
Өңірде репродуктивті денсаулық апталығы басталды
Қазір ерте жыныстық жетілу, кәмелет жасына толмағандар арасындағы жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың көбеюі қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Осындай өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірінде жыл сайын халықтың репродуктивті денсаулығына арналған апталық өткізіледі. Халықтың, әсіресе жастардың денсаулық туралы білімін арттырып, дұрыс өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық шара облыста да жалғасын тапты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлия Жанғалиева апталықтың маңыздылығына тоқталып, әрбір азаматтың тексеруден өтіп, қажетті кеңес алуына берілген бірегей мүмкіндік екенін атап өтті.
– Апталық барысында түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, медициналық ұйымдарда ашық есік күндері, сондай-ақ жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады. Негізгі мақсатты аудитория – жастар мен жасөспірімдер, балалы болуға мүмкіндігі бар ерлер мен әйелдер, медицина және білім беру саласының қызметкерлері, – деді ол.
Шара аясында облыс тұрғындары гинеколог, уролог, репродуктолог, дерматовенеролог сынды мамандардан тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында репродуктивті денсаулыққа қатысты ашық дәрістер өткізіліп, ата-аналар мен жастар үшін түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады.
Апталықтың мазмұны күндерге бөлініп жоспарланған. Перзентханалық қызметтің штаттан тыс бас үйлестірушісі Асқар Кенжеғалиевтің айтуынша, алғашқы күн – апталықтың ресми ашылуына арналса, келесі күндері жасөспірімдердің денсаулығын қолдау, отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың және адам папиллома вирусының алдын алу тақырыптарына бағытталады. Барлық шаралар облыстың жеті ауданы мен қалаларындағы емханаларда өткізіледі.
Мұндай науқан кезінде мамандар жас буынның денсаулық сақтауына, атап айтсақ, ерте жүктіліктің алдын алу, жасанды түсікке жол бермеу сынды жайттарға назарын аударады. Әлия Жанғалиеваның мәліметінше, ерте жыныстық жетілу шамамен он алты жастан басталады. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен облыста жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 35 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған.
Еркеназ ҚАЛИЖАН