
Өнердің өзегі – ұлттың рухани коды
Атырау өңірінде ұлт өнерінің алтын арқауына айналған үлкен рухани оқиға – «Шебер – FEST 2025» республикалық шеберлер мен қолөнершілер фестивалі өз шымылдығын түрді. Ұлттық өнердің көне тарихынан нәр алып, бүгінгі күнмен үндескен бұл ауқымды шараны облыс әкімдігі мен Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі ұйымдастырды.

Халықтық қолөнерді ұлықтап, салт-дәстүр мен рухани мәдениетіміздің мәйегін кейінгі буынға жеткізу – фестивальдің басты мұраты. Сонымен қатар, бұл бастама Атырау қаласының мәдени тыныс-тіршілігіне де айрықша серпін беріп отыр.
Жалпыұлттық сипат алған «Шебер – FEST 2025» – қазақ қолөнерінің құндылығын кең көлемде насихаттап, қолөнершінің беделін биіктетуге бағытталған ерекше алаң. Осынау игі іске еліміздің түкпір-түкпірінен келген 15 және жергілікті 35, барлығы 50 қолөнер шебері қатысып, өз туындыларын көпшілікке ұсынды. Бұлар – ата кәсіпті абыроймен жалғап жүрген, әр өңірдің маңдайалды өнер иелері.

Фестиваль шымылдығын салтанатты түрде ашқан Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық мұрамызды дәріптеу жолындағы осындай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Сөз алған елге танымал шеберлер – ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», Қолөнер шеберлері одағының ОҚО филиалының төрағасы Болатбек Бейсбеков пен ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, халықаралық «CACSA» қолөнершілер ассоциациясының мүшесі Ерқосай Абилов фестиваль-көрменің мәні мен маңызын ерекше атап өтті. Атадан балаға аманат болған өнер – ұлт руханиятының тұғырлы темірқазығы екенін тілге тиек етті.

Бұл фестиваль ұлт шежіресін сөйлеткен шеберлердің сырлы әлеміндей болды. Өйткені, мұнда тек бұйым көрсетілмейді, рухани мұра қайта жаңғырып, ұлттық өнердің алтын арқауы тарқатылды.
Қолөнер – тарих пен болмыстың тоғысы. Әр туынды – бабадан қалған аманаттың ізі, жүректен төгілген шеберлік пен ұлттық кодтың көрінісі.

Шара аясында шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар, көрмелер ұйымдастырылып, халықпен етене жүздесу алаңдарына айналды. Өнердің әр саласында өзіндік өрнек салған шеберлер жұртшылықпен тәжірибе бөлісіп, ұмыт бола бастаған әдіс-тәсілдерді жаңғыртты. Ал «Меруерт» би тобы мен облыс өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлап, сахнаның сәнін келтірді.

-Қазақ халқы қашанда өнерліге құрметпен қарап, «Өнерлінің қолы алтын» деп бағалаған. Бүгінгі «Шебер – FEST 2025» осы сөздің өміршеңдігін дәлелдеген, руханиятқа серпін беріп, ұлт өнерін ұлықтаған айрықша шара ретінде ел жадында қалары сөзсіз. Зейнетке шыққалы құрақ құрап, көрпе, сөмкелер тіге бастадым. Қазір сырқалақпен өрнектеп бау жасап отырмын, оны жең, етекке, сөмкеге пайдалануға болады. Алты қалақ арқылы жіппен тоқиды. Кермебаумен алаша тоқып әкелдім. Бала күнімде әжемнен көріп, өскенім кәдеге жарап, бүгінгі ұрпааққа таныстырып, үйретіп жүрмін,- дейді оралдық қолөнер шебері Нұрлы Сисенова.

Ал, алматылық мейман Ұлбосын Дәуленова киізден түрлі күрте, пальтолар тігіп әкелген екен. Киіз өнімдеріне сұраныс жоғары екенін айтады.
– Бұл – қазақтың төл өнері. Сол себепті, оны қолданыстан шығып қалды деуге болмас. Керісінше, заман өзгеріп, қолданыстың жаңа формасына енді. Киізден жасалған жайманы қонақ бөлмедегі кереует (диван) алдына жаюға, кереует үстіне төсеуге тапсырыстар жиі түседі. Түрлі оюлы күрте (пальто) трендте деуге болады. Қашан да қолдан жасаған бұйымның бағасы жоғары болады» , – дейді этно-дизайнер.

Расында ұлттық мұра ұрпақтың қолында. Ал сол мұраны көздің қарашығындай сақтап, халыққа ұсынып жүрген қолөнершілер – елдің рухани тірегі. Осындай шаралар арқылы біз төл өнерімізді қайта түлетіп қана қоймай, оны жаңа буынға аманаттаймыз. Бұл – ұлт болып ұйысудың, бірегейлікті сақтаудың, рухани кемелденудің жарқын жолы.






Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ