Облыстың су басу қаупі бар 51 елді мекенге маусымдық гидробекеттер орнатылады
Бұл туралы аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен өңірде су тасқынының алдын алу туралы әкімдік отырысында айтылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленов аймақтың гидрометеорологиялық жағдайы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, Ресей Федерациясынан үлкен көлемде су келуі мүмкін деген болжам бар.
–Облыс аумағында «Қазгидрометтің» 12 гидробекеті орналасқан. Мұнда күніне екі рет су деңгейі, температурасы, мұз жағдайы өлшеніп, айына үш рет су өтімі тексеріліп, стандартты бақылау жүргізіледі. Қазір облыстың барлық су объектісінде тұрақты гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз қату кезеңі жүруде. Өзендерде қысқы кезеңге тән деңгейлер жүруде. 28 желтоқсаннан бүгінге дейін Иректі су қоймасының су төгіндісі секундына 60 текше метрді құрады. Өткен ақпанда су жіберу секундына 25 текше метр болған. Кеше Иректі су қоймасының жұмыс көлемі — 2 624 млн., судың келуі 19,1 текше метр/сек болды, — деді Салауат Төленов.
Серік Шәпкенов тек шекті деңгейлерді емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажетін айтты. Бұл ретте көпжылдық орташа көрсеткішке, өткен жылғы мәліметтер мен жоспарланған көлемдерге сүйену маңызды. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгіленген деңгейге ғана жетіп қоймай, барлық каналға тарап, қосымша қауіп төндіреді. Осыған байланысты Ақтөбе және БҚО шекарасына жақын жерге су келу көлемін бақылау үшін бекеттер ашу, сондай-ақ су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде маусымдық гидробекеттер орнату керек. Бұдан бөлек, «Қазгидрометке» шекаралас аймақтардағы гидрологиялық жағдай бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесіне көшу тапсырылды. Тарих көрсеткендей, су тасқыны екі жыл қатарынан қайталануы мүмкін, сондықтан дайындық пен уақытылы ақпараттандыру басты назарда болуы тиіс.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, өңірде су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын күшейту жұмыстары жүруде. Былтыр Жайық өзені бойында 590 км бөгет, 20 км канал қазылды, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 8 су өткізгіш қондырғы орнатылды. Өзен учаскелерінде 7 км жағалау нығайтылып, 121 км түп тереңдетіліп, 90 км жаға бекітіліп, тазартылды.
–Тасқынға қарсы іс-шаралар әлі де жүргізілуде,наурызда толық аяқтау жоспарланды. ТЖ резервінде жанар-жағармай, инертті материалдар мен қапшықтар қоры құрылды. Нөпір судың салдарымен күреске 1510 адам, 244 техника, соның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын. Одан бөлек, қажеттілік болған жағдайда басқа өңірлердің күштері мен құралдарын жұмылдыру қарастырылды,-деді Н.Жаңабаев.
Бұдан бөлек, Серік Шәпкенов қала,аудандардың дайындық шараларын тыңдады. Әкімдер өз аймақтарындағы қауіп-қатер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аймақ басшысы салынған бөгеттерді тексеріп, қажет болса нығайтуды, сондай-ақ қар суы келетін аумақтардағы гидрологиялық жағдайды бақылауды тапсырды.
–Былтыр бізге үлкен сынақ болды. Өзіміздің осал жерімізді байқадық, енді барлық техника әр елді мекенде дайын болуы керек. Сонымен қатар, эвакуацияны тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Су басу қаупі жоғары аймақтардағы шаруақожалықтарға алдын ала ескертіп, малды уақытша орналастыратын орындар дайындалуы қажет. Барлық су өткізу нысандары мен салынған бөгеттер жан-жақты тексеріліп, жедел штабқа нақты ақпарат ұсынылуы тиіс. Былтыр қомақты қаржы бөліп, материалдық-техникалық базамызды жаңарттық. Біз ең нашар жағдайға дайын болуымыз керек, босаңсуға болмайды, — деді С.Шәпкенов.