Өнерге құштар – ерекше жандар
Бір отбасының мүшелері бір қабырғаға сыймай жатады. Бір үйге ғана емес, бір жүрегіне жүздеген ерекше баланы сыйғызып отырған Тыныш Жақыпова туралы Атырауда білмейтін адам кемде-кем. Мансард үйінің жоғарғы қабатын ерекше балалар мен мүгедек жандарды өнерге, спортқа, тігіншілік пен қолөнерге баулуға арнап отырған оның ісін ерлікке ғана балай аласың. Құлсары мен Құрманғазыдан, Индер мен Мақаттан келетін ерекше балалар ата-анасымен бірге осы үйге қона жатып, сүйікті ісімен шұғылданады екен.
Алғашында, яғни 2009 жылы «Өмір гүлі» ансамблін құрғандағы мақсаты да осы еді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнермен айналысып, өзін түсінетін орта тауып, өмірдің ағысынан қалмаса деген ниеті орындалды. Бүгінге дейін түрлі қайырымдылық, қамқорлық шараларынның аясында бірлестікке музыкалық құрылғылар, тігін машиналары, теннис үстелі сыйға тартылыпты. Осында келіп жүрген балалардың бәріне дерлік түрлі конкурстардың лауреаттары.
«Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Тыныш Жақыпованың ендігі мақсаты, қаланың орталығынан ғимарат алып, өнер мен спортқа жаны құштар ерекше жандарды көптеп тарту.
– Жалпы «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігінің облыстағы ерекше жандар үшін еңбегі өте зор. Тыныш апа өте белсенді, біздің Атырау облысы бойынша дәл мұндай бірде-бір қоғамдық бірлестік жоқ. Мүмкіндігі шектеулі болса да осы орталыққа келіп өнерлерін ұштап, өзін танып жатқан жандар қаншама? Бүгінгі мәселесі осы өнерлерін жалғастырып, уақыттарын тиімді өткізетін орынжай болып отыр. Енді бұл бірлестікке жан-жақтан келушілерге ыңғайлы орын керек, — деді «Азаматтық орталық» басшысы Жаннат Досқалиева.
Бірлестіктің қыз-жігіттері жиналғандарға өз өнерлерін көрсетіп, жүріп-тұруы шектелгенімен, үлкен талант иелері екенін тағы бір мойындатты. Келесі аядай бөлмеде қолөнермен айналысып отырған бүлдіршін қызбен, тігін машинасымен алаңсыз іс тігіп отырған екі апайдың өмірге деген құлшынысына қарап, еріксіз қуанасың.
Кездесуге келген құзырлы мекеме басшылары жиында айтылған мәселені аяқсыз қалдырмай, демеушілік есебінен көмек көрсетуге, ғимарат мәселесіне орай шешімін табуға дайын екендігін жеткізді.
Салтанат САНСЫЗБАЙ