Облыста соңғы үш айда 25 адам суға кетті
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен балалардың судағы қауіпсіздігі туралы әкімдік отырысы өтті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Соңғы үш айда облыс бойынша 25 адам суға кеткен, оның 14-і — жасөспірім. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен. Жазатайым оқиғалар ата-аналардың бала қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болып отыр. Бұл туралы облыс әкімі аппараты бақылау және талдау бөлімінің басшысының м.а Саян Меденов мәлім етті.
— Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында суға кету жиілеген. Әлеуметтік желіге мониторинг жасадық. Ол судағы қауіпсіздік туралы түсіндірме жұмыстарының 90%-н тек төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері жүргізетінін көрсетті. Облыс, қала және аудан әкімдіктерінің ресми парақшасында пост не бейнероликтер жүктелмеген. Шомылу маусымы басталмағаны туралы жан-жақты түсінік жүргізілмеген,-деді С.Меденов.
Полиция департаменті бастығының м.а Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, жаз басталғалы бері 154 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік Кодекстің 364-бабымен жауапкершілікке тартылғандардың 48-і — ата-ана. Бұдан бөлек, жағалауда мас күйінде жүрген 54 адамға Әкімшілік кодекстің 440-бабымен 1 069 740 теңге айыппұл салынды,-деді Ә.Сейдуалиев.
Биыл жеті бала терезеден құлап, жазатайым оқиғаға ұшыраған. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті бастығының м.а Назарали Селимов өз баяндамасында айтты.
— Балалардың құлап, мертігуі ата-аналардың немқұрайлылығы мен жауапсыздығынан болып отыр. Департамент қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, күн сайын көпқабатты үйлердің тұрғындарына сақтық шараларын күшейту туралы түсіндірме жүргізіп келеді,-деді Н.Селимов.
Жиында облыс әкімі ата-аналарға профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды. Оған тек құқық қорғау органдары не әкімдіктер емес, қоғам белсенділері қатысу қажеттігі баса айтылды.
— Адамның өмірінен артық маңызды нәрсе жоқ. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұрын көшеде қайғылы оқиғалардың алдын алу туралы баннер ілініп, әлеуметтік желіде бейнероликтер тарап жүретін. Қазір оның біреуін де көрмейміз, демек әкімдіктер немқұрайлылық танытады. Мектептерде оқушыларға сынып сағатын жүргізіп, ата-аналарға замануи байланыс құралдары арқылы түсіндірме жұмыстарын күшейтіңіздер. Төтенше жағдайлар және полиция департаментімен, еріктілермен бірлескен түрде қауіпті су айдындарын анықтаңыздар. Оған полицияның жедел топтарын көбейтіп, халықты ақпараттандыруға қоғам белсенділерін де тартыңыздар. Ауылдық округтердің әкімдері ауылдағы қауіпті нүктелерде белсенді жұмыс істеуі тиіс, барлық іс — шара жүйелі және бірлесе жүргізілсін, — деді С.Шәпкенов жиналғандарға.
Бұдан бөлек, облыс әкімі жазатайым оқиғаларға талдау жүргізуді және оның алдын алу үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.