Облыс әкімінен көмек сұрап келген науқасқа қажетті құрылғы табысталды
Атырау қаласының тұрғыны Ботагөз Қошанова — ІІ топ мүгедегі. 8 жыл бойы қант диабетінен емделіп жүрген науқас үздіксіз инсулинге мұқтаж. Дәрігерлердің салғырттығынан қате ем қолданылып, ауруына ауру жамап алыпты. Ағзасы дәрі-дәрмек қабылдамай, миында ісік пен қара дақ пайда болған. Қуық сүйектері ажырап, денесін сезбейтіндей хәлге жетіпті. 17 мамырда облыс әкімінің жеке қабылдауына келген ол жүгіру жолы құрылғысын алып беруді сұрады. Тұрғынның мәселесі лезде шешімін тауып, маусымда Серік Шапкеновтың тапсырмасымен әкімдік өкілдері үйіне жаңа құрылғы орнатып берді.
-Мен облыс әкімінің жеке қабылдауына келіп, жүгіру жолы құрылғысын сатып алып беруін, аулама тал егуге ықпал етуін сұрадым. Өйткені жасыл-желек — маған алданыш. Оны суарып жүргенде ауруымды ұмытамын. Кейін араға екі апта салып, маусымда әкімдіктен қызметкерлер келіп, аулама терек егіп, мен сұраған жүгіру жолы құрылғысын құрып берді. Үзбей жаттығу жасап, аурумен күрестім. Міне, сегіз күннен бері екі аяққа тік тұрып жүрмін. Мені тастамай, анасындай көріп, осындай көмек көрсеткен облыс әкіміне, басқарма басшыларына, әлеуметтік қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Оларға абыройлы қызмет тілеймін!-деді Б. Қошанова.
Айта кетейік, өңір басшысы айына бір рет азаматтарды және заңды тұлғаларды жеке қабылдайды. Жыл басынан бері 205 азаматты жеке қабылдап, 11 тұрғынның мәселесі оң шешімін тапты. Тағы 26-на заңға сәйкес түсінік беріліп, 168-нің мәселесі бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Атырау облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін өтініштерді қарауды әкім аппаратының бақылау бөлімі жүргізеді.
Байланыс нөмірі: 8 (7122) 31-99-82