Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетСарапTime

«Өнерде өзіндік із қалдырсақ деп едік…»

«ТЕАТР – СЫМБАТТЫ ӨНЕР ІШІНДЕГІ ЕҢ ЗОР ӨНЕРДІҢ БІРІ» – ДЕП, ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВ ТЕАТРДЫ АЙРЫҚША БАҒАЛАСА, «ТЕАТР – КӨРІНГЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС, ЕҢБЕК. ЕҢБЕКТІҢ КӨРКЕМІ. ТЕАТР – КӨҢІЛ КӨТЕРУДІҢ ҒАНА ОРНЫ ЕМЕС, МӘДЕНИ ОШАҚ» – ДЕП «ЖЫР ҚҰЛАГЕРІ» ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ОЙ ТҮЙІНДЕГЕН ЕКЕН.

ӘЛБЕТТЕ, МӘДЕНИ ӨНЕРДІҢ ТҮПКІ ТАМЫРЫ ТЕАТРДАН БАСТАУ АЛАДЫ. САХНАДАН ТҮРЛІ ЭМОЦИЯ, НЕБІР ТАҒДЫРЛАР МЕН ЖАРҚЫН БЕЙНЕЛЕРДІ КӨРІП, ОНЫ ОЙ ЕЛЕГІНЕН ӨТКІЗІП ТАРАЗЫЛАУҒА ЗОР МҮМКІНДІК БАР. АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ҰЛЫ ӨНЕРДІҢ ОБЛЫСТАҒЫ ОШАҒЫ – «АТЫРАУ ЖАСТАР ТЕАТРЫ». ӨНЕР ОТАУЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ ӘМІРЖАН НҰРЛАНҰЛЫНЫҢ БАСТЫ АРМАНЫ – «МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ДАМЫТЫП, КЕЙІНГІГЕ ІЗГІ ІЗ ҚАЛДЫРУ». ТЕАТРДЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ЖАЙЫНДА ТЕАТР ЖЕТЕКШІСІМЕН БОЛҒАН СҰХБАТТЫ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНУДЫ ЖӨН КӨРДІК.

– Əміржан Нұрланұлы, Жастар театрының ашылуына нендей ой түрткі болды? Кімнің бастамасы еді?

Театр 2017 жылы жандана түсті. Оған себеп – көшедегі қойылымдар жергілікті атқарушы органдардың көзіне түсіп, біздерге ұсыныс тастауында. Олар түрлі бағыттағы əлеуметтікмаңызға ие қойылымдар қоюды ұсынды. Сол бағытта əкімдікпен бірлесе отырып ізденіп, біраз спектакльді сахналадық. Біртіндеп театр еңсе тіктей бастады деуге толық негіз бар. Ұдайы ізденіс пен қайтпас қажырлылықты талап ететін театрдың қалыптасып кетуі үшін ерінбей еңбек еттік.

– Жұбайым екеуміз Атыраудағы Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 2007 жылдан бері қызмет ететінбіз. Киелі сахнада өнер көрсетіп жүргеннен кейін «артымызға қандай із тастасақ мəдениет саласын дамытамыз?» деген ой келді. Тəуекелге бел байлап, екеуміз жастар театрын 2014 жылы құрдық. Бастапқыда арнайы білімі жоқ студент жастардың басын қосып, көрермен тарту мақсатында көшеде тегін қойылым қойып жүрдік. Сол кезде айтылған сын-пікірлерге назар аударып, толық қалыптасқанша өз-өзімізді жан-жақты дамыттық.

Жұмысымызды 2019 жылы Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өткен Халықаралық театрлар фестивалінде көрсету үшін қатысуға ұсыныс тастадық. Үмітіміз ақталып, фестивальде бас жүлдені қанжығамызға байладық. Əрине, қуанышта шек болған жоқ. Бірақ бұл зор жауапкершілік жүктеді. Осыдан кейін облыс əкімдігінің де бізге назары ауа бастады. Театр ашу идеясы қолдау тауып, штат беру мəселесін көтерді. 2019 жылы «Махамбет атындағы академиялық драма театры жанындағы Атырау жастар театры» болып ресми түрде ашылып, белсенді қызмет атқара бастады.

– Театрға актерлерді неше жастан бастап қабылдайсыздар? Талаптары қандай?

– Əуелі жұмысымызды көрсету үшін бірге жұмыс бастаған сол кездегі дипломсыз, студент жастар өздерінің білімдерін шыңдап, арнайы курстардан өтті, тəжірибеде өздерін көрсетті. Олар бүгінде театрымыздың аға буын актер-актрисалары болып қалды. Ал, қазір дипломы бар, тəжірибелі мамандарды ғана жұмысқа аламыз. Жастар театры болғандықтан, актерлер 20-40 жастың аралығында болуы шарт. Дипломы салаға сай болуы тиіс, оған қоса өнерге деген махаббат пен еңбек етуге деген құлшыныс болса жеткілікті.

– Сананы тұрмыс билеген заман ғой. Театр актерлерінің жалақысы жақсы ма? Жастардың біліктілігі мен ізденісіне көңіл тола ма?

– Əрине, көңілім толады. Жергілікті оқу орындарымен шектеліп қалмай, шетелдегі белгілі өнер ошақтарынан дəріс алып, шеберлік сабақтарына қатысып отырады. Біз жыл сайын шеберлігін шыңдау мақсатында Астана, Алматымен жоспарлы түрде кəсіби шеберлердің апталық немесе бір айлық оқу курстарына жіберіп, тəжірибе алуына жағдай жасаймыз. Қазір жалақыдан реніш жоқ, мемлекет тарапынан толыққанды қамтылып отыр. Өз алдымызға театр болып құрыла қойған жоқпыз. Құрылымдық бөлімше сі болғандықт ан, бюджетіміз Махамбет атындағы академиялық драма театры арқылы қарастырылған.

– Театрға əдеттегідей бірдебір спектакльді жібермейтін «театралдар» ғана келе ме? Əлде көрермен саны көбейді ме?

– Сөздің шыны керек, бұрын көрермен тарту қиын болды. Басында ешкім білмеді, білсе де халықтың театрға деген көзқарасы дұрыс болмады ма, көрермен қатары сирек еді. Оқу орындарымен келісіп, залды студенттермен толтырған кездер де болды. Ал, бүгінде көрермендер билет таппай, тіпті маған хабарласып, «билет тауып берші» деп сұрайтындар бар. Рас, кейде оларға көмектесе алмай, «келесі жолы келесіз» деп қоштасқан кездер де болды. Сондықтан, қазір театрға көрерменнің беті бұрылды. Қарқыны керемет. Театрға деген құштарлық оянды деуге толық негіз бар.

– Жастар театрының актерлері instagram əлеуметтік желісінде өте белсенді. Бұл – көрерменнің көзайымына айналу, оған қоса жарнаманың бір түрі ме? Сондай-ақ карантин кезінде тікелей эфир арқылы онлайн қойылым əдісін болашақтатағы қолдануға болмай ма?

– Иə, бар. Былтыр «карантинге жабылды» деген кезде де көптеген бастамаларды қолға алдық. Біздің актерлер Алматыдағы əріптестерімен бірлесіп, халыққа онлайн кездесу ұйымдастырды. Көрерменнің өнерге құлшынысын ояту мақсатында бұл əлі де жалғасады. Ал, əлеуметтік желіні белсенді пайдалану осы мақсатты орындауға таптырмас мүмкіндік дер едім. Мұны қай салада да тиімді пайдалана білу керек.

– Театрда аншлаг жасап, ел аузында көпке дейін жүрген «Клеопатра», «Толқындар жағада өледі» сияқты қойылымдар қойыла ма?

– Біздің ұжымның кəсіби тұрғыда қалыптасуына бірденбір атсалысқан танымал режиссер Мұқанғали Томановтың туындылары. Оның қай спектаклін алып қарасақ та аншлаг, сондықтан театр ашылар сəтте қойылымдарын қоюға қолқа салдық. Оны ағамыз бірден құп алып, жастар театрының аяғына тік тұруына барынша қолдау көрсетті. «Клеопатра» қойылымын қалада сұраныспен бірнеше рет сахналадық. Өйткені, осы қойылым үшін Ресейдің Керчь қаласында өткен халықаралық театр фестивалінен Бас жүлде жəне «Ең үздік актриса» атағын иеленген едік.

Мұның барлығы – шығармашылық топтың ерен енбегінің, əрі алға деген құлшынысының жемісі. Біз үшін өткен жыл өте сəтті нотада аяқталды. Бірнеше сайыстардың жүлдегері атанып, тек Атырау емес, күллі Қазақ елінің мəртебесін асқақтаттық. Себебі, өнерді аса қадірлейтін театралды көрермендердің ортасы – Ресейден Бас жүлде алу əсте оңай емес. Біз үшін толағай табыс – сол.

Алдағы уақытта спектакльдерді қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде қойсақ деген мақсат бар. Себебі, біздің өлкеде шетелдіктер көп, оларға еліміздің өнері мен мəдениетін, əрі ұлттық құндылықтарды таныстырсақ, қандай ғанибет! Қазір сол ойымызды жүзеге асыру мақсатында талап қылып жатырмыз. Тағы да шетелдік сахналарға шығып, елдің абыройын асқақтатсақ деген ниетпен жан-жақты дайындыққа кірісіп кеттік. Қысқасы, жоспар көп.

– Жастар театры академиялық театрдың көлеңкесінде қалып қоймай ма? Оған бөлек ғимарат керек емес пе?

– Біріншіден, Махамбет атындағы академиялық театр біздің шыңдалып жетілуімізге өз септігін тигізіп, үлгі болды. Сондықтан, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазақта «Үй ішінен үй тікпе» деген зор мағынаға ие сөз бар. Біз соны ұстанамыз. Əрине, біз де өз еншімізді алып, бөлек ғимаратта жұмыс жасағымыз келеді. Сол үшін өз проблемамызды айтып жүрміз. Бірақ бірден түйінді істер шешіле қоймайды ғой. Облыс əкімдігі, мəслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, оған қоса ақсақалдар кеңесі тəрізді құзырлы органдар осы тұрғыда бастама көтерсе екен деген ұлы арман барын жасырмаймын. Өйткені, Атырау жастар театры азғана уақытта өзін дəлелдеді, біраз жетістіктің жемісін көрсетті. Сол себепті өнер жанашырлары тарапынан қолдаудың керек екені рас. Оған қоса, облыста екі театр болып жұмыс атқарсақ, арада бəсекелестік болмас па еді?! Сонда жұмыс ілгерілеп, даму мен нəтиже болар еді. Қазіргіден де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік белестерді бірлесіп бағындырар едік.

Сұхбаттасқан: Жайна МƏЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button