Өмірлік таңдау: жақсылық жасау

unnamed COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Атырау облыстық ауруханасында қызмет ететін медицина қызметкерлері мен сол жердегі науқастардың жағдайына қарайласып жүрген бір топ ерікті бар. Олардың пандемиямен күрес жолындағы еңбектері елеулі. Бірі сол жердегі қос шатырда орналасқан волонтерлер штабының жұмысын үйлестірген, басқалары ішкі, сыртқы жұмыстарда жүрді. Жергілікті биліктің қолдауынан өзге, атымтай жомарттар мен қарапайым халық та мүмкіндігінше көмегін ұсынуда.

Еріктілердің айтуынша, ауруханадағы қазіргі жағдай тұрақты. Ал, мамандар коронавируске қарсы күш – мықты иммунитет екендігін айтады. Демек, сол жерде күні-түні дамыл таппай жүрген дәрігерлерге ең қажеттісі – құнарлы ас-су. Білгеніміздей, Атырау облыстық ауруханасында ыстық тамақпен қамтылуы керек 100-ге жуық адам бар. Ал, соларды түскі және кешкі аспен қамтамасыз етуге еріктілер өз үлесін қосуда. Біз солардың бірқатарын әңгімеге тартқан едік.

Азиза НАЗАРОВА, ерікті: Көп тілегі көл болар

Мен үшін бұл жұмыстар ойда жоқта басталды. Күйеуім науқастанып, облыстық ауруханаға түсті. Абырой болғанда, аз уақыттың ішінде жазылып шықты. Бірақ, оның әңгімесінен, сол жерде жатқан өзге науқастар мен медицина қызметкерлеріне көмек керек екенін білдім. Індет белең алғанда сол жердегі дәрігерлерге көмектесеміз деп шештік. Бізге медициналық қызметкерлерді тұрақты түрде түскі аспен қамту туралы ұсыныс түсті. Мұны құп алып, оны жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік желі арқылы бастама көтердік. Бастаған ісімізді жұртшылық қолдай кетті. Осылайша, екі тәулік ішінде шотымызға 2 млн. теңге түсті. Бұл қарапайым адамдардың жинап бергені еді. Айналамдағы достарым да бұл істен шет қалған жоқ. Шетелдік компания қызметкерлері, кәсіпкерлер, блогерлер үлкен қолдау көрсетті. Ал, бастапқы шығындар үшін отбасылық бюджетімізден 300 мың теңге бөлдік. Қазір ісіміз жүйеленіп, бір ізге түсті. Рас, алғашында құнарлы, дәмді әрі қолжетімді бағада түстік дайындап беретін орын таба алмай қиналдық. Дегенмен, көп ұзамай мейірімді жандар өз қызметін 30 пайыз жеңілдікпен ұсынып, жомарттық танытты. 15 шілдеден бері күніне 100 адамға тамақ апарып жүрміз.

Венера ЕЛЕУСІНОВА, кәсіпкер: Бір бірімізге қолдау көрсетейік

Қазір елдегі жағдай тұрақталып келеді. Алғашқы кезеңдерде қиын болды. Әсіресе, біз секілді өз күнін өзі көріп жүрген кәсіпкерлерге ауыр тиді. Өйткені, кірісіміз де, шығысымыз да тұтынушыға байланысты ғой. Соның ішінде қоғамдық тамақтану нысандарының қызметі тұралап қалды. Бірақ, қол қусырып қарап отыра алмадық. Қиындыққа кезіккен адамдарға көмектесуді мақсат еттік. Осы оймен қолдан келгенше, көмегімізді ұсынудамыз. Қазір Атырау облыстық ауруханасында қолғабыс етіп жүрген ерікті қызжігіттерді бір мезгіл ыстық тамақпен, тегін қамтамасыз етеміз. Одан кейін сол ауруханадағы қызметкерлер мен өзге аймақтан келген науқастарға кешкі ас жеткізуші жігіттерге де жеңілдікпен ыстық тамақ дайындап береміз. Осылай бірліктің күшімен қазіргі қиындықтарды еңсеріп жатырмыз.

Азиза Назарова мен Венера Елеусіновадан өзге еріктілер ақ халаттыларды, өзге аймақтан келген науқастарды ауыз сумен, жеке гигиеналық құралдармен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етуде.

Облыстың спортшылары да кезек-кезегімен жәрдемдесіп жатыр. Олар аурухана ішіне оттегі баллонын тасымалдауда. Екі ауысыммен кезекшілік атқарып жүрген олардың еңбегі ерен. Ал, «Азаматтық орталық» еріктілер корпусы әр жақтан жиналған адамдардың жұмыс ауқымын анықтап, үйлестіріп жүр. Өз денсаулықтарына қауіп келтірсе де ортақ іске өзіндік үлесін қосып жүрген еріктілер қандай мадақтауға да лайық.

Әлемге таралған індетке қарсы тұру – бүгінде адамзаттың ортақ мақсатына айналды. Ахуал тұрақталғаннан кейін бүгінгі жағдай сарапталып, қорытындылана жатар. Ал, бүгінгі міндет өзгерек. Оның бастысы, сындарлы сәтте бір-бірімізге көмек көрсетіп, қиындықтардан қиналмай шығу.

Дәурен МАҚЫМ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз