Жарнама
Жаңалықтар

Облыста “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн белсенділік” акциясы басталды

Өңірде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік акциясы өткізіледі. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина баспасөз мәслихатында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес — бұл құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, сонымен бірге қоғамның ортақ жауапкершілігі.

-Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әлсіз балалар мен қауымы ұшырайды. Оған көбіне қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру, отбасының рөлін күшейту және қиын өмірлік жағдайларға тап болған әйелдерді қолдау қажет. Бұл акция зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша жыл бойына жүргізілетін жұмыстардың қорытындысы десек те болады. 16 күн ішінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның алғашқысы бүгін APEC PetroTechnic колледжінде өтті. Бұдан бөлек, қоғамдық лекциялар мен тренингтер, халықаралық және жергілікті ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер сынды іс-шаралар да бар, — деді ол.

Акцияның негізгі мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда отбасының рөлін нығайту, зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке-профилактикалық жұмысты жүзеге асыру, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру.

Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанованың сөзінше, 10 айдың қорытындысымен 102 желісіне әйелдерге қатысты 3087 хабарлама тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 мың хабарламаға аз.

-Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы профилактикалық жұмыстардың алдын алу бойынша өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын жарлықпен бекітті. Соған байланысты кейбір заңға енгізілген өзгерістер маусым айының 15-інен бастап заңды күшіне енді. Бәріміздің бірлескен жұмысымыз ғана қылмыс санын азайтуға және әйелдер үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің болашағымыз — құрмет пен түсіністікке негізделген отбасы, — деді Р.Айтжанова.

Сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлармен 324 әйелге консультациялық көмек көрсетілді. Дағдарыс орталығы жыл басынан бері 96 адам қабылданды. Оның 27-сі — әйел,
68-і бала.

Бұл акция бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап етеді. Әр азамат зорлық-зомбылықты болдырмауға үлес қоса алады.
-Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қиындыққа тап болса, арнайы қызметтерден көмек сұрауға қымсынбаңыз. Зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет – әр адамның міндеті. Осы 16 күн ішінде біз барлығымыз әйелдер мен балалардың қауіпсіз болашағы үшін күш біріктіре аламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар біздің орталықтағы медициналық, заңгер және психолог мамандардан кеңес ала алады. Біз тек 16 күн ғана емес әр күні көмек көрсетуге дайынбыз, — деді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімшесінің заңгері Бекболат Тайжанов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button