Облыс әкімі Жаңа Қаратон кентінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына қоғамдық бақылауды күшейтуге шақырды
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында аймақ басшысы Жаңа Қаратон кентінде атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасап, кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай ашық кездесулердің нәтижесі елді мекендерді дамытуға, инфрақұрылым мәселесін шешуге оң әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ, тұрғындарға кентте жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын мердігерлер сапалы жүргізуі үшін қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
— Мен барлық өңірлерді аралаған кезімде сол елді мекеннің жан-жақты дамуын басты назарда ұстайтынымды айтып жүремін. Өткен жылы Жаңа-Қаратон кентішілік ұзындығы 33 шақырым автокөлік және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Жаңа Қаратон кентіне 20 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтуде. Қорытындысын алу ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған. Бұл жұмыстың бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалады. Сондықтан қандай жобалар тапсырылса да, олар сапалы аяқталуы үшін қоғамдық бақылауды күшейтейік, — деді С.Шәпкенов.
Кездесуде тұрғындар кәріз құбырларын ауыстыру, газ құбырын тарту, көше жарығын жүргізу, ауылішілік автокөлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын салу, халықты жұмыспен қамту сынды мәселелерді көтерді.
Серік Шәпкенов жиында көтерілген сұрақтар заң шеңберінде кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Жаңа Қаратон кентінде 7 112 халық тұрады. Мұнда 2 мектеп, 1 спорт кешені, 2 балабақша, 1 амбулаториялық емхана, 1 полиция бөлімшесі және өзге де әлеуметтік нысандар бар.
Облыс әкімінің Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарымен кездесуі Жылыой ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.