
Өңір өмірі өзгеріске толы
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов облысқа сапары барысында Исатай ауданында болып, әуелі Хамит Ерғалиев ауылына атбасын бұрды. Мұнда салынып жатқан демалыс саябағының құрылысымен танысты.
Саябақ ауыл тұрғындарының демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуге арналған әлеуметтік жоба ретінде қолға алынған. Қазіргі таңда абаттандыру, жасыл желек отырғызу, жүргінші жолдарын төсеу және балалар алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Құрылыс барысы, сапасы мен мерзімі – бақылауда. Мердігер мекеме өкілдері жоспарланған жұмыстар кестеге сай атқарылып жатқанын жеткізді. Депутат мұндай қоғамдық орындардың ауылдың көркеюі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Мәжілісмен келесі кезекте Тұщықұдық ауылында бой көтере бастаған жергілікті әкімшілік ғимараты мен жазғы су желісінің құрылысы нысандарына маңдай тіреді. Жаңа әкімшілік ғимараты ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы әрі тиімді көрсетуге бағытталған. Қазіргі таңда ғимараттың құрылысы 95 %-ға аяқталған. Ауыл халқы үшін маңызды нысан – жазғы су құбыры желісі. Жоба толық аяқталғанда тұрғындар тұрақты әрі сапалы сумен қамтамасыз етіледі. Халық қалаулысы бұл нысандардың әлеуметтік маңызына тоқталып, жұмыстың уақытылы әрі сапалы аяқталуы – басты талап екенін ескертті.
Аудан орталығы – Аққыстау ауылында қолға алынған әлеуметтің әлеуетін көтерер жобалар да депутаттың назарынан тыс қалмады. Бірінші тоқтағаны – өнер мектебі. Мектепте домбыра, фортепиано, қобыз, вокал, би және бейнелеу өнері секілді 12 бағыт бойынша 305 оқушы музыкалық білім алуда. Жас өнерпаздарды тәжірибелі ұстаздар тәрбиелеп, түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге дайындайды. Депутат оқу кабинеттерін, музыка сыныптарын, сахна және көрме залдарын аралап көріп, балалардың шығармашылық деңгейіне оң баға берді. Ұжыммен болған кездесуде материалдық-техникалық базаны жаңарту, музыкалық аспаптар мен жабдықтарға қажеттілік мәселелері көтерілді. Мұнан кейін Мәжіліс депутаты Аққыстаудағы үш қабатты, 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарына көңіл бөлді. Бұл үйлердің құрылысы осыдан бес жыл бұрын басталған. Қазіргі уақытта қабырғалары жарылып, апаттық деп танылуына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Бұған дейін атқарылған жұмыстарға 2.3 млрд. қаржы шығындалған. Үйлердің қаңқасы тұрғызылғанымен, ішкі әрлеу, инженерлік жүйелер мен абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Кемшіліктерге көз жеткізген депутат бұл мәселені жауапты органдармен бірлесе қарап, оңтайлы шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Сонымен бірге құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтынан арнайы мамандар шақырып, тұрғын үй кешені туралы шешім шығару керектігін айтты. Құрылыс тоқтап тұрған үйлер – тек ауыл тұрғындарының ғана емес, жалпы өңірлік дамудың өзекті мәселесі ретінде қаралуы тиіс екенін атап өтті. Соңынан депутат өмірі өзгеріске толы өңірдің өзге де ауылдарында болып, тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қолға алынған әлеуметтік жобаларжың жүзеге асырылу жайына назар аударды.
Бүгін Мәжіліс депутаты Махамбет ауданының елді мекендерін аралады. Сарайшық ауылдық округіндегі «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС-нде, Махамбет ауылындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығы» мекемесінде болды. Одан арғы кездесулер аудан орталығындағы емхана және күндізгі стационарда, «Meken Chicken» құс фабрикасында, «А-Дана» шаруа қожалығында жалғасты.
Дәулетқали АРУЕВ