Облыстық ата-аналар форумында не айтылды?
Былтыр Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, бес кесел туралы айтқан еді. Облыстық білім беру басқармасы, «Білім-Инновация» мен Silkway мектеп-лицейлері ұйымдастырған басқосуда осы тақырып талқыланды. «Кемелдену жолындағы 5 қадам» деп аталған форумға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қатысты.
Спикерлер былтырғы Ұлттық құрылтайда Президент айтқан бес кесел — лудомания, нашақорлық, вандализм, ысырапшылдық, зорлық-зомбылық мәселелеріне тоқталып, шараға қатысқан ата-аналардың сұрағына жауап берді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бала қауіпсіздігіне қатысты қабылданған заң жобаларын түсіндірді. Сондай-ақ мектептердегі тәрбие жұмысын жандандыру, ата-ана жауапкершілігін арттыру мәселелері мен жастарды зиянды әрекеттерден сақтау жолдары айтылды.
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асып жатқанын айтты.
-«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында барлық мектеп осы құндылықтарды әртүрлі іс-шаралар арқылы тек қана сабақта емес, сабақтан тыс уақыттарда балаларға осы құндылықтарды дәріптеу, қалыптастыру міндеті бар. Бүгінгі болып жатқан іс-шара осының бір кульминациясы деп айтуға болады, — деді ол.
Форум барысында оқушылардың жобаларынан көрме ұйымдастырылды.
Толығырақ «Атырау» газетінен оқи аласыздар.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ