Өңірде – оң өзгеріс

tokaev i akim atyrau Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен телефон арқылы сөйлесті. Аймақ басшысы өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.

Қазір Атырау облысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Инфекция жұқтырғандар шілде айының басымен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар, сырқаттанғандардың 63,8 пайызы, яғни, 6 414 адам сауығып шыққан. Соның арқасында инфекциялық төсекорындардың 54,6 пайызында, ал, провизорлық төсек-орындардың 43,3 пайызында ғана науқас қалған.

Осы ретте Махамбет Досмұхамбетов өңірде карантиндік орындардың қысқарып жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ, Атырау облыстық ауруханасының 200 инфекциялық орны бағытын өзгертіп, жоспарлы пациенттерді емдеуге көшеді. Атырау облысы әкімінің баяндауынша, мұнайлы өңір жан басына шаққанда тест тапсыруда көшбасшы аймақ саналады. Пандемия басталғаннан бері 153 587 ПЦР-тесті өткізілген. Яғни, мұнда 100 мың тұрғынға шаққанда тест тапсыратындар 23 615 адамнан келген.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, Президентке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қабылданған шараларды баяндап, үш айлық қор қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанына тоқталды. Оның пікірінше, соңғы екі аптада облыс әкімдігінің қолдауымен 100 тонна дәрілік зат жылдам жеткізілген. Бүгін-ертең шамамен 40 тонна дәрілік зат тиеген тағы да жүк көліктері келеді.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы дистрибьютор компаниямен бірлесіп, 40 позиция бойынша тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін арнайы келісім-шарт жасасқан. «СҚ-Фармация» ЖШС қоймасынан стационарлар мен емханаларға 400 позиция бойынша дәрілік заттар апта сайын үздіксіз жеткізілуде. Мобильдік топтардың, CaII-орталықтардың және Covid-такси жұмысының арқасында жедел жәрдем шақырту бүгінгі күні тәулігіне екі есеге, яғни, 1300-ден 650-ге дейін төмендеген.

Дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешу үшін еліміздің медициналық жоғары оқу орындарынан 102 интерн мен резидентті тарту жоспарланған, олардың 45-і өңірге келіп, жұмысқа кірісіп кетті. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз соңында облыс халқының карантиндік шараларды сақтауына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ерекше күшейтілгенін атап өтті. Қазір карантиндік талаптардың орындалуын қадағалайтын 114 мониторинг топ күнделікті рейд жасап, соңғы аптада 640 құқық бұзушылықты анықтаған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз