
Ал Қызылқоғаның Тайсойған мен Бүйрек құмдарының арасын қоныстанған «қақпақты қара қазан» атанған қазыналы өңірдің тұрғындары жыл басын жарқын көңілмен қарсылады. Аудандағы әр ауылдың округ Наурыз мейрамына орай өз отауын сайлап, мерекенің өзіне тән мәні мен сәнінде өтуіне белсенді үлесін қосты. Мәселен, қарабаулықтар бұл күні «Еспай», «Махамбет», «Береке», «Сабыр» ауылдарына бөлініп, мерекелік тартуларын паш етті. Олар ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан «Қымыз мұрындық», «Енші беру», «Тұсау кесу», «Қыз төркіндеу» тәрізді ежелден халқымызға етене салт-дәстүрлерді сахналады. Әр ауыл өз орталарынан мықтылары мен ептілерін сайлап, «Ләңгі тебу», «Кім мешкей?» деп аталатын ұлттық ойын түрлерінен сайысты.
***
Құрманғазыда Қиғаш бойын қоныстанған ауданның барлық он тоғыз ауылында ұйымдастырылған Наурыз тойы тақырыбы түрлі, мазмұны бір шаралар шоғырына ұласты. Ұлыстың ұлы күні деп дәріптелетін ұлық мейрамның құрметіне әр ауылда алыстан көзге шалынатын ақ шаңқан, ақ боз үйлер бой көтерді. Олар бейне бір бақ ордаға айналған бағаналы орданың кейпінде мерекелей келушілерді жылы шыраймен қарсы алып, жиылған жұртты ерекше әсерге бөлеп, жандарына жылылық ұялатты.
***
Махамбет. Бұл өңірде мерекеге арналып сегіз киіз үй тігілді. Олардың әрқайсысына «Достық», «Ынтымақ», «Достық», «Молшылық», т.б. атаулар берілді. Мейрамның шырайын кіргізіп, көпшіліктің назарын айрықша аударған шараның бірі ретінде «Келін түсіру», «Беташар» рәсімі өтті. Оны Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің ұжымы дайындады. Сондай-ақ, З.Есжанова атындағы балалар өнер мектебінің оқушыларынан құрылған оркестр өз өнерін көрсетіп, наурызнаманы қазақтың күйлерімен, халық әндерімен, өзге де өнер туындыларымен өрнектеді. Осы күні аудан орталығындағы қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетті. Жәрмеңкеге қатысқан 25 шаруашылығы 24 тонна өнімді арзан бәсіне сатып, тұтынушылардың көңілінен шықты.
***
Кең Жылыой өңірінде де жыл басы жылдағыдан ерекше жағдайда тойланды. Құлсарының қаласының орталық көшелері мен шағынаудандарына барлығы 30-дан астам киіз үй тігілді. Әрқайсысына жауапты кәсіпорын-мекемелер бекітіліп, олар меркеге келушілерге қызмет көрсетті. Ақ дастарқандарын жайып, бадана бауырсағы мен наурыз көжесін, басқа дәмдерін ұсынды. Садақ ату, қазақ күресі, қол күресі, кір тасын көтеру, арқан тарту,қой көтеру тәрізді ұлттық спорт сайыстары да да тартымды өтті. Бұл мақсатқа бір млн.теңгеге жуық қаржы бөлінді. арнайы тағайындалған жүлделерді қанжығаларына байлаған жеңімпаздар ұлығыланды.
***
Индер ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен бөлек, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Сазды бағдарламада өнерпаз жастармен қатар аталар және әжелер ансамблдерінің мүшелері де өнер көрсетті. Балғын бишілердің мың бұралған билері де алаңға жиналған үлкен-кішіні тәнті қылды. Мерекелік шаралар ауылдарда да өзіндік өрісі мен өрнегін тапты.
***
Мақатта барлығы 20 киіз үй тігілді. Бәрінде де қазан көтеріліп, келушілерге палау таратылды. Бұрын-соңды болмаған аударыспақ және көкпар ойындары ұйымдастырылды.
***
Ал облыс орталығындағы «Рахат» шағынауданындағы мерекелік шараға қатысушыларға ,,Насиха» сауда орталығының демеушілігімен тегін ыстық тағам үлестірілді. Ұлттық спорт сайысына қатысқандардың бірі қой көтеруден (80 рет көтеріп) рекордтық көрсеткішті еншіледі. Ал Нұрсаядағы кейбір көпқабатты үйлердің тұрғындары Наурызды өз аулаларында тойлады. Жастар үлкендерді дастархан басына шақырып, батасын алды.
Дәулетқали АРУЕВ