Облыс әкімі Серік Шәпкенов мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесті
«Абай» атындағы оқушылар орталығында өткен кездесуге 50-ге жуық ата-ана қатысып, әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Талғат Сагитов, облыстық басқармалар басшылары, «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры да қатысып, олар тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуге қатысқан азаматтардың басым көпшілігі негізінен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Серік Шәпкенов баспана заңға сай кезекпен берілетінін түсіндірді. Сонымен қатар, шілде айынан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға, толық емес отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға арналған жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтты.
— «Отбасы банк» АҚ-мен келіссөздер жүргізіп, «Бақытты отбасы — Атырау» бағдарламасын іске қостық. Бұл бағдарлама аясында қолданыстағы үйлерді алу үшін несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Ол үшін облыстық бюджеттен ақша бөлінді. Несие 5% жылдық мөлшерлемемен 20 жылға дейін беріледі. Сіздер пәтерді жалдауға да жарымай отырғандарңызды жақсы білеміз. Сондықтан бұл бағдарлама арқылы тұрғын үй алған кезде алғашқы жарна төлеудің де қажеті жоқ. Атырау қаласынан үй алуға 18 млн теңге, аудандарда 13 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған, — деді С.Шәпкенов.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, ортопедиялық аяқ киімдердің сапасы, санаторийде емделуге ілесіп барушыға төленетін жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де сөз болды.
Облыс әкімі жиынға қатысқан ата-аналардың мәселелерін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында шешу керектігін қадап айтты.
Атырау облысының әлеуметтік қорғау саласы бойынша анықтама:
«Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес 2022 жылдан бастап елімізде мүгедектігі бар баланы алып жүретін ата-анасының біреуіне санаторийлік-курорттық емдеу құнының 70 пайызы төленеді. Облыс бойынша 1-топ мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек балалардың жанына ілесіп жүретін адамдарға санаторийге бару үшін 55 АЕК (190 мың) мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат төленіп жатыр.
Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауды қамтамасыз ететін 65 инватакси қызметі көрсетіледі.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың әлеуметтік осал тобында кезекте тұрғандарға атаулы көмек қағидаты бар. Оның аясында тұрғын үйді жалға алғандарға 50%-ын мемлекет, 50%-ын жалға алушы төлейді.
Өтініш берушілер үшін мына талаптар қойылады: соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын жиынтық табысының болуы (1 ПМ- 40 567 теңге). Еңбекке ақы төлеу түрінде алынатын кірістер, еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрі, кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстар есептелінеді.